Өкінішке қарай, барша жұртшылық тексерілуді неден бастау керектігін біле бермейтіні рас. Кейде жүрек сыр берсе, оған мән бермей жүретініміз тағы бар. Сондай-ақ тексерілуді кейінге шегере беру орны толмас қайғыға душар етуі мүмкін екенін естен шығарып алатындар аз емес. Сондықтан бұл жөнінде кәсіби мамандардан сұрап көрдік. Жүрек сыр бергенде қолға алынуы тиіс алғашқы қадамдар жөнінде білу үшін Павлодар қалалық №2 аурухананың диагностикалық бөлімшесінің меңгерушісі Абдраманова Света Сағындыққызының көмегіне жүгінген едік.
- Света Сағындыққызы, жүрек, кеуде тұсында қандай да бір сырқаттану белгілері байқалса, алдымен не істеу керек?
- Соңғы кездері, өкінішке қарай, жүрек тұсындағы ауырсынулармен дәрігерлер көмегіне жүгінетіндер қатары жиілеп кетті. Әрине, ол белгілердің барлығы жүректің сырқаттанғанынан хабар бермеуі мүмкін. Яғни өзге де аурулардың әсері осындай сезімге әкелуі мүмкін. Дегенмен, қандай да бір белгі байқалса, кешіктірмей дәрігерлер көмегін алу қажет. Ондайды үнсіз қалдырмай, себебін анықтауға асыққан жөн. Белгілер тектен-текке болмайтыны анық. Сондықтан себебін білу үшін түбіне жету қажет. Студенттік кезімізде оқулықтарда көбінде жүрек аурулары бұл тек 50-60 жастан асқан егде адамдарға тән сырқаттар деп жазылатын. Солай білім алдық. Бірақ бүгінгі күні бұл олай еместігіне күнделікті жұмысымызда көзіміз жетіп жүр. Жүрек сырқаттары жасарып келеді. Орда бұзар отыз жастағылар да жүрек сырқаттарына шалдығып, әуре-сарсаңға түсіп жүр. Тіпті отыз жасқа жетпей инфаркты бастан кешіргендер де аз емес. Сондықтан бізді еңбекке жарамды, белсенді шақтарында азаматтардың мұндай сырқатқа душар болып жатқаны қатты алаңдатады.
- Оның басты себептері неде деп ойлайсыз?
- Жасыратыны жоқ, тұрғындардың өмір сүру салты бұрынғымен салыстырғанда түбегейлі өзгерді. Күнделікті қолданатын тағамдарымыздың да құрамы табиғилықтан алыстап барады. Зымыраған заманда бәріне үлгеру қажет. Адамдарға әртүрлі күйзелістер де өзінің кері әсерін тигізіп жатыр. Екінің бірінің астында автокөлік. Аяқ аттам жерге көлікпен барады. Ал дене қозғалысының аздығы да жүрекке салмақ түсіреді. Стрестік жұмыстар да жоқ емес. Оған жұмыстан кеш келіп, түн ортасында тамақтануды қосыңыз. Айта берсе, себеп көп. Оның бәрі алдымен жүрекке күш салады. Ешкім күнделікті күйбең тірлікпен тиісті режимді сақтап жатқан жоқ.
- Егер жүрек, кеуде тұстары қатты ауырып, мазаласа, алдымен қандай тексеруден өткен жөн?
- Егер де кенеттен шыдатпайтын, шаншу, қыса ауыру болса, онда міндетті түрде жедел жәрдем шақырып, дер кезінде көмек алған дұрыс. Көп жағдайда тұрғындар жастардың жүрегі сыр берсе, оған аса мән бермейді. Себебі баршаның санасында жүрек сырқаттары тек егде адамдарға ғана тән деген ой қалыптасып қалған. Қазіргі таңда осы ойдан арылатын кез келді. Оны өмірдің өзі көрсетіп отыр. Сондықтан лүпілдеген жүрек сыр берсе, ойланбастан, жасына қарамастан, жедел жәрдем шақыру қажет. Ал науқас өздігінен емханаға бара алатын жағдайда болса, онда кешіктірмей учаскелік дәрігерінің көмегіне жүгінгені абзал. Тексерулер емханалық деңгейде өтеді. Учаскелік дәрігер алдымен науқасты электрокардиограмма (ЭКГ) жасауға жібереді. Осы тексеру нәтижесіне сәйкес кардиологтың кеңесі беріледі. Әрбір емханада дәрігерлер электрокардиограмманы оқып, ондағы жазулардың сырын аша алады. Тіпті, мұндай тексеру нәтижесіндегі көріністі кез келген терапевт-дәрігер өзі-ақ байқай алады. ЭКГ-де ешқандай ауытқушылық байқалмаса, ал науқас жүрек тұсындағы ауырулар жүйелі түрде болатынын айтса, тексеруді одан әрі жалғастыру қажет. Яғни қанның жалпы талдауы, жүректің ультрадыбыстық тексеруі (УДТ) жасалады. Қандағы қант құрамы, холестерин мөлшері, бұлардың барлығы алғашқы кезеңде тексерілуі тиіс. Ал егер УДТ қорытындысы бойынша алынған көрініс көңілге қонымсыз, күдік туғызатын болса, онда жүктемелі сынау шаралары өткізіледі.
- Ол қандай шаралар?
- Бұл - заманауи әдістердің бірі. Велоэргометр, жүгіру жолағы-тредмил атты құрылғылардың көмегімен жасалады. Яғни жүрекке жүктеме түсіру арқылы, оның қаншалықты сырқат екенін анықтауға қолданылады. Әркімнің жас ерекшелігіне қарай өзіндік жекелеген жүктемелер бар. Бұл оңай шара емес. Міндетті түрде білікті маман науқастың жанында болуы шарт. Ол әрбір өзгерісті бақылауда ұстайды. Жанында реанимациялық дәріханашық болады. Өзге де қажетті құрылғылар дайын тұрады. Бұлар жүректің қысылу жағдайы орын алса, дер кезінде көмек көрсету үшін қажет. Сондықтан сақтық шаралары осы кабинетте жан-жақты қарастырылған. Кардиограммада байқалмаған жайттар жүктеме берілген кезде бірден анықталуы мүмкін. Егер жүректің ишемиялық сырқатының белгілері байқалса, бірден жедел көмек көрсетіледі. Ауыр сырқат белгілері табылса, бірден кардиохирургияға жібереміз. Жүктемелік сынау диагноз қою үшін қолданылады. Кейде науқастар жүрегі қысып, шақты немесе жүрек жұмысында іркіліс болды деп келеді. Алайда кардиограммада сырқаттың ешбір белгісі байқалмауы мүмкін. Сол себепті тәуліктік холтровтық мониторлау тәсілі пайдаланылады. Бұл әдіс арқылы тәулік бойы адам жүрегінің ЭКГ-сі жасалады. Науқастың денесіне электродтар тағылады. Тәулік бойы науқастың жағдайы жіті тексеріледі. Бір тәулік бойы науқас тамақтану, ұйықтау, серуендеу, жүгіру кезіндегі жүректегі өзгерістер денедегі электродтар арқылы жазылып отырады. Ал науқас тәулік бойы жасаған іс-қимылдарын уақытымен дәлме-дәл қағаз бетіне түсіріп отыруы тиіс. Дәрігер нәтижелерді, аппаратта сақталған мәліметтерді оқи отырып, бір қорытынды жасайды. Мұндай тәсіл де тиімді. Өйткені кейде науқастарда түнгі сақау жүрек ишемиясы болуы мүмкін. Дәл осы амал бұл сәтті аңғаруға мүмкіндік береді. Міне, осы кезең-кезеңімен өткен тексерулерден кейін дәрігер науқасқа нақты диагноз қояды. Егер науқаста стенокардия, жүректің ишемиялық сырқаттары анықталса, жүрек жұмысының ырғағы бұзылған, қандай да бір ақаулар, ауытқушылықтар болса, одан әрі науқасты коронографияға жібереді. Онда заманауи құрылғының көмегімен науқастың қан тамырлары жіті тексеріледі. Демек, соңғы нүктені коронораграфия тексеруі қояды. Осылайша, кеудедегі ауыру белгілері жүректің жұмысынан сыр берсе, сырқат нақтыланса, бірден кардиологтар іске кіріседі. Ал басқа жағдайда тиісті мамандар көмегіне жіберіледі. Себебі жүрек, кеуде тұсындағы ауырулар гормоналдық ауытқушылықтардан, көңіл-күйлік жағдайлардан болуы да мүмкін.
- Естуімізше, сіздерде интернет байланыс кабинеті бар көрінеді. Осы байланыстың тиімділігіне тоқталсаңыз...
- Негізі біздің бөлімше аты айтып тұрғандай, диагностикалау қызметтерін атқарады. Жүрекке әртүрлі тексеру шаралары жүргізіледі. Барлық кабинеттер заманауи құрылғылармен жабдықталған. Тұрғындарға 5 дәрігер, 6 медбике, 2 кіші медициналық қызметкер тиісті көмектерін көрсетеді. Ал интернет байланысқа келетін болсам, бұл ауруханамыздың бас дәрігері О.Мұқашевтың бастамасымен қолға алынған. Басты мақсатымыз - аудандармен байланысқа шығып, әріптестерімізге барынша қолғабыс жасау, шалғай елді мекендердегі тұрғындарды барынша көбірек қамту. Себебі барлық аудандарда соңғы үлгідегі құрал-жабдықтар жоқ, қолжетімсіз. Сондықтан интернет байланыс аудандардағы дәрігерлерге үлкен көмек. Олар науқастардың ЭКГ нәтижелерін арнайы бағдарламамен бізге жібереді. Күнде таңертең оларды қабылдап, ЭКГ-ні оқып, қажетті кеңес, бағыт-бағдар береміз. Жүректің өте қатты коронарлық ақауларын уыстан шығарып алмай, дер кезінде көмек көрсету үшін байланыстың орны зор. Көптеген аудандарда скайп құрылғысы бар. Ол арқылы аудан ауруханаларындағы науқастарды жанымызда отырғандай көріп, кеңес береміз. Бұл бізге өте маңызды. Себебі ЭКГ нәтижесімен бірге науқастың тыныс алуын, оның хал-жағдайын көзбен көру көп нәрседен хабар береді. Сонда ғана әріптестерімізді дұрыс арнаға бұра аламыз. Күрделі жағдайларды өзімізге алдырып, науқасты тексеруден өткіземіз.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.



Пікірлер
RSS лента .