Бұрнағы күні Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Мемлекеттік және тәуелсіз «Тарлан» сыйлықтарының лауреаты, өнертану профессоры, халықаралық Ақпараттандыру Академиясының академигі, Түркияның Стамбул, сондай-ақ Екібастұз, Семей қалаларының Құрметті азаматы Болат Аюханов басқаратын Мемлекеттік академиялық Би театры павлодарлық жұртшылықты айшықты өнермен сусындатты. Көрермендер екі күн қатарынан Естай атындағы мәдениет сарайында балет өнерінің майталманы Болат Аюхановтың басшылығымен дайындалған ерекше қойылымдардың куәсі болды.
Павлодардың өнерсүйер қауымын тамсандырған балет өнерінің кешінде Мемлекеттік Академиялық Би театрының 44-ші маусымының шымылдығы П.Чайковскийдің «Аққу көлі» туындысымен ашылды. Онда өнерсүйер көпшіліктің назарына М.Ержанова мен А.Исакованың музыкасына жазылған «Шыңғысханның ақ бұлты» балетінің премьерасы және Ф.Шестаковичтің музыкасына жазылған «Ленинградтық өренім» сахналық қойылымы бірінші рет қойылды. Сонымен қатар талғампаз көрерменге П.Чайковскийдің «Ақ түндер», «Ромео мен Джульетта», Бизе-Щедриннің «Кармен» шығармаларымен қатар «Аққу ару», «Барышня и хулиган», «Аққу», «Қызыл және қара» хореографиялық қойылымдары да ұсынылды. Опера мен балеттен тұратын би кешінде халықаралық байқаулардың лауреаттары, Англия, Түркия, Шотландия, Швейцария, Ресей елдерінде үлкен жетістікпен өнер көрсетіп жүрген ҚР Мемлекеттік академиялық Би театрының солистері павлодарлық қауымды бишілік өнерлерімен тәнтті етті.
- Балет түсіне білгенге өнерлердің ішіндегі ең ұлысы боп табылады. Нәзіктік пен әдеміліктің символы іспетті бұл өнер өзім үшін кескіндеме мен мүсін өнерінен де жоғары тұр. Балет – менің өмірімнің мәні және менің сүйікті кәсібім. Әдемі билеген бишінің әрбір қимылы жанымды жадыратып, рухани қанағаттандырады, - деді Болат Ғазизұлы өз сөзінде.
«Үлкен балет кеші» деп аталатын ауқымды бағдарлама бұдан соң еліміздің басқа қалаларында, атап айтқанда, Ақсу, Екібастұз, Ерейментау, Степногорск және Астанада ұсынылмақ. Болашақта Мемлекеттік Би театры «Скифы» және «Красная шапочка» балеті өңір жұртшылығына ұсынылады деп уәде берді әйгілі балетмейстер.
Ақмарал ЕСІМХАНОВА.

