Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында Қазақстан Республикасының халық әртісі Роза Рымбаеваның концерті болып өтті. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған шара облыс әкімінің қолдауымен ұйымдастырылды. Аймақ басшысы Бақытжан Сағынтаев концертті көпшілікпен бірге тамашалады.
Қазақ эстрадасының жарық жұлдызы, «Парасат» орденінің иегері Роза Рымбаеваның киелі сахна төрінде өнер көрсетіп жүргеніне биыл 35 жыл толып отыр. Әнші бұл кеште Павлодар облыстық симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен қазақтың халық әндерін, сондай-ақ, отандық және шетелдік композиторлардың шығармаларын орындады.
Қалалық мәдениет сарайының төрінде сонымен қатар «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты, күйші Айбек Бекбосынов өнер көрсетіп, жұртшылықтың құрметіне бөленді.
Өз тілшіміз.

