Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдық мерейтойына арналып 2-аймақтық ақындар айтысы өтті. Екі күнге созылған өнер мейрамы «Азаматпын. Еркінмін. Еріктімін» деген тақырыпта ұйымдастырылды.
«Шаңырақ» халық шығармашылығы және ойын-сауық қызметі орталығы мен Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында өткен айтысқа Қарағанды, Семей қалаларының және Павлодар облысының 18 ақыны жиналды. 9 жұп екі айналымда, мәре айтыста өнерлерін көрсетті. Орақ тілді, от ауызды ақындарға Ермұрат Тілегенов, Арман Қани, Дәуренбек Мұхамеджан, Бейсенбі Мұқажанов, Ғалымбек Жұматов баға берді. Павлодарлық айтыскерлер Қуаныш Шарманов пен Қазбек Сағидолла аға мен іні айтысының тамаша үлгісін жасады. Ал қарағандылық Айтбай Жұмағұлов пен керекулік Асығат Тұрғанбектің ұпайлары тең түсті. Семейден келген Ардабек Ақбаба мен екібастұздық Рауан Қайдаров жас та болса бірқатар маңызды мәселелерді қозғап, айтыстың көрігін қыздыра түсті. Қарағандылық айтыскер Білімбек Сексентай мен семейлік ару Айдана Сегізбаева да қыз бен жігіт айтысын жасай отыра, қоғамдағы өзекті мәселелерді сөз етті. Павлодарлық қос ақын Аспанбек Шұғатаев пен Серікболсын Дүйсенбайдың сөз жарысы көрермен қауым тарапынан жақсы қабылданды. Сөз майталмандары Бейбіт Бөжен мен Алмагүл Жүгінісова ел жетістіктерін тілге тиек етті. Баянауылдық ақын Тілек Сейітов пен павлодарлық Оңғар Қабденов қос құрдастың айтысы өрнегін келтіре отыра, тақырыпты аша білді. Ақтоғайлық Азамат Мұқажанов пен семейлік Серік Жұмабек, павлодарлық Гүлзат Мейрамова мен Семей ақыны Ерлан Дәулет өзара сөз жарысына түсті. Атап өтерлігі, бірінші айналымдағы ақындардың басым бөлігі тақырыпты толық аша алмады. Тек бір мәселе төңірегінде ғана тоқтала берді.
Жоғарыда аталған сайыскерлер қатарынан 8 ақын екінші айналымға өтті. Олар – А.Тұрғанбек, С.Дүйсенбай, А.Жұмағұлов, Қ.Шарманов, Б.Бөжен, А.Мұқажанов, А.Жүгінісова, Е.Дәулет. Екінші айналымдағы айтыскерлер өнерінен соң, өнер додасының бірінші күні аяқталды.
Ата Заңымыздың мерекесі күні қалалық мәдениет сарайына өнерсүйер қауым көп жиналды. Мәре айтыста Қуаныш Шарманов пен Серікболсын Дүйсенбай әр түрлі саяси тақырыптарды қозғаса, Айтбай Жұмағұлов пен Алмагүл Жүгінісова халықтың хал-ахуалы жайлы айтты. Бейбіт Бөжен мен Асығат Тұрғанбек мешіт жағдайын, «Білім күні» мерекесін тілге тиек етті.
Қазылар алқасының мүшесі, ақын Бейсенбі Мұқажанов айтыс жоғары дәрежеде өтті деп баға берді. Е.Дәулет, А.Ақбаба, А.Мұқажанов, С.Жұмабек, Қ.Сағидолла, А.Сегізбаева, Т.Сейітов, Р.Қайдаров, О.Қабденов, Г.Мейрамова, Б.Сексенбай «Алғыс хатпен» марапатталды. «Көрермен көзайымы» номинациясы Аспанбек Шұғатаевқа, «Ең жас ақын» марапаты Серікболсын Дүйсенбайға, «Ұшқыр ақын» номинациясы Қуаныш Шармановқа бұйырды. 3-орын жүлдегері болып Алмагүл Жүгінісова танылса, 2-орын Асығат Тұрғанбектің қанжығасына байланды. Айтбай Жұмағұлов 1-орын, Бейбіт Бөжен бас жүлде иегері атанды.
Екі күнге ұласқан ақындар мен айтыссүйер ағайын үшін мереке кеші осылай тәмамдалды. Ұзақ үзілістен кейін қайта оралған сөз жарысы жоғары деңгейде өтіп, жұртшылық тарапынан жақсы қабылданды. Елімізде жыл сайын осы сынды айтыс ұйымдастыратын Павлодар қаласы ғана екен. Ақындар осы үшін облыс басшылығы мен халқына ризашылығын білдірді.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

