Павлодар қаласының әкімі Бақытжан Жоламанов алдағы жылумен қамту мәселелеріне арналған отырыс өткізді. Отырысқа қаланың қысқы дайындық жұмыстарына жауапты тұлғалардың барлығы қатысты.
Павлодар қаласындағы тұрғын үй қоры 1 314 тұрғын үйді құрайды. Тұрғын үй қорының инженерлік коммуникациясы 2 276 жылу торабынан, 1 152 су жылытқыштан және 2 214 ішкі жүйеден тұрады. Қаланың қысқы дайындығына жауапты тұлғалардың мәліметінше бұл күндері жылу тораптарының 71 пайызы және су жылытқыштардың 71 пайызы дайындалған. Сондай-ақ, жылумен жабдықтаудың ішкі жүйелерінің 1 467-сі сынақтан өтсе, 1 320-сы реттелген. Алда жылу маусымына 817 үй толығымен дайын.
Отырыс барысында қала әкімі Бақытжан Жоламанов жұмыстарын белгіленген мерзімге дейін аяқтай алмаған кәсіпорындарға 15 қыркүйекке дейін уақыт берді. «Қаланың қысқы уақытқа дайындық жұмыстарын әлі де болса арттыра түсу керек. Әзірше, қауіпті әрі күрделі мәселелер жоқ. Біз бұрын мұндай тексеру жұмыстарын қыркүйек, қазан айларында жүргізетінбіз. Биыл ертерек қимылдауды жөн көрдік. Сондықтан, алдағы уақытта тексеру жұмыстарын жіті қадағалайтын боламыз. Ал қалалық тұрғын үй-коммуналды шаруашылығына қояр басты талабымыз – жұмысты тиянақты әрі сапалы жүзеге асыру»,- деді өз сөзінде қала басшысы.
2010 жылы «Павлодар жылу жүйелері» АҚ жалпы көлемі 9 502,1 метрді құрайтын жылу жүйелеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлаған. Сондай-ақ, электротехникалық құрал-жабдықтар мен насос станцияларының негізгі және көмекші құрал-жабдықтарына күрделі жөндеу жұмыстары көзделген. Қазіргі таңда кварталішілік құрал-жабдықтардың 63 пайызы және жылумен жабдықтау жүйелерінің 81 пайызы жөнделген. «Павлодар-Водоканал» ЖШС жалпы көлемі 3 360 метрді құрайтын су канализацияларының жүйесіне күрделі жөндеу жұмыстарын жасаған. Бұл жоспарланған көлемнің 57,3 пайызын құрайды.
Бақытжан Жоламанов сондай-ақ, қысқы уақытта қар тазалайтын техникалардың дайындықтарын тексерді. Бұл ретте ол «ХолдингТрансПавлодар» ЖШС мен «ОКС-Павлодар» ЖШС-ін аралады. Қала әкімі алдымен қысқы уақыттағы қала тазалығы жұмыстарының 80 пайызын атқаратын «ХолдингТрансПавлодар» ЖШС-де болды. Аталған серіктестік қаламызда он жыл бойы нәтижелі жұмыс атқарып келеді. «Биыл жаңасы бар, қолданылғаны бар барлығы 10 техника сатып алдық. Енді былтырғы жылмен салыстырғанда жұмыс қарқынын арттырамыз. Жалпы алдағы уақытта тағы да бірнеше техника сатып алуды жоспарлап отырмыз», деді «ХолдингТрансПавлодар» ЖШС-нің директоры Геннадий Жаболенко.
Қала әкімі одан кейін «ОКС-Павлодар» ЖШС-нің тыныс-тіршілігімен танысты. Серіктестік директоры Нүкен Көшімбаева биыл 2 «ЗиЛ» автокөлігін сатып алғанын айтты. Сондай-ақ, қар тазалайтын 10 арнайы шағын техника алғанын жеткізді. «Былтыр 2 трактор және 1 «КАМАЗ» автокөлігін алған болатынбыз. Биыл да бірқатар техникаларға қол жеткіздік. Алдағы уақытта техника санын арттыруды көздеп отырмыз»,- деді «ОКС-Павлодар» ЖШС-ның директоры Нүкен Көшімбаева. «Былтыр қала көшелерінің тазалығымен айналысатын кәсіпорындарға 52 бірлік техника жұмылдырылса, биыл 36 техника алынған. Қала тазалығына басты көңіл бөлетін кәсіпорындардың қаражатты қалтаға салмай, қала игілігі үшін жұмыс жасап жатқандары қуантады»,- деді өз сөзінде қала басшысы.
Қаланың қысқы дайындығын жіті тексерген әкім Суворов көшесіндегі 12-ші үйге тоқтады. Аталған үйдің жөндеу көрмеген төбесі биыл қолға алынып, қүрделі жөндеу жұмыстарынан өтіп жатыр. Төбенің құрылысымен «СтройГарант» компаниясы айналысуда. «Жөндеу жұмыстарына 8 миллион теңге қаржы бөлінді. Жұмысты бастағанымызға көп уақыт бола қойған жоқ... Құрылыс материалдарының барлығы Павлодарда өндірілген. Төбенің 23 плитасын ауыстырамыз», - деді жұмыс тобының бригадирі Мұрат Маралбаев.
Қаланың қысқы уақытқа дайындығын көзбен көрген Бақытжан Жоламанов жоспарлы жұмыстарға оң баға берді. Сондай-ақ, қала басшысы қысқы дайындық жұмыстарын өзі тікелей қадағалайтынын айтты.
Фархат ӘМІРЕНОВ.

