ОБЛЫСТЫҚ ҚАЗАҚ ТЕАТРЫ ТАРИХЫНАН...

Ел еңсесін көтеріп, биіктетер құбылыстардың бірі - оның тарихы, мәдениеті, өнері екені белгілі. Павлодар облыстық мемлекеттік мұрағатында Ертістің Павлодар өңірі тарихының әр кезеңінен сыр шертер ҚР Ұлттық мұрағат қорының құнды құжаттары сақталуда. Бұл құжаттардың өткен тарихымызды саралап зерделеуде, оқып үйренуде және болашағымызды болжауда дерек көзі ретіндегі мән-маңызы өте зор.

Былтыр облысымыздың шоқтығы биік мәдениет ошағы, қазақ өнерінің дамуына айшықты үлесін қосқан Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалы-драма театры өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өткен болатын. Тарихқа көз жүгіртсек, өнер ордасы облыстық атқару комитетінің 1990 жылғы шешіміне сәйкес құрылды.

Алайда, аймағымызда қазақ театрының ашылуы мен дамуының түп-тамыры өткен ғасырдың сонау 30-шы жылдарынан бастау алатынын көбі біле қоймас. Сондықтан мұрағат қорында сақталған құжаттар бойынша әзірленген маңызды деректерді ұсынуды жөн көрдік.

Өңіріміздегі қазақ театры1938 жылдың 17 қаңтарында, яғни облысымыздың құрылуымен бір мезетте қазақ драмалық көркемөнерпаздар үйірмелері негізінде құрылды. Мұрағатта театрдың тұңғыш директоры болған Н.Мақышовтың 1939 жылғы 5 сәуірде ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Павлодар облысы бойынша ұйымдастыру комитетіне жолдаған қызметтік хаты сақталыпты. «Мен осыдан екі жыл бұрын Павлодар қаласында театрға тәні жақын, театр сүйер адамдарды жинап, қазақ драмалық көркемөнерпаздар үйірмесін ұйымдастырған едім. Сол жылдары жергілікті билік орнында отырған кейбір азаматтар осы үйірменің жұмысына барынша кедергі жасауға тырысты. Үйірме әртістері екі жыл бойы ақысыз, ғимаратсыз ашық аспан астында жұмыс жасады. Осындай қиыншылықтарға қарамастан, үйірмешілер колхозшыларға 100-ден астам әртүрлі қойылымдар мен концерттер көрсетті. Театр болып құрылғаннан бергі бір жыл ішінде оның театр ретінде нығайып, дамуында үлкен қадамдар жасалынды» деп хатта жазылған.

Өнер ордасы бастапқы кезде 1-2 актілі пьесалармен қатар, ірі туындыларды қою ісімен де айналыса бастады. Мысалы, театрдың 1941 жылғы репертуарлық жоспарында Ғ.Мүсіреповтің «Қыз-Жібек», Қозы Көрпеш - Баян Сұлу», М.Әуезовтің «Айман-Шолпан», «Еңлік-Кебек, Ә.Әбішевтің «Отан үшін» пьесалары болған. Сол жылы театр әртістері қойған 246 спектакльді сахналаған. 1939 жылғы 25 қаңтарда ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Павлодар облыстық қазақ драма театрының бір жылдығын атап өту» жөнінде шыққан Қаулысына сәйкес сол жылы қазақ театрының алғашқы төл мерекесі аталып өтті. Мереке аясында қойылымдарға сахналық костюмдер тігіліп, декорациялар дайындалды, сондай-ақ қажетті құрылғылар сатып алынады.

Жиырмасыншы ғасырдың 40-шы жылдары театрдың берік шығармашылық діңгегінің қалыптасуымен айшықталды. Театр сахнасында өнер көрсеткен ҚазКСР-ның еңбек сіңірген әртісі, көркемдік жетекші - Н.Атаханов, бас режиссер - Х.Хамзин және  А.Шәкіров, К.Хамзина, Х.Бекова, А.Беков, Г.Салықова, К.Шәкірова, С.Досалина, К.Тоқаев, М.Момынбекова сынды драма әртістері мен өнер ұжымына жаңадан қосылған әртістер де көрерменнің ыстық ықыласына ие болды.

Ел басына орны толмас қайғы-қасірет әкелген сұрапыл Ұлы Отан соғысы  театр өміріне көп өзгерістер әкелді. Әртістердің бірқатары майданға аттанды. Мұрағаттық деректерге сүйенсек, Отан алдындағы парызын өтегендер қатарында Ж.Төлегенов, О.Жолдасов, Х.Дүйсенов, Н.Атаханов, Ә.Кәрімов, С.Мақажанов тағы басқа әртістер болды. Театр ІІ дүниежүзілік соғыс жылдарының әкелген қиындықтары мен ауыртпашылыққа қарамастан, өз жұмысынан қол үзген жоқ. Олар тыл еңбеккерлері, жұмысшылар мен колхозшылардың басын біріктіріп, «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін» ұранымен тер төгіп, еңбек етті. Бұл тарихи сәт туралы Павлодар облыстық партия комитетінің Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне театрлар жұмысы және театр әртістерін өнер ордасының бес жылдығына орай марапаттау жөніндегі хатта: «Павлодар облысы - Ұлы Отан соғысы жылдары театр мекемелерін тек сақтап қана қалмай, олардың өрісін де кеңейтті. Ұлы Октябрь революциясының 27-жылдығына орайластырып, облыстық қазақ драма театрының бес жылдығын атап өтпекшіміз. Осыған байланысты облыстық партия комитеті Сізден ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының алдында облыстық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі Н.Атахановқа, жетекші әртіс Рахымбаеваға, әртістер Батабаева мен Шәкіровке ҚазКСР-ның еңбек сіңірген әртісі атағын беру; әртістер Баталов, Қабылғазин, Тоқаев, Мұхаметжанов, Жұмабеков, Есжанов, Нұрмағамбетованы ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасымен марапаттау жөніндегі өтінішімізді қолдауыңызды сұрайды» делінді.

1942 жылы облыстық қазақ драма театрының ғимараты Украинаның Харьков қаласынан келген жасөспірімдер театрына, сосын өнеркәсіп кәсіпорынына берілді. Сөйтіп, іргелі ошақ жұмысын облыстың аудандары мен шалғайдағы колхоз, совхоздарында ғана жүргізуге мәжбүр болды. Мұрағатта сақталған театрдың 1942 жылғы жұмысы жөніндегі есебінде облыстық қазақ драма театры қаражаттық жоспарын толық орындамағаны, алайда егістік пен егін жинау науқандарында спектакльдер көрсету жоспарын өтегендігі туралы айтылды. Онда қаражаттық жоспардың орындалмау себебі де көрсетілген. Театр мекемесінің батыстан көшірілген кәсіпорындарға берілуі және бірқатар әртістердің майданға шақырылуы - жоспардың дер кезінде орындалмауының негізгі себебі болды. Дегенмен, шығармашылық ұжым жергілікті көркемөнерпаздар үйірмелерінен тартылған жастар мен соғыстан жараланып келген әртістер есебінен толықты.

«Павлодар облыстық қазақ драма театрының 1943 жылға қаражаттық кіріс жоспары толық орындалмай қалды. Оның негізгі себебітеатрдың қалада тұрақты орнының болмауы. Театр өз спектакльдері мен концерттерін көрермендерді толықтай қамти алмайтын 200 орынға арналған затон клубында, 216 орынға есептелген қазақ мемлекеттік филармониясында қойып жүр, сонымен қатар жылудың, отынның болмауы да осы мәселеге кері әсерін тигізді. Егер жылу болғанда театр затон клубын толықтай пайдалана алар еді. Өйткені, олармен айына 15 күн клубта спектакльдер қоюға келісім-шарт жасалған болатын. Ал шын мәнінде театр онда небары 3-4 күн ғана жұмыс істей алды», – деп Павлодар облыстық атқару комитетінің өнер істері жөніндегі бөлімінің 1943 жылғы жұмыс есебінде баяндалды.       

Қиын-қыстау кезеңге қарамастан, 450 орынға негізделген театрдың жаңа ғимараты салына бастайды. Құрылыс 1942 жылы қалалық бақтың аумағында басталады. Мемлекеттік мұрағат қорында театр ғимаратының құрылысы әлі аяқталмағаны, кұрылысқа арналған құрылыс материалдары басқа шаруашылық қажеттіліктеріне жұмсалғаны туралы деректер сақталған. Жаңа ғимараттың салынуы 1945 жылы Октябрь революциясының 28 жылдығы қарсаңында ғана аяқталды.

Мұрағаттың 1945 жылғы 1 қаңтардағы деректері сол жылы облыста тек бір ғана театр – облыстық қазақ драма театры болғандығын дәлелдейді. Соғыстан кейін Павлодар облыстық қазақ драма театрының негізінде облыстық бірлескен қазақ-орыс драма театры құрылады. Аталмыш драма театрдың ашылу салтанаты 1945 жылғы  6 қарашада театрдың жаңа ғимаратында өтті. 1945 жылғы жаңа маусымда «Қобыланды», «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Амангелді» пьесалары сахналанды. Бұл жыл – театр тарихында маңызды оқиғалар мен ұжымның көптеген қол жеткізген жетістіктерге толы болды. Бұл туралы Павлодар облыстық атқару комитетінің өнер істері жөніндегі бөлімнің 1946 жылғы қызметтік есебінде: «Театрдың творчестволық ұжымының аса  үлкен жетістігі ол – режиссер жолдас Хамзиннің сомдауындағы Гогольдің «Ревизор» және жолдас Атахановтың сомдауындағы Симоновтың «Русские люди» пьесаларының қазақ тіліне классикалық деңгейде аударылып койылуы болды. Бұл театр мүмкіншілігінің қаншалықты жоғары екендігін көрсетіп отыр», – деп жазылды.

1947 жылы бірлескен қазақ-орыс драма театрының ғимараты толықтай жанып кетеді. Театр сол кездегі облыстық филармонияның бұрынғы ғимаратына көшуге мәжбүр болады. Жергілікті және жоғарғы билік органдарының қолдауымен осы жылдың 6 қарашасында бірлескен қазақ-орыс драма театрына «Октябрь» зауытының клубы күрделі жөндеуден өткізіліп, қолданысқа тапсырылады.

Бірлескен театрдың қазақ труппасы өзінің 1947-48 жылдарғы қысқы маусымын жаңа ғимаратта Ш.Құсайынов пен Пинчевскийдің «Алдар-Көсе», Ә.Әбішевтің «Достық пен махаббат» пьесаларымен ашты. «Алдар-Көсе» спектаклі өзіндік нақышымен ерекшеленіп, әсерлі әрі сәтті шықты. Театр ұжымы және қоюшы режиссер Н.Атаханов алғаш рет музыкалық комедияны сомдай отыра, өздерінің алға қойған мақсаттарына толықтай жеткен», - деп ҚазКСР Министрлер Кеңесінің өнер істері жөніндегі басқармасының бөлім бастығы Х.Әбілғазиновтың Павлодар облыстық бірлескен драма театрының жұмысын тексеру қорытындысы жөніндегі 1947 жылғы тұжырымдамасында айтқан. Осы құжатта театрдың кадр мәселесі жөніндегі тұсында былай деп көрсетелген: «Облыстық бірлескен театр ұжымының құраманда өте жоғары  білікті творчестволық мамандар бар. Қазақ труппасы бойынша А.Шәкіров, Н.Атаханов, Х.Хамзин, К.Хамзина, Х.Бекова, А.Беков, Г.Салықова, К.Шәкірова, С.Досалина, К.Тоқаев, М.Момынбекова сияқты әртістерді атауға болады. Театр тәрбиелеген жастар ішінде аса талантты әртістер – К.Әбдікәрімова, С.Мақажанов, Е.Есжанов, З.Торғақов. Бұл әртістер өздерінің қажырлы да, ұзақ жылғы еңбектерінің арқасында аса қызықты да, мазмұнды образдар жасады». 1938-1948 жылдар аралығы - облыс орталығындағы қазақ драма театры үшін оның қалыптасып, дамып, гүлденіп өсу кезеңі болған.

Міне, дәл осы сәтте, Павлодар облыстық атқару комитеті облыстық бірлескен драма театрдың жаңа ғимаратында тек орыс труппасын қалдыру жөнінде шешім қабылдайды. Сөйтіп, облыстық қазақ драма театры таратылады.

Осы уақыттан бастап облысымыздағы қазақ театрының даму тарихында аса ауыр кезең басталды. «Міне, екі жыл бойы қазақ колхоздық-совхоздық театры жылжымалы жағдайда болғандықтан, оның жұмысы үшін тұрақты мекенжайы – ғимараты жоқ. Бұл спектаклдердің сапасы мен көркемдік кұндылығына кері әсер етіп отыр. Театрдың жылжымалы күйге ауыстырылуы бірқатар білікті әртістердің басқа жұмыстарға кетуіне мәжбүр етті. Қазіргі кезде театр білікті мамандарға мұқтаж болып отыр. Смета бойынша жылжымалы театр үшін оның жұмысына ауадай қажет сахна машинисі, реквизитор, костюмер, шаштаразшы, суретші секілді техникалық қызметкерлер көзделмеген. Оның үстіне ұдайы гастрольдік сапарларда болуға мәжбүр болғандықтан, декорациялар, костюмдер, бутаформалар жарамсыз болып қалды, ал оларды жаңадаң алуға қаражат жоқ. Мұндай  жағдай жаңа спектакльдер тұрмақ, бұрынғы дайындалған спектакльдердің де қойылуын өте қиындатып отыр», – деп облыстық өнер мекемелерінің 1949 жылғы жұмысы жөніндегі есептік ақпаратта айтылған.

1948 жылдан бастап қос театр мемлекеттік дотациядан алынып, өзін-өзі қаржыландыруға көшкен болатын. 1949 жылы қазақ колхоздық-совхоздық театры облыстың барлық аудандарымен қатар, Көкшетау облысының да бірқатар колхоздарында болып, жоспарланған 250 спектакльдің 188-і ғана көрсетіліп, нәтижесінде 1949 жылдың өндірістік-қаражат жоспары толық орындалмай қалады. Осыған байланысты театр бюджетке қарыздар болып қалады.

Қазақ театрының жағдайы бұдан кейінгі жылдары да өте ауыр халде қала береді. Мемлекеттік мұрағатта театр директоры Х.Хамзиннің Павлодар облыстық партия комитетінің хатшысы Б.Білеубаевқа, облыстық атқару комитетінің төрағасы К.Дияровқа 1950 жылы жолдаған баяндау хаты сақталыпты. Жан айқайы сезілгендей осы бір хатта: «Қазіргі уақытта Павлодар қазақ театры ұжымының материалдық жағдайы тым ауыр, әрі күрделі екендігі сіздерге белгілі. Театр әртістері міне, екі ай бойы өз еңбекақыларын ала алмай жүр. Олар өздерінің жеке заттары мен үй мүліктерін сатуда. Кейбір әртістер және олардың отбасыларында осы материалдық қиыншылықтардың салдарынан науқасқа ұшырағандары да бар. Осыған байланысты кейбір әртістер аудандарға гастрольдерге барудан бас тартса, кейбірі бұдан әрі театрда жұмыс істеуден бас тартып отыр» деген.

Өткен ғасырдың 50-ші жылдарындағы қазақ театрының мүшкіл жағдайын театрдың директоры, әрі режиссері Х.Хамзиннің 1954 жылдың қазанында облыстық партия комитетінің хатшысы М.Золотухинге жолдаған хатынан да көруге болады. Хатта былай делінген: «1948 жылдан, яғни облыстық қазақ драма театрының жылжымалы колхоздық-совхоздық театрға айналғанынан бергі осы уақытқа дейін оның творчестволық, әкімшілік-шаруашылық жұмыстарын ұйымдастыратын орыны – баспанасы жоқ. Осының салдарынан жылдан-жылға театрдың өндірістік-қаржылық жоспарлары орындалмай келеді. Театрға облыс орталығынан баспана беру мәселесін жергілікті билік органдарының алдында бірнеше рет көтердік. Бірақ, бұл мәселе әлі шешілер емес. Сондықтан сізге өтінішім: бұдан былайғы уақытта театрдың репертуарлық және қаржылық жоспарларының орындалып, творчестволық және шаруашылық жұмыстарын жүргізу үшін театрға ғимарат бергізу; КСРО және ҚазКСР үкіметтері алдында Павлодар колхоздық-совхоздық театрын 3-ші белдік театрлар деңгейіне ауыстыру жөніндегі мәселені көтеру».

Алайда,  облыста қазақ өнері мәдениетінің дамуы үшін зор маңызға ие болған бұл мәселе ұзақ жылдар бойы өзінің оң шешімін таппады. 1955 жылғы 11 маусымда Павлодар облыстық атқару комитетінің шешіміне сәйкес, «көркемдігі құнсыз, шаруашылығы жағынан өзін өзі ақтай алмады» деген негізде өңірдің жалғыз қазақ театры жабылды.

Тек еліміз егемендігін алып, тәуелсіздікке қол жеткізген тұста ғана, араға 35 жыл салып, Павлодарда қазақ театры шаңырағын қайта көтеріп, міне, 20 жыл бойы халқымыздың рухани азық ордасы болып келеді. Өткенсіз бүгін жоқ, бүгінгісіз ертең де болмақ емес. Демек, өткен тарихымызды зерделеу, саралау ол – бүгінгі күніміздің қадір-қасиетін, бағасын ұғынып, егеменді еліміздің ертеңгі болашағын дұрыс бағдарлау, болжау үшін қажет.

Қаншайым МАҚАЖАНОВА,

Павлодар облыстық мемлекеттік мұрағатының директоры.  

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Мамыр 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 26 27 28 29
30 31