Қазақстан Республикасы Ата Заңының 15 жылдығына орай облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы мен мәдени-сауық қызметі орталығында «Шаңырағыңа берік бол» атты облыстық отбасылық ансамбльдер сайысы өтті. Байқау мақсаты - өнерлі де өнегелі адамдарды шыңдап, олардың талантын анықтау, кәсіби жолға бағыт беру. Қатысуға өтініш білдірген, «өнер десе ішер асын жерге қоятын» тоғыз отбасының бесеуі ғана сахнада өнерлерін көрсетті. Атап айтсақ, Май ауданынан «Әсем», Ақсу ауылдық аймағынан «Атамекен», Щарбақты ауданынан «Жан балам» және Железинка ауданынан Айтбаевтар триосы мен Шашковтар дуэті бақтарын сынады. Ал басқа төрт отбасы белгісіз себептермен сайысқа қатыса алмады.
Май ауданынан келген Бөстекбаевтар отбасынан құрылған «Әсем» ансамблі «Сұлулық сазы», «Анашым» әндерін шырқаса, ақсулық Бағдәулетов Бақыт бастаған «Атамекен» тобы «Жанарым», әке-ана туралы әндер поппуриін орындады. «Қазақ қызы» әні мен «Әлқисса» күйін көрермен қауым «Жан балам» отбасылық ансамблінің орындауында тамашалады. Айтбаевтар триосы «Сен менің бақытымсың», Шашковтар дуэті «Мой родной Казахстан» әнін салды. Атап өтерлігі, қатысушылардың басым бөлігі ұлттық аспап – домбыраның сүйемелдеуімен ән салып, күмбірлете күй шертті.
Өнерпаздарға «Шаңырақ» орталығының директоры Ермұрат Тілегенов, Қазақстан мұсылман әйелдері қоғамының Павлодар облыстық филиалының мүшесі Бақыт Мерғалиева, облыстық білім беру басқармасының маманы Ләйлә Жүсіпова, Б.Ахметов атындағы Павлодар педагогикалық колледжінің ұстазы, композитор Қайырбек Сәтиев, тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Гүлсара Кокина баға берді.
Кеш соңында қазылар алқасының төрағасы Ермұрат Тілегенов сайыс төмен дәрежеде өтті деген ойын білдірді. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» демекші, қатысушыларға бірқатар ескертпелер айтылды. Киім үлгілері, дауыс мәнері, сахнада өзін-өзі ұстау секілді басты талаптарда кемшіліктер байқалғанын жасырмады. Өнерпаздар тарапынан ноталарды дұрыс қоймау, әуенді өзгерту секілді іс-әрекеттер орынсыз болғанын тілге тиек етті. «Ал, Шашковтар дуэтінің орындауындағы «Мой родной Казахстан» әніндегі қазақша сөздер түсініксіз болды. Мемлекеттік тілде ән салған соң, құрмет білдіріп, қазақ тіліне тән дыбыстарды дұрыс айту керек»,-деді қазылар алқасының төрағасы. Бір сөзбен айтқанда, ансамбль мүшелеріне, әсіресе жетекшілеріне көптеген ескертулер айтылды. Дегенмен, сайыстың аты – сайыс. Жеңген де, жеңілген де болады. Алайда, қазылар алқасының ұйғарымымен 1-орынға лайық деп танылған ансамбль болған жоқ. 2-орынды «Әсем», 3-орынды «Жан балам» ансамбльдері еншіледі. «Өткен жылы «Халықтық ансамбль» атағына ие болған «Атамекен» ансамблі өз деңгейлерінде өнер көрсете алмады»,-деді Е.Тілегенов. Оларға «Өнерлі отбасы» номинациясы бұйырды. Ал, шарбақтылық Айтбаевтар мен Шашковтар жанұялары «Алғыс хатпен» және «Көрермен көзайымы» номинациясымен марапатталды.
Бес отбасылық ансамбль қатарынан үздік деп танылған Бөстекбаевтар отбасылық ансамблінің жетекшісі, Май ауданы, Саты ауылы мәдениет үйі директоры Төлеген Бөстекбаев: «Біздің отбасылық топ 2002 жылы құрылды. Құрамында жарым, кітапханашы Ләйлә Ерсінқызы, қыздарым - Салтанат, Самал, Сандуғаш бар. Жалпы, репертуарымыздағы әндер – халық әндері. Ал, бүгінгі қазылар алқасының төрағасы тарапынан айтылған сынның барлығы өте дұрыс деп санаймын. Мұндай сайысқа қатысу үшін үлкен дайындық керек»,-деді.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА,
С.Торайғыров атындағы ПМУ студенті.

