жауапты органдар құлақ асты
Естеріңізде болса, үстіміздегі жылдың бесінші тамызында облыстық «Сарыарқа самалы» газетіне Баянауыл ауданы Күркелі ауылының тұрғыны Бақтыгүл Мүрсәлімовадан жарты жылдан астам уақыт жалақыларына зар болып отырған ауылдастарының халі баяндалған хат келіп, оның мәтіні «Жалақысын жеті ай бойы көрмей отыр» деген тақырыппен жарияланған болатын. Міне, бүгін күркеліліктердің жан-айқайына жауапты органдар құлақ асып, мәселенің түйінін шешкенге ұқсайды. Бұл жөнінде редакциямызға аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Қ.Сарбасовтан келген жауап хатта кеңінен баяндалыпты.
Хатта бөлім бастығы Қ.Сарбасов былай деген: «Күркелі ауылдық мәдениет үйі өткен жылдың 10 желтоқсанында ашылып, жұмыс атқаруда. Бірақ өкінішке қарай, қызметкерлер дер кезінде жалақыларын ала алмады. Себебі аудан әкімдігінде бұрыннан жабылмаған мемлекеттік қазыналық кәсіпорынның болуына байланысты мекеменің құжаттарын Баянауылдық әділет басқармасы өткізбеді. Сондықтан аудан әкімдігінің 2008 жылғы бесінші желтоқсандағы «Баянауыл аудандық ішкі саясат, мәдениет және спорт бөлімінің С.Торайғыров атындағы бос уақытта мәдени ұйымдастыру жөніндегі мемлекеттік қазыналық коммуналдық кәсіпорынның атауын, уәкілетті және басқару органын өзгерту туралы» №175/12 қаулысына толықтырулар енгізу туралы Күркелі ауылдық мәдениет үйін аудан әкімінің 2010 жылдың 2 шілдесіндегі № 108/6 қаулысы бойынша «С.Торайғыров атындағы мәдени-сауық орталығы» мемлекеттік кәсіпорнының құрылымдық бөлімшесі болып қайта құжаттар дайындалды».
Хат иесінің сөзіне сенсек, бүгінгі күні қызметкерлерге 6 айғы жалақы толығымен қолдарына берілген. Ал шілде және тамыз айларының еңбекақылары да көп ұзамай тиісті адамдарға төленетін болады. Олай дейтінімз, тамыз айында мәслихат отырысында Күркелі ауылдық мәдениет үйіне берілген қаражат С.Торайғыров атындағы бос уақытта мәдени ұйымдастыру жөніндегі мемлекеттік қазыналық коммуналдық кәсіпорнына аударылатын болады. Міне, осымен жарты жылдан астам бойы жыр болған күрмеулі мәселенің түйіні біржола шешілмек. Оған қош делік, алайда қарапайым тұрғындарды дәл осылай шырылдатпай, баршаға жар етпей, жергілікті билік деңгейінде шешімін табатын істі әлдеқашан біржақты етуге болушы еді ғой деген ой келеді. Айтпасқа амал жоқ, жауапты органдар қолдан келер шаруаны күрделендірмей шешуді қашан үйренер екен?!
Өз тілшіміз.

