«Денсаулық+» айдарымен жарық көретін мақалалар легін үзбей оқитын оқырмандардың бірімін. Енді міне, осы айдардың көмегіне жүгінуіме тура келіп отыр. Анам - 50 жаста. Оған жуырда дәрігерлер остеопороз деген диагноз қойыпты. Осы сырқат жөнінде кәсіби мамандардан кеңірек білгім келеді».
А.БАЙБОЛАТОВА,
Павлодар қаласының тұрғыны.
Редакциямызға келген оқырман хатындағы өтініш бойынша Павлодар қалалық №2 аурухананың рентгенолог-дәрігері Әйгерім Шапиғазықызы Тоқановаға хабарласқан едік. Төменде осы сырқатқа байланысты кәсіби маманның кеңесі беріліп отыр.
ОСТЕОПОРОЗ ДЕГЕН НЕ?
-
Оқырманның хатына толыққанды жауап беру үшін алдымен бұл сырқаттың түп-төркініне тоқталған жөн. Остеопороз – бұл қаңқаның жүйелі ауруы, ол сүйек массасының кішіреюімен және сүйек тканінің микроархитектоникасының бұзылуымен сипатталады. Мұның соңы сүйектің нәзіктігіне, оның жиі сынуына әкеледі. Сүйек негізінен кальцийден тұратынын барлығымыз білеміз. Кальций жетіспесе, сүйек сынғыш келеді. Яғни денені сәл ғана соғып алудың өзі сүйектің опырыла сынуына әкелуі мүмкін. Мұндай сырқаттың пайда болуына көптеген факторлар әсер етеді. Бастапқы остеопороздың дамуына қауіп төндіретін әсерлерді үш топқа бөліп қарастыруға болады. Бірінші топқа генетикалық және жеке қауіп факторлары жатады. Нақтырақ атап өтетін болсақ, олар – қарттық кез, 6-8 айдан астам уақыт нәресте емізу ұзақтығы, жүктіліктің көптілігі, бедеулік, етек кірдің жүйелі түрде келмеуі, ең алғашқы етек кірдің кешігуі, табиғи менопаузаның (етек кірдің тоқтау кезеңі) болуына дейін аналық безін алып тастау жағдайлары. Әйел адамдарда менопаузаның мерзімінен бұрын орын алуы, сондай-ақ операциялық араласулардан кейін (мысалы миоманы операциямен алып тастау және т.с.с.) менопаузаның басталуы да жоғарыда аталған аурудың дамуына соқтырады. Қарап отырсаңыздар, бұл сырқат көбінде нәзік жандыларда жиі кездеседі. Кальций ағзадағы гормондар арқылы сақталады. Әйелдер денсаулықтарына байланысты әртүрлі гормондық дәрі-дәрмектер қолданады. Өкінішке қарай, соңғы кездері әйелдерде етек кірдің тіпті отыз жаста тоқтап қалу жағдайлары жиі тіркелуде. Бұл өз кезегінде оны сырқатқа жетелейді. Негізі аталмыш ауру жасы келген қарттық шаққа тән сырқат. Бірақ бүгінде жасарып келе жатқаны алаңдатады. Етеккір тоқтағаннан кейін қартаю жылдамдайды. Сәйкесінше, сырқат дамуы да жеделдейді. Гормон дәрі-дәрмектері пайдалы болғанымен, кері әсері де бар. Бұл дертке тіпті 15-16 жастағы азаматтар шалдығып жатады. Оған, әрине, ағзаға кальцийдің жеткілікті мөлшерде түспей жатқандығы басты себеп. Өмір сүру салтын тиісті түрде жүргізбеу қауіптің екінші тобына жатады. Қозғалыстың аздығы да кері әсерін тигізеді. Ал дұрыс тамақтанбауға байланысты қатерлер - үшінші топтың еншісінде. Тағамдар табиғилықтан алыстап барады. Сондықтан кальцийді тағамнан тиісті мөлшерде алып жатқан жоқпыз. Яғни адамның ағзасына тамақ құрамымен бірге кальций тиісті мөлшерде түспесе, жеткіліксіз болса, бұл да остеопороздың дамуына кері әсерін тигізеді. Онымен қоса тамақта ақуыз, май мөлшері көп болса, кофені шамадан тыс, алкогольдік ішімдіктерді пайдалану да қауіпті. Ал екінші, қайталама остеопорозға да ықпал ететін факторлар аз емес. Сырқаттың бұл түріне көп жағдайда эндокриндік аурулар (улағыш алқымның ісуі, гипотиреоз, гиперпаратиреоз, гипогоназизм және т.б.), ревмотоидтық артрит, кейбір дәрі-дәрмектерді (преднизалон және т.б.) ұзақ мерзім пайдалану қауіп төндіреді.
СЫРҚАТТЫҢ НЕГІЗГІ БЕЛГІЛЕРІ ҚАНДАЙ?
Тұрғындардың сырқат белгілерінен де кеңінен хабардар болғаны абзал. Омыртқаның бел аумағында және құйымшақ бөліктерінде, жамбас буындары маңында ауырсыну белгілері остеопороз ауруынан сыр беруі мүмкін. Сонымен қатар мұндай ауырсынулар жіліншік-табан буындарында, жамбас сүйектерінде, қабырғада болуы ықтимал. Мұның барлығы остеопороздың белгісі болмауы мүмкін. Бірақ нық сенімді болу үшін тексерілуден өткен артық болмайды. Денеге салмақ түскен кезде, атмосфералық қысым және ауа райының құбылу сәттерінде ауырсынулар күшейе түседі. Омыртқа остеопорозы күшейген сайын арқада ауырсыну белгілері одан сайын жанға бата түседі. Одан кейін науқасты тіптен тұрақты түрде мазалап тұруы ықтимал. Себебі арқа мен омыртқа байланысының бұлшықеттеріне шамадан тыс салмақ түседі. Содан соң науқастың бойы аласарып, түр-келбеті өзгере бастайды, ал сүйек кез келген кішігірім жарақат кезінде сынуға бейім тұрады. Сүйектің сыну жағдайлары көбінде омыртқада, жамбас мойнында жиі орын алады.
ҚАЛАЙ АНЫҚТАУҒА БОЛАДЫ?
Остеопорозды анықтаудың стандартты жалғыз ғана жолы бар. Ол – денситометрия. Мұндай аппарат біздің ауруханамызда 2005 жылдан бері қолданыста. Облыста мұндай аппарат ешбір медициналық мекемеде жоқ. Францияның «CHALLENGER» атты заманауи құрылғысы әп-сәтте сырқатты анықтап береді. Бұл аппарат омыртқаның бел аумағын, жамбас сүйегінің мойнын және кәрі жіліктің дистальді бөлігін сканирден өткізеді. Себебі дененің осы бөліктері жиі сынады. Сондықтан ауруды алдын алу үшін өте қажет. Ауруды ең бастапқы кезінде анықтау ертерек емделуді бастау үшін керек-ақ. Аппарат бәрін автоматты түрде анықтайды. Компьютердегі арнайы бағдарламаға алдымызға келген науқастың барлық туған жылын, бой, салмақ өлшемдерін енгіземіз. Аппарат осы мәліметтерді қорытып, науқастың сүйек бөліктерін тексеріп, нәтиже шығарады. Сүйек құрамындағы жетіспеушіліктің нақты мөлшерін анықтап береді. Тиісті мөлшері қандай деңгейде болуы тиіс екендігін де көрсетеді. Сосын салыстыра келе, қорытынды жасаймыз. Диагностика жұмысы толығымен компьютердің көмегімен атқарылады. Ағзаға түсетін сәуле де еш қауіпсіз. Сондықтан одан қорғану құралдары мүлдем қолданылмайды. Бұл тәсіл остеопорозды анықтауға толық мүмкіндік береді. Яғни сүйектің минералды тығыздығының жағдайын анықтауда сенімді әрі нақты диагностика болып табылады. Зерттеу 15 жастан 95 жас аралығындағы оптималды салмағы 200 килограмға дейінгі азаматтарға жасалады. Тексерілу үшін алдын ала дайындалудың да қажеті жоқ. Тағы бір айта кетерлігі, аппарат сырқатты тек анықтап қана қоймайды, дәрігердің белгілеген ем-домдарының науқасқа қаншалықты тиімді әсер еткенін де тексеріп береді. Тексеруге небәрі 8-ден 18 минутқа дейін уақыт жұмсалады. Сондықтан сырқат белгілері байқалса, тұрғындар уақыт оздырмай, дер кезінде дәрігерлер көмегіне жүгінсе деймін. Кешіккен сайын оны емдеу қиындай түсетіні белгілі. Остеопороз сырқаты кезінде бірнеше мәрте сүйектің сыну жағдайлары орын алса, кальцийдің орнын толтыру қиын. Себебі кальций ағзаға ұзақ уақыт сіңеді. Демек, емдеу көпке созылады. Ал сынған сүйек адамдардың жас ерекшеліктеріне қарай әртүрлі бітуі мүмкін.
БҰЛ ТЕКСЕРІЛУ ҚАЙДА ЖАСАЛАДЫ?
Тексерілу үшін алысқа сапар шегудің қажеті жоқ. Павлодар қалалық № 2 ауруханасына жол тартсаңыз болғаны. Денситометрия кабинеті күн сайын сағат 08.00-ден 13.00-ге дейін қызмет көрсетеді. Сенбі және жексенбі күндері – демалыс. Біздің мекенжайымыз – Павлодар қаласы, Луначарский көшесі, 1, рентген кабинеті. Байланыс телефондары – 32-98-02, 32-48-76.
Жазып алған – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.


