«Замандас» ардагерлер клубында Қазақстан Республикасының 15 жылдық мерейтойына орай «Алтын қолмен жасалған алтын заттар» деген тақырыпта зейнеткерлер жасаған декоративтік – қолданбалы өнер көрмесі ұйымдастырылды. Оған әр түрлі қолөнер бұйымдары қойылды. Мәселен, ұлттық нақышта жасалған пышақ, белбеу, қыз баланың тақиясы, құрақ көрпелер, сонымен қатар тоқылып суреттелген картиналар, ағаштан өңделіп жасалған бұйымдар. Көрмеге Надежда Турубара, Бақыт Сағындықов, Надежда Алиферова, Ботагөз Тіленбекова, Күлкамила Дүйсембаева, Ермек Дүйсекова, Клавдия Калина, Галина Ноздрачева, Александр Колодин, Любовь Маслакова туындылары ұсынылды. Г.Ноздрачева өрнектеп кестелеген әсем сурет зор қызығушылыққа ие болды. «Бұл картинаның пайда болғанына жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Ауылдағы үлкен апа-әжелерімнің көмегімен алғаш жасаған бұйымдарымның бірі. Қазіргі уақытқа дейін оны көзімнің қарашығындай сақтап келемін»,-дейді қолөнер шебері. Б.Сағындықовтың қолөнер заттары ерекше әсер қалдырды. Ол әрбір туындысының тарихын, ерекшелігін, жұмыс істеу стилін айтып берді. «Қолөнерге кішкентай кезімнен бастап қызығушылық пайда болды. Атамның бастамасымен үйрендім. Әртүрлі бұйымдар, олардың қатарында ыдыс, ер тоқым да жасаймын. Бұл өнер саласы шыдамдылықты, шеберлікті талап етеді ғой. Бір затқа шамамен бір жылдай уақыт кетеді. Жалпы, менің негізгі мамандығым – геолог. Бұрын туындылар жасап, шығармашылықпен айналысу тек қана хобби болатын, ал 1992 жылы құрметті демалысқа шыққан соң шұғылданатын басты ісім болды. Менің балаларым да ұсталықпен, зергерлікпен айналысады»,-дейді Б.Сағындықов.
Қолөнершілерге декоративті-қолданбалы өнер саласының маманы Алтын Атеева баға берді. Ұйымдастырушылар мен маманның пікірі бойынша 1-орынға Б.Сағындықов, 2-орынға - Л.Маслакова мен А.Колодин, 3-орынға К.Дүйсембаева, Г.Ноздрачева және Б.Тіленбекова лайық деп танылды. Жүлдегерлерге грамоталар мен ақшалай сыйлықтар табысталды. Ал К.Калинаға «Алғыс хат» берілді. А.Атеева: «Алғаш рет осындай жарыс ұйымдастырылып отыр. Ескерілмеген бір жағдай бар – кәсіби қолөнер шеберлері мен әуесқой шығармашылық иелерінің бірге сынға түскені. Екі топты салыстыруға болмайды ғой. Тағы атап өтерлігі, кейбір қатысушылардың бұйымдары арзан материалдардан жасалған. Бұл жарысқа тән емес. Сонымен қатар, декоративті-қолданбалы жұмыс болғаннан соң, ол техника көмегімен жасалмаса дұрыс болар еді»,-деді.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

