АУРУДЫҢ АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛЕДІ

 

    Облыстық онкологиялық диспансерде аймақтық ғылыми-практикалық семинар өтті. Ақмола, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарының алдыңғы қатарлы мамандарының басын қосқан алқалы жиын қатерлі ісік ауруларының алдын алу және емдеу, оны жайылтпаудың негізгі жолдарын ортаға салды. Екі күндік семинардың алғашқы мәжілісіне облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмек ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Күлшат Карбузова қатысты. Семинарды Алматы қаласындағы онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Жеткерген Арзықұлов бастаған еліміздің бір топ жоғары білікті ғалымдары жүргізді.

 

    Екі күнге созылған ғылыми жиында Астана мен Алматы қалаларынан келген 15-ке жуық өз ісінің шеберлері бес аймақтың ақ желеңділеріне білген-түйгендерін үйретті. Мамандардың айтуынша, жоғарыда аталған облыстар тегіннен-тегін таңдалып алынған жоқ. Себебі осы облыстар онкологиялық сырқаттар бойынша алдыңғы қатарда. Сондықтан ғалымдар бар тәжірибені біріктіріп, ортақ мәселелерді ортаға салып, нақты шешім қабылдап, министрлікке ұсыныс ретінде жіберуді көздеп отыр. Олар павлодарлық дәрігерлердің атқарып жатқан жұмыстарының, жергілікті атқарушы билік тарапынан көрсетілетін қолдаудың жаман еместігін атап өтті. Семинарды ұйымдастырушылар қазірдің өзінде мемлекет тарапынан онкологиялық ауруларды ауыздықтауға барынша көмек беріліп жатқанын жеткізді. Бұл мәселелерді шешу жолдары 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасында да кеңінен айтылған. Енді қолға алынған іс-шараларды одан әрі ширату үшін дертпен күресте осал тұстарды дөп басуға аталмыш семинар өзіндік үлесін қосатынына ғалымдар сенімді. Мұндай шаралар әлем бойынша үлкен маңызға ие болып отыр. Себебі қатерлі ісікке қарсы халықаралық одақтың болжамдары бойынша 2010 жылы 8 миллион адам осы дерттен көз жұмуы мүмкін. Бірақ олардың қырық пайызын ажал аузынан алып қалуға әбден болады. Демек, бірлескен жұмыс қажет.

    - Онкологиялық аурулардың алдын алуға, одан көз жұматын азаматтар санын азайтудың жолын іздеуге бағытталған семинар өте маңызды деп санаймын. Облысымыз, өкінішке қарай, осы сырқаттар бойынша алдыңғы қатарда. Сондықтан мұндай шаралардың өңіріміз үшін мәні зор. Ғылыми жиында ғалымдар ауыр дерттің пайда болу себептерін терең зерттеп, алдын алу шараларын зерделейтін болады. Бұл өз кезегінде атқарылып жатқан жұмыстардың одан әрі нәтижелі болуына септігін тигізеді. Жергілікті билік ұсыныс-тілектерді қолдауға дайын, - деді Ә.Ғалымова.

    Ал К.Карбузова өз кезегінде министрлік тарапынан бар мүмкіндіктер жасалатынын тілге тиек етті. Сондай-ақ ол жергілікті атқарушы органдар да белгілі бір деңгейде қолдан келгенше жан-жақты қолдау көрсетсе деген тілегін білдірді. Келесі жылы жаңа бағдарламаға сәйкес онкологиялық сырқаттарға қатысты тағы бірнеше скринингтік бағдарлама іске асырылатыны мәлім болды. Бұл бағдарламалар колоректалды,  асқазан және простата қатерлі ісіктерін ерте анықтауға бағытталған. Скрингтік бағдарлама жүйелі түрде аурудың алдын алуға, ертерек анықтауға жол ашады. Демек, ерте анықталған дертті емдеу де дәрігерлер үшін біршама жеңіл болары анық. Соңғы бірнеше жыл бойы қолданылған екі скринингтік бағдарламаның көмегімен көптеген нәзік жандылардың ауруының алдын алып, қатерлі ісікке жеткізбей анықтау мүмкін болған. Дәрігерлер аталмыш сырқаттан көз жұмғандар көрсеткіші ауруды ерте анықтау, скринингтік бағдарламарды қолдану, мамандарды оқыту, емдеудің ең тиімді заманауи тәсілдерін енгізу нәтижесінде  төмендеді деген пікірде. Дегенмен, ғалымдар қолда бар құрал-жабдықтарды әлі де жаңарту керек деген ұсыныстарын бүгіп қалмады. Министрлік өкілінің айтуынша, бұған дейін әйел адамдардың денсаулығы жіті қадағаланып, ер азаматтар назардан тыс қалып қойған. Сондықтан жаңа бағдарлама осы олқылықтың орнын келтіретін болады. 

    Онкологиялық сырқаттар бойынша негізгі мәселелерге тоқталған Ж.Арзықұлов Павлодар облысының мысалы негізінде сырқатпен күресудің тиімді тетіктерін түсіндіріп берді. Қуантарлығы, қатерлі ісік дерттері біртіндеп төмендеп келеді. Алайда оның төмендеу қарқыны әлі бәсеңдеу. Сондықтан мамандар оны жеделтеу үшін заманауи технологияларды мықтап іске енгізу қажеттігін айтады. Яғни озық құрал-жабдықтар сатып алуға мән беру керек. Бұл мәселені министрлік біртіндеп шешіп жатыр. Мәселен, онкологиялық аурулардың алдын алып, емдеуге қажетті құрал-жабдықтармен қамтуға келесі жылы тек қана Павлодар облысының өзіне республикалық бюджеттен 4,5 млрд. теңге бөлінеді. Баяндамашы жергілікті билікке облыстық онкологиялық бағытқа шамамен 330 млн. теңге көлемінде қаржы  қарастыруды ұсынды. Сонда аймақтың онкологиялық сырқатпен күресу жолында бірқатар мәселелер өз шешімін табатын болады. Сонымен қатар аймағымызда онкологиялық орталық ашу мүмкіндіктері де қарастырылуда. Министрлік, атқарушы органдар саланы қажетті материалдық-техникалық базамен қамтыса, жоғарыда аталған ғылыми-зерттеу институты мамандарды оқытуды өз мойнына алмақ. Ғалымдар сонымен қатар жергілікті жоғары оқу орындары базасында онкологиялық аурулардың пайда болуы себептеріне ғылыми зерттеулер жүргізу қажеттігін құлаққағыс етті. Сонымен қатар соңғы кездері асқазан қатерлі ісігінің жиілеп кеткені айтылды. Жапонияда тұрғындардың тұзды тиісті мөлшерден артық пайдалану асқазанның қатерлі ісігіне әкелетін басты себеп деген тұжырым жасалыпты. Сондықтан мамандар салауатты өмір салтын насихаттауға жауапты азаматтарға дұрыс тамақтанып, тұздың асқазанға зиянын барынша түсіндіруді тапсырды. Дәрігерлердің айтуынша, әрбір адамның күнделікті пайдаланатын тамақ құрамындағы тұз мөлшері 8 грамнан асып кетсе, ол асқазанның шырышты қабығын зақымдайды, жиыла-жиыла ауру асқынып,  қатерлі ісікке соқтыратын көрінеді. Семинар барысында ғалымдар қатысушыларға теориялық білім беріп қана қоймай, іс жүзінде операция жасап, тәжірибелерімен бөлісті. Қос қаладан келген ғалымдар семинар қорытындысы бойынша Павлодар облысында арнайы орталық ашудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Ғылыми жиында айтылған ой-пікірлер, ұтымды ұсыныстар тиісті министрлікке жөнелтілмек. Бәрі де халықтың денсаулығын жақсартып, аурудың алдын алуға бағытталады. Бұл - келесі жылы жүзеге асатын бес жылдық бағдарламаның басты көздегені.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қыркүйек 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25
27 28 29 30