Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінде тарихи жерлер мен ескерткіштерді қорғау күніне орай «Даланың мәңгі сақшылары» атты шара ұйымдастырылды. Оған аймағымыздың тарихшылары, студент жастар мен музей қызметкерлері қатысты.
Тарихи-өлкетану музейінің директоры Гүлнәр Нұрахметова ата-бабаларымыздан мұра болып қалған тарихи ескерткіштерді қорғау - әр азаматтың парызы екенін тілге тиек етті. Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының оқытушысы, тарихшы Тимур Смағұлов жиналған қауымға Ертістің Павлодар өңірінде жүргізілген зерттеу экспедициясы барысында табылған археологиялық және сәулет өнерінің ескерткіштері туралы айтып берді.
- Аймағымызда 9-11-ғасырлардағы қыпшақ халқының ғана емес, түркі халықтарының мәдениеті мен салт-дәстүрлері және өнерінен сыр шертетін құнды жәдігерлер табылды. Іздестіру жұмыстары барысында Кенжекөл ауылының маңынан қыпшақтардың молалары мен ескі қорғандары кездесті. Тарихи жәдігерлер қатарында алтын, күмістен жасалған зергерлік бұйымдар да бар, - деді ол.
Шара барысында «Даланың мәңгі сақшылары» атты деректі фильм көрсетіліп, түркі халықтары жайлы театрландырылған қойылым көрсетілді.
А.ЕСІМХАНОВА.

