Жуырда Павлодар қаласындағы «Достық үйінде» белгілі әнші Кенжеғали Мыржықбаевтың қайырымдылық концерті болып өтті. Әншінің өнерін тамашалаған павлодарлықтар әуезді ән тыңдап, рухани байып қайтты. Кешке облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова мәртебелі қонақ болып қатысты.
Қазақстанның белгілі әншісі қайырымдылық концертті «Дударай-ай» әнімен бастады. Одан кейін академик Ахмет Жұбановтың «Қарлығаш» әнін әуелете шырқаған ол көрермендердің жүрегіне бірден жол таба білді. Сонымен қатар орыс, украин, француз тілдерінде де ән шырқаған әншінің өнеріне көрермендер қанық болып, құрмет көрсетті. Келесі кезекте семейлік әнші Қ.Шаңғытбаевтың сөзіңде жазылған «Әйтеуір, сол қыз бір сұлу», Т.Молдағалиевтің «Әнім сен едің», атақты әнші-сазгер Жаяу Мұсаның «Ақ сиса» және Тұрдықылыш Еспаевтың «Нурикамал» әндерін әуелете шырқады. Бас-аяғы он бестен аса ән орындаған Кенжеғали Мыржықбаев қайырымдылық концертті Абайдың «Көзімнің қарасы» әнімен аяқтады.
Кеш соңында облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова әншіге шығармашылық табыстар тілеп, ақ тілегін жолдады.
Фархат ӘМІРЕНОВ.

