ҚАРАЖАРДАҒЫ ТАРИХИ ЖӘДІГЕРЛЕР – БАБАЛАР БОЛМЫСЫНЫҢ АЙҒАҒЫ

     Екібастұз ауылдық округіне қарасты Қаражар ауылы біраз жылдан бері археологтарды қызықтырумен келеді. 2006 жылдан бастап Ә.Марғұлан атындағы археология институты және Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының Тимур Смағұлов бастаған археологиялық экспедициясы осы жердегі қызықты ортағасырлық ескерткіштер топтамасында қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. Биылғы зерттеу жұмыстары да айтарлықтай нәтижелі болып отыр. Осы ескерткіштермен танысу мақсатында қаламыздағы тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен журналистер тобы және «Жас Отанның» бірқатар мүшесі «KEGOK» кәсіпорны ұсынған көлікпен барып қайтқан еді.
     Қаражардағы қазба жұмыстарына павлодарлықтармен бірге Екібастұз тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Талғат Айлыбаев, №7 гимназия-мектептің бір топ оқушысы да қатысты. Табылған тарихи жәдігерлермен бізді экспедиция басшысы Тимур Смағұлов таныстырды.
Біз көрген алғашқы ескерткіш - айналасы дөңгелете қазылған қорған. Бұл жерден жылқысымен бірге жерленген адам қаңқасы табылған. Тимур Нұрланұлының айтуынша, бұл – жауынгердің тоналған қабірі. Тоналған деген тұжырым жасауға адамның және онымен бірге көмілген жылқы сүйектерінің шашыла жатқаны себеп болып отыр.
     - «Жерлеу рәсімдеріне қарап, бұл қорғанды XIV ғасырдың бірінші жартысына – Алтын Орда дәуіріне жатқыздық. Қайтқан адамды бұлайша жерлеу, негізі, Х-ХІІ ғасырлардағы қимақ-қыпшақ дәуіріне де тән болған. Атымен бірге жерленгеніне қарап, бұл адам жауынгер болған деген тұжырым жасадық. Жалпы, бұл қорымнан ислам дінінің әсері байқалады. Яғни, ислам діні жаңа ене бастаған, қыпшақ кезеніңдегі пұтқа табынушылық пен тәңіршілдіктен исламға, жалпы кейінгі қазақ мәдениетіне ойыса бастаған кезең. Қабірді қоршап қазылған орда, мал сүйектері көптеп табылғанына қарағанда, өлген адамның рухына арналып осы жерде ас берілгенге ұқсайды», - деп түсіндірді табылған қабірдің мән-жайын Тимур Смағұлов.
    Осы жерден қазылған келесі бір қабірдің құрылысы тіпті қызық. Әзірге бұл қабір соңына дейін қазылып болмағандықтан, адам қаңқасы әлі табылмапты. Лақаттап қазылған қабір іші бірнеше қабат болып қызыл кірпішпен өрілген. Алғашқы қорған дөңгелекше болса, бұл қорған төртбұрышты. Қабірдің бас жағында тақтатас та бар. «Бұл – осыдан 500 жыл бұрын, яғни ХV ғасыр, Қазақ Хандығы дәуірінің бас кезінде өмір сүрген адамның қабірі»,- деген болжам жасауда археологтар.
    Үшінші қорғаннан басы батысқа қаратыла жерленген адамның сүйегі табылған. Археологтар мәліметіне қарағанда, бұл – егде жастағы ер адам. Оның аяқ жағынан 2 аттың бас сүйегі қазылып алынған. Бұл қайтқан адамға құрбандыққа шалынған малдың сүйегі болса керек. Сондай-ақ, қабір ішінен ұсақ малдың сүйегі шыққан. Демек, дүниеден өткен адамға қажет болады деген оймен марқұмның қабіріне тамақты да көмген. Табылған ағаш қаңқаларға қарағанда, жерлеуге табыт есебінде жұқа тақтай қолданылыпты. «Бұл қабірден де ислам дінінің жұрнақтары байқалды. Жалпы, Қаражардан табылған қорғандар – біз Ертіс өңірінен бұрын-соңды кездестірмеген сирек ескерткіштер. Бізді әсіресе, қабірлердің ішкі құрылымының күрделілігі таң қалдырды»,- дейді Тимур Нұрланұлы.
  Қаражардағы тағы бір назар аударарлық ескерткіш – аумағы үлкен кесененің орны. Кесененің кірпіш қабырғаларының бір бөлігі бүгінгі күнге дейін бұзылмай жеткен. Оған жақын жерден табылған кірпіш және сылама (бояу) әзірлейтін шеберхана қалдықтары ата-бабаларымыздың айналысқан кәсібінен, мәдениеті мен білімінен хабар беретіндей.
   Бұл жерден табылған тақтатастардың көк бояуға малынғаны байқалады. Ал ол бояуды жасаудың өзіне мыс, қалайы, тағы да басқа металдар пайдаланылған. Арнайы пештерде балқытылған металдардан алынған қоймалжың бояумен тақтатас және басқа да материалдарды әсемдеп, көркемдеген. Бояуды құрылысқа пайдаланса, ол алыстан көз тартатынын білесіздер. Демек, бұл жерде хандар жерленген және солардың кесенелерін салғанда бояу әзірленген деп айтуға әбден болады. Байқасаңыздар, мұндағы тақтатастардағы көгілдір бояу 500-600 жылдан бері сақталып келеді, оларды жауын да, қар да өшіре алмаған. Меніңше, біз қазіргі құрылыстарға арзанқор, сапасыз бұйымдарды қолданғаннан гөрі, ата-бабаларымыз игерген көне әдіс-тәсілдерді пайдалануымыз керек,- дейді Тимур Смағұлов.- Бұл жердегі шеберханада арнайы технологиямен аса сапалы кірпіш өндірілгендігінде сөз жоқ, бұған әлі күнге дейін сақталған кірпіш қалдықтары мен өзі қираса да, қаңқасы қалған пештер куә. Егер ХVІІІ-ХІХ ғасырларда адамдар өз қолымен қиратпаған болса, бұл кірпіштен соғылған ғимараттар осы күнге дейін сақталар еді.
    Шеберхана орны шынымен де бұл жерде кірпіш пен басқа да құрылыс заттарының жоғарғы деңгейде өндірілгенін айқындайды. Өйткені кірпіш арнайы қоймалжыңнан әзірленіп, қалыпқа салынып кептірілетіні белгілі. Сондай-ақ кірпішті күйдіру үшін қызуы өте жоғары пеш керек. Пешті салу да, жағу да білікті маманды қажет етеді. Ендеше, ата-бабаларымыз солардың бәрін меңгере білген ғой. Бұл жерде бояу өндірілгені жөнінде де айттық. Бояу үшін қажетті металдар да алыстан арбаланбай, жақыннан дорбаланған болар. Демек, біздің бабаларымыз геологтың да, кеншінің де, құрылысшының да, сәулетшінің де білімін меңгеріп, кәсібін нәсібіне айналдырғанына мына ескерткіштер ешбір шүбә келтірмейді
    - Әулиекөл маңындағы қазба жұмыстары тарихқа басқаша қарауға мүмкіндік берді,- дейді Тимур Смағұлов осы сөздерді растап. – Бұл шеберхана – ортағасырлық мәдениетті сипаттайтын ерекше ескерткіш. Бұл жәдігер – қазақ халқының ерекше өнер мен білім, кәсіп иесі болғандығының белгісі. Дәл осы жерден біз балық сүйектерін, балық аулайтын құрал бөлшектерін де таптық. Осыдан соң қазақтар балық аулай білмеген деп кім айта алар? Археологтардың болжауынша, кірпіш және бояу шеберханасында отынға қайың және басқа ағаштар пайдаланылыпты. Сондай-ақ, қайыңнан жасалған бөренелер жерлеу рәсімдеріне де қолданылғаны белгілі болды.  

Жанаргүл ҚАДЫРОВА,
Екібастұз қаласы.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Тамыз 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
            1
2 3 4 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31