Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театрының шығармашылық ұжымы өз көрермендеріне кезекті премьералық қойылымын ұсынды. «№13», «№99 оқиға», «Беспорядок» немесе «Шытырман оқиға»... Бұлар - ағылшын драматургі Рей Куни спектаклінің атаулары. Осы пьеса сенбі күні өңіріміздегі қазақ театрының төрінде сахналанды.
Ағылшын драматургі әрі әртісі Рей Кунидің «Шытырман оқиға» атты спектаклі өнер ордасының жиырма бірінші маусымы тарихында айрықша орын алады деуге негіз бар. Олай дейтініміз, ТМД елдерінде үлкен беделге ие осы спектакль еліміздің қазақ театрлары сахнасында алғашқы рет қойылуда. Спектакльдегі басты рольдерді ҚР Мәдениет қайраткерлері - Дінмұхаммед Ұябай, Мұхтар Байжұманов, Бейбіт Шәнім, ҚР Тұңғыш Президенті Қорының лауреаттары Руслан Нығманов, Ербол Абжалов және Жанерке Хасенова сомдады. Қоюшы суретшісі – Рысбек Стыбаев. Пьесаны орыс тілінен аударған – Айсұлу Ысқақова.
«Шытырман оқиға» комедиясы Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының түлегі, ҚР халық әртісі Маман Байсеркеновтің шәкірті Еренбақ Тойкеновтің дипломдық жұмысы болып табылады. Жас режиссер осы уақытқа дейін аталмыш спектакльді семейлік өнерсүйер қауым назарына ұсынған екен. «Семей қаласындағы Абай атындағы қазақ музыкалық драма театрында осы спектакльді «№99 оқиға» атауымен қойдық. Бастапқыда, қойылым семейлік қауымның көңілінен шыға ала ма деген сауал төңірегінде уайымдағаным рас. Дегенмен, халық жақсы қабылдап, жоғары бағалады. Театрға жиналған жамағат спектакльден кейін 20 минуттай қол соғып, қошемет білдірді», - дейді режиссер. Е.Тойкенов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен сұхбаттасу барысында Ж.Аймауытов театрының ұжымына ризашылығын жеткізді. «Шытырман оқиға» комедиясын бір айда дайындап шықтық. Павлодарлық өнер ұжымы жылы қабылдады. Баршамыз аянбай еңбектендік», - деді ол.
Талғампаз көрерменнің ыстық ықыласына бөленген премьералық спектакль Ұлыбританияда орын алған 80-жылдардағы оқиғадан сыр шертеді. Е.Тойкеновтің айтуынша, қойылымды сахналаудағы басты мақсат – жұртшылықты күлдіру арқылы қоғамдағы келеңсіз оқиғалар мен адамгершілік құндылықтардың жоғалып бара жатқаны турасында ой салу. Аталмыш «шытырман» оқиға қонақүйде орын алған. Премьер-министрдің саяси кеңесшісі қызметін атқарып жүрген Ричард Уилли есімді адамның жұмысына қауіп төнуде. Кешкі отырысқа баруды сылтауратып келген Р.Уилли өзінің ашынасымен қонақүйге келген сәтте бөлмесінің терезесінде өлген адамның мүрдесі жатқанын байқайды... Қызықтың барлығы осы жерден басталады. Бір сөзбен айтқанда, спектакль детектив жанрының қырлары мен мистиканы тоғыстырған шытырман оқиғаларға толы. «Шытырман оқиға» қойылымының екінші премьерасы үстіміздегі жылы 11 маусым күні өтеді.
Ақмарал ЕСІМХАНОВА.
Суреттерді түсірген Дастан Қапаев.

