Жүрек – денедегі ағзалардың «төресі». Қандай жағдай болмасын, кеудедегі жүрекке, әйтеуір, бір әсерін тигізіп жатады. Адамның қиналған, терең ойға батқан, күйзеліп, күйінген сәттерінде болатын сезімдердің бәрі де осы кішкентай лүпілдеген жүрекке салмақ түсіреді. Алайда дәл осы жұдырықтай жүректің дүрсіліне көпшілік құлақ аса бермейтіні өкінішті. Міне, осы мәселелер кәсіби мамандарды қатты алаңдатады. Ал оны тексеру көп қиындық туғызбайтынын көп жандар біле бермесі анық. Сондықтан газетіміздің әр сенбі күнгі «Денсаулық+» айдарына қонаққа - Павлодар қалалық №2 аурухананың кардиолог, жүректің ультрадыбыстық тексеру-дәрігері Людмила Валентиновна Слюсареваны шақырған едік.
ЭХОКАРДИОГРАФИЯ ДЕГЕН НЕ?
- Әркім кеудедегі жүрегінің дүрсілін сезгенімен, оның қандай сыр беріп тұрғанын өздігінен анықтай алмасы анық. Алайда оны дөп басып, жүректегі жағдайды жайып беретін озық технологиялардың, тиімді тәсілдердің дүниеге келгені қуантады, деп бастады әңгімесін қонағымыз. Осындай құрылғылардың бірі жоғарыда аталған аурухананың кардиохирургия бөлімшесінде орналасқан. «Вивид-3» деген атауға ие америкалық түрлі-түсті ультрадыбыстық аппарат эхокардиография тәсілімен жүректі тексереді. Эхокардиография – бұл жүректің ультрадыбыстық тексеруі. Онда жүректі тексерудің доплерлік, түрлі-түсті доплерлік сияқты бес режимі жұмыс істейді. Мұндағы түс арқылы жүрек ішіндегі қан ағысы аппаратта анық тіркеледі. Дәрігер құрылғы арқылы адамның жүрегіндегі әрбір құбылысты алақанында тұрғандай байқай алады. Жүрекке қанның құйылуы, жүректің ірі қантамырларынан қанның шығуы сияқты сәттерді терең тексереді. Барлығын түс-түсімен көруге болады.
Эхокардиография адамның жүрегіндегі ақауды әп-сәтте анықтай алатын мүмкіндікке ие. Түрлі-түсті доплер арқылы жүректің жұмысына, дүрсіліне кері әсер етіп тұрған кедергілер, ақаулар, жүректің өзге де ауытқушылықтары жақсы көрінеді. Бұл аппараттың аталмыш ауруханада жұмыс істей бастағанына 3 жыл болыпты. Мұндай құрылғылар негізінен аймақтың бірқатар медициналық мекемелерінде бар көрінеді. Бірақ біз әңгіме қылып отырған ауруханада осы озық аппарат қосымша өңеш арқылы жүректі тексеретін датчик деген құрылғымен жабдықталған. Людмила Валентиновна мұндай қосымша құрылғы облыстың ешбір жерінде жоқтығын айтады. Ультрадыбыстық датчик жұтқыншақ арқылы өңешке енгізіледі. Дәрігер оның көмегімен жүректі еш кедергісіз көре алады. Датчик пен жүрек арасында небәрі жұп-жұқа өңеш қабырғасы болады. Бұл тексеру өткізуге еш кедергі бола алмайды. Эхокардиография жүрек ақауларын анықтауда 100 пайыздық нәтиже береді. Демек, дәрігер озық технологияның көмегімен диагноз қоюда қателікке бой алдырмайды. Себебі мұнда жүректі көрсету сапасы өте жоғары дейді, кәсіби маман. Егер де науқаста қандай да бір ауытқушылық анықталса, кардиолог-дәрігерлер тиісті кеңес беріп, керек-жарағын жіліктеп береді. Эхокардио-графиядан өткен науқасқа қажет жағдайда өңеш арқылы ультрадыбыстық тексеру белгіленуі мүмкін.
ЕШҚАНДАЙ ЗИЯНЫ ЖОҚ
Кардиологтардың кеңесіне құлақ ассаңыз, әрбір жан жүрегін тексеруге асығуы тиіс. Ал оны тексеру адамның денсаулығына ешбір зиян келтірмейді. Тіпті алдын ала дайындалудың да қажеті жоқ. Денсаулығына, әсіресе, жұдырықтай жүрегіне алаңдаулы кез келген адам мұндай мүмкіндікті мүлт жібермегені абзал. Жүректі көз алдында тұрғандай көруге болады. Экранда жүректің, оның клапанының жұмыстары, қан айналымы, бұлшықет қызметі ап-анық байқалады. Тексеруді үлкенге де, жасқа да жасауға әбден болады. Яғни осы тәсіл арқылы жүрегімен тікелей тілдесе алады.
Негізінен бұл аппарат көмегіне көбінде кардиохирургиялық бағыттағы науқастар жүгінеді. Алайда мамандар кез келген адам жүрегінің хал-ахуалын біліп тұрғаны абзал деген пікірде. Өйткені көп адамдар күйбің тірлікпен жүрегіне көңіл бөлмей, әбден асқынған кезде дәрігерлерге келеді. Оған жеткізбей аурудың алдын алуға болатынын естен шығарып алады. Дәрігер кейде аурудың кішігірім белгілерімен келген азаматтардың жүрегінен күрделі ақаулар табылатынын жасырмайды. Мұндай оқиғалар жиі кездесетін көрінеді. Демек, ешкім «жар астында жау жоқ» деп ойламауы тиіс. Бұл - маман кеңесі.
Ауруханада жоғарыда аталған аппарат қолданысқа енгізілгеннен бері бес мыңға жуық тұрғын эхокардиография арқылы жүрегін тексеріпті. Кардиохирургиялық бөлімшенің диагностикалық тармағы 200-ге жуық өңеш арқылы ультрадыбыстық тексеру жүргізген. Л.Слюсарева кардиохирург қажет етсе, бұл әдіс жүрекке ашық түрде операция жасау кезінде де қолданылатынын айтады. Оның айтуынша, өкінішке қарай, алғаш рет тексеруден өткендердің әрбір үшіншісінде жүректің әртүрлі деңгейдегі ақаулары анықталатын көрінеді. Яғни жүрегі ешқашан сыр бермегендердің 30 пайызында патология анықталады. Әрдайым ауыр түрі болмаса да, тиісті бақылауды қажет ететіні сөзсіз. Сондықтан ол тұрғындарға жүрек маңында қандай да бір ауру белгілері, жүрек ырғағының бұзылуы байқалса, әртүрлі сипаттағы ентікпе, дене жұмыстары жүктемелері кезіндегі шаршағандық сезілсе, эхокардиографиядан өту артық етпейді деп кеңес береді. Өмірде орын алатын кез келген сәтсіздіктер жүрекке салмақ түсіретінін, оның салдарын білу үшін тексеруден өту қажеттігін естеріне салады. Себебі ерте анықтап, тиісті ем-дом қабылдамаса, сырқат жүре-жүре білінбей асқынып кетуі ықтимал. Дәрігерлер, әсіресе, шалғай елдімекендердегі тұрғындардың жағдайы тіптен күрделі екеніне қынжылады. Көп жағдайда олар ауруын асқындырып алып келетін көрінеді. Себебі аудандардың көбінде дерлік озық технологиялар жоқ. Тексеру нәтижесі бойынша науқастың жағдайы ауыр болса, оны жедел операцияға жібереді. Дәрігер мұндай мысалдар аз еместігін жеткізді. Тіпті күнде кездесіп жататын көрінеді. Мәселен, олар 15 жасар балғынның өміріне дәл осы аппарат арқылы араша түсіпті. Жастайынан жүрегінде ақауы бар балғынға ауыр диагноз қойылмаған. Бірақ ультрадыбыстық тексеру оның сырқатының оған қойылған диагноздан әлдеқайда күрделі екенін анықтап берді. Дереу Астанаға жолдама беріпті. Тексеру, нақты диагноз, шұғыл операция, дәрігердің ширақ қимылы, міне, осылар білдей жігіттің өмірін өлімнен алып қалыпты. Сәл кешіксе, қолдан келер амал қалмаушы еді, дейді сол бір сәтті еске алған Людмила Валентиновна.
ТЕКСЕРУ ӘП-СӘТТЕ АЯҚТАЛАДЫ
Сапалы аппарат, оған қоса білікті әрі тәжірибелі маманның қызметі жүректің сырын дөп басады. Людмила Слюсареваның жүрек әлемінде жүргеніне 15 жыл болыпты. Алақандай «сиқырлы әлемнің» қыр-сырына бір кісідей қанық. Жинақтаған тәжірибесін еселеу мақсатында үш мәрте Мәскеуде біліктілігін жетілдіріпті. Өзі кардиолог болғандықтан аппарат арқылы тексерумен қатар науқасқа кеңес беруді әдетке айналдырған. Ол алдына көмек сұрай келген адамды мұқият тексеруге тырысады. Кез келген техникаға тіл бітіріп, оны басқаратын маман да кәсіби болмаса, қыруар қаржыға сатып алынған құрал-жабдық қаңырап қалары сөзсіз. Сол себепті ол әрдайым оқып, кардиография саласы бойынша сан кітапты парақтап тәжірибесін ұштауды кәсіби міндеті санайды.
Эхокардиография тәсілімен тексеру жүргізу көп уақыт алмайды. Дәрігерлер кейбір ауыр сырқатты азаматтарды тексеруге ұзаса жарты сағат уақыт жұмсаса, кей жағдайда тіптен бес-он минут ішінде тексеруді аяқтап үлгереді. Міне, қарап отырсаңыз, нәзік жүрек лүпілін анықтау үшін көп уақыт кетпейді, еш қиындық та туғызбайды. Сондықтан әркім ойлануы тиіс. Тым болмағанда жүрегі жайында нақты ақпарат алуға асыққаны абзал.
Қызмет ақылы, алайда оның құны ешкімнің де қалтасына айтарлықтай салмақ түсірмейді. Оған қоса әртүрлі жеңілдіктер жасалады. Ал жүректің қамын ойлаған адамға мұны ойлап жатудың өзі артық болар. Сондықтан бүгінгі айдарымыздың қонағы тұрғындарды уақыт оздырып алмай, дер кезінде жүректің дүрсіліне құлақ асуға шақырады.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

