
Павлодар қаласындағы облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейіне жолы түскен әрбір адам ол жерден рухани азық алып, көненің көркем жәдігерлеріне куәгер болатыны анық. Себебі дәл осы мәдениет ошағында орын тепкен жәдігерлер өнер мен әдебиет әлемінде ұмытылымас із қалдырған жерлестеріміздің өмірі мен шығар-машылығынан сыр шертеді. Музей көрме, өнер майталмандарының жеке қорларын ұйымдастырумен ғана айналыспайды, мәнмаңызы тереңде әсерлі кездесулер мен кештер өткізіп, жастардың тәрбиесі-не өзіндік үлес қосуды мақсат еткен. Музейге басшылық етіп отырған Роза Игібаева бастаған шығармашылық ұжым жұмыстарын әртараптанды-рып, әрдайым ізденіс үстінде жүреді. Себебі бүгінде өнер сүйер қауымның талғамы да артып келе жатқаны белгілі. Біраз уақыттан кейін қасиетті өнер ордасы «Жол картасының» арқасында жаңа кейіпке еніп, алыс-тан көз тартатын болады.
Ашылғаннан бері ешбір күрделі жөндеу жұмыстарын көрмеген музейге биыл «Жол картасы» бойынша қаражат бөлінді. Сәуір айынан бері жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жоспар бойынша музейдің төбесі толығымен жөнделіп, жертөлесінде іргетас қайтадан бекітіледі, сырты сырланады, ішкі есіктер жаңартылады. Жұмыстың сексен пайызы аяқталған. Облыстың бас сәулетшісі жөндеу жұмыстарына қатысты музеймен тікелей жұмыс істеуде. Себебі бұл ғимарат 1897 жылы салынған және мұндай ағаштан жасалған мәдени маңызы бар мекемелер жоқтың қасы. Демек, оны сол қалпында сақтап қалу қажет. Музей директоры мемлекет қазынасынан бөлінген әрбір тиынның тиімді жұмсалуына қатаң қадағалаушылық жүргізетін көрінеді. Міне, сондықтан да болар, бүгінде музейдегі жөндеу жұмыстары мерзімінен кешігуде. «Ең бастысы – жұмыстың сапалы болуы, міндетті мойнына алған мердігер компания осыны ұғынуы тиіс» деген ойда Роза Ержанқызы. Мердігер фирма басшылығы музей қызметкерлерінің басты талабын бүгінде түсінгенге ұқсайды. Өйткені Музей директорының мамандығы құрылысшы болмаса да ғаламторды шарлап, кәсіби мамандар кеңесіне сүйене отырып, қате жіберілген жерлерді бірден анықтап, жауапты азаматтарға түзетуді талап етіп келеді. Тіпті ол мердігерлер пайдаланып жатқан құрылыс материалдарының талапқа сай келуін арнайы сараптама арқылы анықтауға дейін барған көрінеді. Қажет жағдайда тәуелсіз кеңесшілер көмегіне жүгінеді. Р Игібаеваның айтуынша, ол «өзгенің тиынын алмаймыз, өзгеге артық тиын бермейміз» деген қағидамен өмір сүреді.
1992 жылы 22 наурызда негізі қаланған музей бүгінде мүмкіндігінше құлашын кеңге жаюда. Алғашқы директоры бірнеше айдан кейін өзге қалаға көшіп кетуіне байланысты, музей басшылығына мәдениет басқармасы зор сенім артып, Роза Игібаеваны жібереді. Бұған дейін бірінші басшылық қызметін атқарып, білдей бір ұжымды басқарып көрмеген ол біраз жүрексінген. Алайда жүктеген міндетті мүдірмей атқаруға бел буды. Жаңадан негізі қаланып жатқан мәдениет ошағында талай күрмеулі мәселе болары анық болды. Тіпті ғимараттың өзінен де таршылық көрген. Музей қызметкерлері оған да қарамастан өз істеріне жауапкершілікпен қарады, дейді музей директоры.
- 1998 жылы әкімшіліктің есігін тоздырып жүріп, екінші ғимаратқа қол жеткіздік. Бірақ жылдар бойы жөндеу жұмыстарын көрмеген ғимаратты көргенде қолымнан іс келмейтіндей болып, көзіме жас та алдым. Өйткені қолда қаржы жоқ. Алайда соңымнан ерген ұжымымды жерге қаратпай алға басуға бел буып, намысқа тырыстым. Демеуші іздеп, табан тоздырдым. Жомарт жандардың бірі ақшалай, бірі заттай қол ұшын берді. Бірін-біріне алмастырып, ақыры қажетті құрылыс заттарын да алдық. Жөндеу жұмыстарын өз күшімізбен жүргіздік. Түске дейін музейге келушілерді қарсы алсақ, түстен кейін жұмыс киімімізді киіп, құрылысшы қызметін атқардық, - деп еске алады сол бір қиын-қыстау кездерді Роза Ержанқызы.
Қазіргі таңда мәдениет ошағы бұл қиын кездерден өтті. Енді заман талабынан бір елі қалмай жүруді өмірлік ұстанымы санайтын Роза Игібаевамен бірге музей де жасап келеді. Әрине, мұның барлығы нәзік жанды болса да басшылықтың бойындағы табандылық, алға ұмтылушылық мінездерінің бір жемісі екенін ешкім жоққа шығара алмас.
Музей ашылған жылдары қорда небәрі 4 мың экспонат болыпты. Ал бүгінде қырық мыңға жуық жәдігер көздің жауын алады. Олардың кейбірі тіпті ешбір жерде теңдесі жоқ түпнұсқа болып саналады. Музейде өнер мен әдебиет әлемінде ұрпаққа өшпес мұра қалдырған тұлғалардың жеке заттары, киімдері, қолжазбалары көрермен назарына ұсынылады. Музей қызметкерлері аймақтың өнер, әдебиет әлемінен сыр шертер тарих парақтарын барынша жинақтауға мән береді. Құнды кітаптар да музей сөрелерінен өз орындарын тауыпты. Енді осы қолда барды баршаға көрсете білу де - өз алдына бір өнер. Оның тетігін Роза Ержанқызы өзінше тапқанға ұқсайды. Музейге директор болып тағайындалған жылы Алматы қаласында Мәдениет министрлігінің жанынан менеджмент мектебі ашылғаны, оған шәкірттер тартылып жатқаны жөнінде хат келіпті. Тікелей басқарма басшылығынан сұранып, Алматыға жол тартқан ол 2,5 жыл оқып, басқарып отырған мекемесін нарық заманына қарай бейімдеудің сан түрлі тетіктерін терең меңгереді. Шетелдік оқытушылардың сабақтарынан керегін алып, өзінің жұмыс істеу тәсілін баяндап берген. Роза Ержанқызы ең алғашында музейде өтетін шаралардың барлығының сценарийін өзі жазып, мәдени кештерді өзі өткізіпті. Мұны естіген шетелдік мамандар қазіргі заманғы басқару жүйесінде бұл әрекет үлкен қателік екенін түсіндіріп берген көрінеді. Дәрістерден қазіргі заманғы менеджмент, маркетинг деген жаңа ұғымдардың мәнін түсінеді. Музейге келушілердің қатарын арттыру үшін маркетингтік жоспар құрады. Жоспар мамандардың көңілінен шығады. Жоспарда ол алдымен барлық мәдениет ошақтарының тізімін алып, олардың келушілеріне ұсынатын қызмет түрлерінен музейге лайықтыларын, өткізуге ыңғайлыларын іріктеп алады. Өйткені бұған дейін музей тек көрме ұйымдастырып, қолда бар жәдігерлерін көрермен назарына ұсынумен, қор жинаумен, дәріс оқумен шектелген. Ал мұндай іспен көрерменді көптеп тарту мүмкін еместігі анық. Сондықтан Роза Игібаева Алматыда үйренгендерін тәжірибесіне енгізуге асығады. Павлодарға келісімен музей жұмысына басқарудың жаңа жүйесін біртіндеп енгізеді. Бұл өз кезегінде музейдің ілгері басуына септігін тигізгенін байқау қиын емес. Көрме ұйымдастырумен қатар әртүрлі кездесулер, кештер, байқаулар өткізу дәстүрге айналады. Бір сөзбен айтқанда, тұрғындарды музейге тарту үшін мұндағы шаралар мәзірі кеңейді. Түрленген сайын халықтың қызығушылығы арта түсті. Роза Ержанқызы «заманың түлкі болса, тазы бол» деген ұстаныммен жұмыс істеп келеді. Қол астындағы қызметкерлерін де осыған бейімдеп, шығармашылық ізденіске бағыттайды. Музейге басшылыққа келген күннен бастап ол бар күшін тұрғындар тарапынан музейге деген сүйіспеншілік, қызығушылық сезімдерін арттыруға салды, оны мәдениет, өнер, әдебиет орталығына айналдыруды көздеді. Дегенмен, кезінде кейбір жаңашылдыққа бірқатар қызметкерлер түсінбеушілік танытқан көрінеді. Оларға нарық заманында әрбір қызмет түрі тауар болып саналатынын, оны кім барынша тиімді ұсынса, соның өтімді болатынын түсіндіріп баққан. Бүгінгі күні музей қызметкерлері жыл сайын жаңа тәсіл ойлап тауға бейімделіп алған. Мәселен, өткен жылы өздері костюмдер тігіп, бүлдіршіндер назарына театрланған кішігірім көріністер сахналауды қолға алыпты. Қазақ тілін үйренуге шақыратын қуыршақтар театрын да ұйымдастырған. Мұндай шараларды айта берсек, аз емес. Қажеттілікке қарай залдар санын көбейтуде. Мысалы, 2002 жылы балалар шығармашылығына арналған жеке көрме залы ашылды. Еске алу кештері, дәрістер мен көрмелер, экскурсиялар ұйымдастыру сынды жылына жеті жүзге жуық шара өткізіледі. Музей өзі аяғынан тік тұрғаннан кейін өзгеге қол ұшын беруге мән берген. Нақтырақ айтсақ, белгілі жерлестеріміздің әр жерде қоғамдық музейлерін құруға көмектескен. Мұндай музейлерге Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер ошағында сақтаулы тұрған түпнұсқалардың, жәдігерлердің көшірмелері жасалып, қолқабыс етілген. Ақтоғай ауданында Естайдың, Шарбақтыда М.Әлімбаевтың, Баянауылда ашылған Жұмат Шаниннің, Ж.Аймауытовтың, С.Торайғыровтың музейлеріне көмектескен. Сонымен қатар музей қызметкерлері әйгілі жерлестердің мерейтойларын, еске алу кештерін өз туған жерлерінде өткізуді дәстүрге айналдырған. Мұндай қадам кештің әсерлі өтуіне ықпал етеді, дейді қызметкерлер. Музейде өзінің мәжіліс залы шағын болғандықтан облыс орталығындағы ірі мәдени ошақтармен етене жұмыс істейді.
Жастардың шығармашылығын дамыту, тәрбиесіне мән беру де - әрдайым музей назарында. Мысалы «Махаббат жыры» деген атпен өтетін байқау биыл он бірінші рет ұйымдастырылып, жас ақындар мен прозаиктердің басын қосқан. Алғашында отызға тарта қатысушы болса, биыл жүзге жуық жас өтініш білдірген. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегенді естен шығармау қажет, дейді Роза Ержанқызы.
Музейге тұрғындарды тарту үшін тағы бір тәсіл қолға алыныпты. Өзге қалалардан жылжымалы көрмелер әкелінуде. Оған бір дәлел, Астана қаласынан «Нұр Отан» ХДП-ның он жылдық мерейтойына орай Тұңғыш Президент музейінен жәдігерлер әкелініп, Елбасының өмірі мен шығармашылығына арналған тамаша көрме көрермен назарына ұсынылды. Биыл жыл басында «Президент институтына – 20 жыл» деген атпен жылжымалы көрме көптің көңілінен шыққан. Себебі мұнда Елбасын шығармашылықтың адамы ретінде көрсету көпшілікке таңсық болғаны рас, дейді музей директоры Роза Игібаева. Мұның барлығы басшылықтың өзге аймақтардағы әріптестермен тығыз байланыс орната білуінің жемісі екені анық.
Күш-жігер мүмкіндік берсе, көпке көмек көрсеткенге не жетсін. Яғни басты қызметпен бірге қоғамдық жұмыстарға араласу әрдайым өз нәтижесін беретін көрінеді. Осыны музей директоры әлдеқашан ұғынған екен. Заман ағымымен біте қайнасу - Роза Ержанқызының жанына жақын тірлігі. Міне, сондықтан болар, 1997 жылы «Іскер әйелдер ассоциациясының» облыстық филиалына шақырылды. Бір жылдан кейін осы филиалдың төрағасы болып сайланған. Кәсіпкер болмағандықтан, істі бастап кетуге тағы да тартыншақтайды. Алайда әріптестерінің сенімін ақтауға тырысқан ол уақыт өте келе бизнес әлеміне аяқ басқан нәзік жандыларға өзі көмек көрсете бастайды. Бұл қоғамдық бірлестік төрт бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Кәсіпкерлік және әйел бағытында кәсіпкер нәзік жандыларға ісін дөңгелетіп әкетуге кеңес беру жұмыстары жасалуда. Роза Игібаева әйел азаматтарының саясатта әлеуметтік мәселелерді түсінуде ерлерден бір табан жақын болатынын түсінгенін айтады. Сондықтан саясат және әйел ұғымдарының арасы алшақ еместігін ұғынып, осы мақсатта жұмыстар жүргізеді. Әйелдер және қайырымдылық бағыты мұқтаж жандарға қол ұшын беруді мақсат етіпті. Қауымдастыққа мүшелікке енген нәзік жандылар көмекке зәру жандарға қолдан келгенше жәрдем көрсетуді әдетке айналдырған. Алғашында бірқатар жетімдер үйіне, өзге де мекемелерге көмектеседі. Одан кейін облыс орталығындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған №4 мектеп-интернатты іскер әйелдер қамқорлығына алған. Олар әр мереке сайын мектеп тәрбиеленушілеріне сый-сияпат жасайды. Роза Ержанқызы бизнес құрылымдары мен мәдени ошақ арасында байланыс орнатып, әртүрлі шараларды тиімді өткізуге мән береді. Мәселен, ардагерлерге құрмет көрсету кезінде музей қызметкерлері шығармашылық бөлімін өз мойындарына алса, іскер әйелдер дастарқан жайып, сый-сияпат жасауға жауапты. 2006 жылға дейін аймақта республикалық «Іскер әйелдер» қауымдастығының филиалы жұмыс істеді. Осы жылдан бастап, Роза Игібаева әрдайым алыстағы басшылыққа жалтақтамай, өздігінен шешім қабылдайтын «Павлодар облысының іскер әйелдері» қоғамдық бірлестігін құрады. Бүгінде олар қалалық, аудандық мемлекеттік тапсырыстардың тендерлеріне қатысады. Жер-жерге барып, кәсіпкер әйелдерге кеңес, бағыт-бағдар береді. Бірлестікте қырыққа жуық әйел тіркелген, оның он бес шақтысы белсенді түрде жұмыс істейді.
Бүгінде «қалауын тапса, қар жанар» демекші, мәдени ошақтардың саяси партиямен етене жұмыс істеуі де артық етпейтінін уақыт көрсеткендей. Оған Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі мен «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының арасындағы байланыс мысал бола алады. Әртүрлі бағыттағы екі құрылымды мәдениет, өнер атты ұғымдар бір арнаға тоғыстырып отыр. Яғни олар осы бағытта бірлескен жобалар жүзеге асырудың тиімділігін байқапты. Бұл орайда Роза Ержанқызының облыстық партия кеңесінің мүшесі ретінде ықпалы болғанын ескерген жөн. Ол партияның облыстық филиалы ашылған күнінен бастап істің басы-қасында жүр. Осылайша, нәзік жанды басшы музей мен партия арасына көпір сала бастады десек артық айтқандық болмас.
Демек, қай салада болмасын, іскерлік, жауапкершілік, табандылық, ширақтық сынды қасиеттердің арқасында жоқтан бар жасап, құлашты кеңге жаюға әбден болады.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.


