Таяуда республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында Павлодар қаласындағы №17 көпшілік кітапханада жазушы, драматург Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романына арналған «Ақбілек - өмірдің арнасы» атты оқырмандар конференциясы өтті. Шараға студенттер мен мектеп оқушылары қатысты.
Конференция барысында аталмыш кітапхана қызметкерлері қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік шығармалардың бірі «Ақбілек» романының мазмұны, ондағы оқиға желісі жөнінде әңгімелеп берді. Айта кетерлігі, қазақ оқырмандарына кеңінен танымал бұл романды Жүсіпбек Аймауытов Алтай аймағына, дәлірек айтқанда Күршім мен Марқакөл аудандарын жалғастырған Қалғұты бойына сапарға шыққанда жазған екен. Онда аласапыран жылдардағы ауыл өмірінің шындығы, адамдар тағдырындағы өзгерістер көрініс тапқан.
Шарада романнан үзінді оқылып, ондағы кейіпкерлердің тағдырлары талқыланып, оқырмандарға сұрақтар қойылды. Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының студенттері Айсұлу Нагам, Қуанышбек Шәріпов, Райысбек Үнбетбек конференцияға белсенді қатысып, әдебиетті сүйіп оқитындықтарын көрсетті.
Н.АҚЫТЕГІ.

