Ақсу қалалық «Жедел жәрдем» станциясының ұжымы жерлестеріне жедел медициналық қызмет көрсетуге жауапты қарап, міндеттерін абыройлы орындауға тырысады. Жақында ғана алыстан арнайы комиссия келіп, жұмыстарымен жете танысқан болатын. Комиссия ақсулық жедел жәрдем қызметкерлерінің қызметіне оң баға берді. Мұның өзі - әр қызметкердің мамандығына адал болып, ұжымның ортақ ісіне бір кісідей жұмылатынының нәтижесі.
- Бізде өз ісінің майталмандары атанған дәрігерлер мен фельдшерлер бар, дейді жедел жәрдем станциясының бас дәрігері Есжан Қалиев. – Олар – дәрігер Сергей Гущин, фельдшерлер Ғалия Әмірханова, Гүлфия Закирова, Айымгүл Смағзанова. Жедел жәрдем қызметінде автокөлік жүргізушілердің еңбегі ерекше. Күндіз-түні жұмыс істейді. Нұрболат Жүкенов, Арыстан Құрманғазин, Алексей Ризаев сияқты жүргізушілерге адал еңбегі үшін ризашылығымды білдіргім келеді.
Тәртіп бойынша он мың адамға бір «Жедел жәрдем» бригадасы қызмет етуге тиіс. Ал Ақсуда жетпіс мың адам тұрады.
- Бізде қазір алты бригада жұмыс істейді. Оған қоса тағы бір бригада болуы керек. Сол себепті келесі жылы балалар дәрігері бригадасын құруды жоспарлап отырмыз, дейді бас дәрігер.
Тұрғындар қандай ауру түрімен «Жедел жәрдемді» шақырады дегенге келсек, көбінесе қан қысымының көтерілуі, жүрек талмасы, жарақаттану бойынша шақырулар жиі болады. Соңғы кезде жол апатына ұшырағандар көбейді. Бұған ішімдік ішіп рульді қолға алған жүргізушілер кінәлі. Осыны ескеріп, жол апаты жиі болатын Қалқаман кенті тұсында «Жедел жәрдем» станциясының бөлімшесі ашылды.
«Жедел жәрдем» станциясына ауылдардан да шақырулар болып тұрады. Баратын жерлері алыс. Мәселен, Қызылжар ауылы қаладан 80 шақырым қашықтықта орналасқан. Шақыру түскеннен кейін дәрігерлер қайтсе де көмектесуге асығады. Олардың пікірінше, науқастарды алдымен ауыл фельдшері қарауға тиіс. Содан кейін ғана қаладан «Жедел жәрдемді» шақыру туралы шешім қабылдануы керек. Станциядағы көліктердің аздығына байланысты әр сапарды ойластыру керек екен.
Бұрын «тамақ тоқ, көйлегі көк» еріккен балалар «Жедел жәрдемді» ойыншыққа айналдырып, жалған шақыратын. Телефонға анықтама-көрсеткіш қойылуы себепті еріккендер ермегіне тыйым салынды.
Станция қызметінде қандай жаңалықтар енгізілген дегенге келсек, «103 бағдарламасы» компьютерге енгізілді. Бұл компьютер арқылы кез келген шақыруды естуге мүмкіндік берді. Онда шақырған науқастың да, диспетчердің де даусы жазылады. Жаңа екі құрал алынып, бұлардың көмегімен науқастың ағзасында қанттың қандай мөлшерде екені анықталады.
Есжан Қалиев биыл Елбасымыздың қолынан екі автокөліктің кілтін алғанын мақтаныш сезімімен айтты. Сонымен бірге дүниеге екі сәбиі келіп, әке атанғанына қуанғанын да жеткізді.
Шығыс Қазақстан облысы Мақаншы ауданы Жарбұлақ ауылының тумасы Ақсуға шақырумен келіп, орталық ауруханада жеті жыл хирург болып еңбек еткен. Ол – бірінші дәрежедегі хирург дәрігер.
«Ұлық болсаң, кішік бол» дейді халқымыз. Меніңше, әр азамат кішіпейіл болуы керек! Қызмет – қолдың кірі, бүгін бар, ертең жоқ. Сондықтан халықтың, ұжымыңның, отбасыңның көзіне тура қарай алатындай адамгершілігі мол, адал тұлға бола білуің керек, - дейді денсаулық сақшысы.
Шамшат ЖҮНІСҚАЛИ,
Ақсу қаласы.

