Павлодар қаласындағы Ленин саябағында «Замандас» қоғамдық қоры мен облыстық салауатты өмір салты, сондай-ақ «Колос» балалар мәдени ойын-сауық орталықтарының мұрындық болуымен «Жас - биге кедергі емес!» атты би марафоны өтті.
Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы ақпараттық секторының меңгерушісі Надежда Кучеруктің айтуынша, алғаш рет ұйымдастырылған би марафонына 58-65 жас аралығындағы 16 әже қатысуға ниет білдірген. Айта кетерлігі, «Замандас» клубының мүшелері осы би шарасына қатысу ұсынысын қуана-қуана қабылдап, қолдау көрсеткен.
Шараға қатысқан әжелер өздерінің зейнеткерлік жасына қарамастан, салауатты өмір салтын өмірлік серігіне айналдырғанын дәлелдей түсті. Марафонда «Колос» балалар және мәдени ойын-сауық орталығының тәрбиеленушілері де өнер көрсетті.
Шара еркін сайыс түрінде өтті. Қатысушылар байқаудың «Таныстыру», «Жанрлық сайыс» және «Супер кәсіби биші» бөлімдері бойынша өзара бақ сынады. Сайыс бөлімдері барысында қазақ, орыс және украин халықтарының ұлттық билерін орындап, қала тұрғындарын тәнті етті. «Замандас» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қабидолла Шәкәрімов: «Шараға қатысқан-дардың өнеріне тәнтімін. «Замандастықтардың» осындай жігерлі істері мен өмірге деген құлшынысы келер ұрпаққа үлгі болады деген сенімдемін», - деді.
Қазылар алқасының шешімі бойынша «Биші-диско» аталымы бойынша Светлана Фирсова, «Үздік би» аталымы бойынша Людмила Халявка және «Көрермендер көзайымы» аталымы бойынша Кенжетай Жанұзақова марапатталды. Ал қарсыластарына дес бермеген Бәтия Сәбитова сайыстың бас жүлдесіне ие болып, жеңімпаз атанды. Бәтия Ахметқызы би өнеріне бір табан жақын тұратынын жасырмайды. «Жас кезімнен ширақ қимыл мен ырғақты қозғалысқа әуес болдым. Қазір 72 жастамын. «Замандас» клубының арқасында сүйікті ісіммен айналысуыма тамаша мүмкіндік туды. Клуб жанындағы хордың солисімін», - дейді жеңімпаз.
А.ӘДІЛБЕК.

