18 мамыр халықаралық музейлер күніне орай облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде «Қымызмұрындық» мерекесі ұйымдастырылды. Ата-бабадан қалған дәстүрді жаңғыртуға музей қызметшілері белсене атсалысты.
«Қымызмұрындық» қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрі. Ол бие байлап, алғашқы қымыз ішу тойы. Құлын байланып, бие сауылып, оның сүті қорланып ашытылған соң екі-үш күн бойы жиналған қымызға ақсақалдар мен көрші-қолаңдар шақырылады. Жиналғандар: «Көкке ауыз тиіп, бүйірі шыққан малымыз, аузымызды ақтан айырмасын»,- деп бір-біріне қайырлы болсын айтады. Дәл осындай негізде өрбіген «Қымызмұрындық» мерекесіне «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының өкілдері, белгілі қолөнер шеберлері мен жергілікті ақын-жазушылар қатысты. Шарада Қазақстан Мұсылман әйелдері лигасының облыстық филиалының төрайымы Зара Қожахметова қымыздың қадір-қасиеті жөнінде баяндаса, қолөнердің хас шебері Бақыт Сағындықов қымыз ішуге арнайы қолданылатын өз қолымен жасаған тұрмыстық заттар турасында мағлұмат берді. Сондай-ақ, кеште «Келін түсіру», «Беташар» дәстүрлері көрсетілді. «Жеті саз» ансамблі, Раушан Ерасылова, Алмас Жәлелов пен Әсет Шоқанов қазақтың дәстүрлі әндерін әуелете шырқады. Қонақтарға қымыз бен бауырсақ таратылды. Бірқатар музей қызметшілері «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының Алғыс хаттарына, облыстық мәдениет басқармасының марапаттарына ие болды. Ұлттық дәстүрді жаңғыртуға арналған кеш мазмұнды өтті.
Фархат ӘМІРЕНОВ.

