Естай атындағы қалалық мәдениет сарайының кіші залында ақиық ақын Мұқағали Мақатаев атындағы көркемсөз оқу шеберлеріні ң облыстық байқауы өтті. Аймағымыздың әр аудандарынан келген өнерпаздар жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, ақиық ақынның шығармашылығын насихаттады.
Мерекелік шараның шымылдығын өңірімізге танымал әнші Анар Ботаева М.Мақатаевтың сөзіне жазылған «Есіңе мені алғайсың» әнімен ашты. Ұлы Отан соғысының 65 жылдығы мен Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдығына орай ұйымдастырылған шарада Павлодар облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Талғат Әбілқасымов қатысушыларға сәттілік тіледі. Шараға Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театрының әртісі Бейбіт Шәнім, облыстық педагог кадрлардың біліктілігін арттыру институтының әдіскері Айтжамал Дайырова, филология ғылымдарының кандидаты, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің доценті Гүлназ Төкенқызы, қазақ фольклорын насихаттаушы Даниял Әсенов және тіл жанашыры Қабидолла Әлібаев қазылық етті. Жалпы байқау төрт кезеңнен тұрды. Қатысушылар алғашқы кезеңде М.Мақатаевқа арнаған төл туындыларын оқыды. Аталмыш кезеңде Ертіс ауданының өкілі Алпысбай Хонж, ақтоғайлық Жарқынбек Амантай және Баянауыл ауданының өнерпазы Бектас Кәкімжановтың өзгелерден шоқтығы биік болды. Олар ақынға деген сүйіспеншіліктерін, шығармашылығына деген оң көзқарастарын қара өлеңмен өре білді. Екінші кезеңде өнерпаздардың бір бөлігі ақиық ақынның шығармаларын жатқа оқыса, бір бөлігі ақынның сөзінде жазылған әндерді шырқады. Ақынның «Сүрініп кетпе» өлеңін жатқа оқыған А.Хонж бен Ж.Амантай қазылардың тарапынан жоғары ұпайға ие болды. Сондай-ақ, «Үш бақытым» туындысын нақышына келтіре оқыған Май ауданының өкілі Сандуғаш Омарова да көрермендердің көңілінен шыға білді. Ал ақынның әндерін орындауда Павлодар ауданының өнерпазы Өміргүл Мұхтарқызының мысы басым болды. Осы кезеңде лебяжілік Айгерім Баймулдинаның да жақсы өнер көрсеткенін айта кеткен жөн. «Ана тілім – бақытым» атты үшінші кезеңде өнерпаздар қазақ тілі туралы жазған туындыларын паш етті. Бұл кезеңде де Ақтоғай, Ертіс, Баянауыл және Май аудандарының өнерпаздары өлең жазуға әбден төселгендерін дәлелдегендей болды. Шешуші төртінші кезеңде байқауға қатысушылар М.Мақатаевтың жасырылған 16 өлеңінің біреуін жеребе рәсімі бойынша алып, орындаулары тиіс болды. Айта кетерлігі, жасырылған өлеңдердің қандай туынды екенінен өнерпаздардың біреуі де хабардар емес еді. Шешуші кезеңде шеберліктерін көрсете білген өнерпаздар ақиық ақынның шығармашылығын сүйіп оқитындарын аңғартқандай болды.
Қорытынды бойынша бас жүлдеге Ақтоғай ауданының өнерпазы Амантай Жарқынбек ие болып, Астана қаласында өтетін республикалық байқау жолдамасын қанжығасына байлады. Ертіс ауданының өкілі Алпысбай Хонж екінші орынға тұрақтады. Май ауданының өнерпазы Сандуғаш Омарова үшінші орынды қанағат тұтты. Барлық өнерпаздар облыстық тілдерді дамыту басқармасының Алғыс Хаттарымен марапатталды. Көрермендер шара барысында М.Мақатаевтың сөзіне жазылған әндерді әуелете орындаған әкелі-балалы Болат және Бекзат Смағұловтардың да шеберлігіне сүйсіне отырып қол соқты.
Фархат ӘМІРЕНОВ.

