Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында Қазақстан және Татарстан Республикаларының Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының солисі Нұржамал Үсенбаева мен ақын, композитор, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлеген Мұхамеджановтың концерті өтті. Өнер кешін Павлодар облысының әкімі Бақытжан Сағынтаев та тамашалады.
ҚР еңбек сіңірген қайраткері Болат Рақымжанов жетекшілік ететін Павлодар облыстық симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен Нұржамал Үсенбаева ән шырқап, әнсүйер халықты бірден баурап алды. Әлемдік опера туындылары және халық әні «Алқоңыр», М.Есжановтың «Қуанамын», Л.Хамидидің «Қазақ вальсін», өзінің жолдасы, елімізге танымал сазгер Төлеген Мұхамеджановтың «Ақ желкен» әндерін асқан шеберлікпен орындаған әншіге көрермен қауым ду қол шапалақтап, алғысын білдіріп жатты. Өнер кешінде композитор Төлеген Мұхамеджанов та өзінің бірнеше шығармасын күйсандықта ойнап, тыңдарман қауымға тамаша көңіл-күй сыйлады.
Туған ел-жұртын ғана емес, әлем жұртшылығын да дауысымен тамсандырған опера әншісі, халқымыздың аяулы қызы Нұржамал Үсенбаева мен сазгер Төлеген Мұхамеджановтың өнеріне тамсанған әнсүйер қауым құшақ-құшақ гүл сыйлады, өнеріне сүйсініп, «бис» деп құрмет көрсетті.
Ақмарал ЕСІМХАНОВА.

