Нашақорлық бүгінгі күні дүниежүзінде өзектілігімен алдыңғы орынға шыққан мәселелердің бірі екені баршаға мәлім. Әлемнің әр түкпірінде аталмыш ғасыр дертінің тамырына балта шабудың сан тәсілі қарастырылып, қолданысқа енгізілді. Бұл індеттің таралуына жол бермеу мақсатында аймағымызда түрлі бағыттағы шаралар ұйымдастырылуда.
«Елбасымен бірге ел қуатын еселейміз!», «Жастар салауаты өмір салты үшін!» деп ұрандатқан екі мыңға жуық жастардың акция-шеруі Павлодар қаласы Лермонтов көшесінен бастау алып, Кривенко көшесіне дейін жалғасты. Ауқымды шараға Павлодар қаласының жастар қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері, жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері, мектеп оқушылары мен денсаулық сақтау мекемелерінің жұмысшылары белсенділік танытты.
Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Тұңғышбай Баймаханов: «Бүгінгі акцияға денсаулық, мәдениет, білім беру мекемелері мен қоғамдық жастар бірлестіктерінің мүшелері қатысып отыр. Бұл - біздің мызғымас бірлігіміз бен ынтымақтастығымыздың айғағы. Салауатты өмір салты арқылы дені сау ұрпақ тәрбиелеуді насихаттап, барлығымыз бірлесіп, «Нашақорлыққа жол жоқ» деп айтайық, -деді өз сөзінде.
- Мұндай акциялар салауатты өмір салтын қалыптастыруды насихаттаушылар, яғни біз үшін өте қажет. Өйткені осындай жиындарда жұртшылыққа «ақ өлім» деген қорқынышты атқа ие дертке қарсылығымызды білдіре аламыз. Сондай-ақ жастар көкейіндегі мәселелерді бірлесе шешу мүмкіндігіне ие боламыз. Бүгінгі күні халық аталмыш аурудың алдын алудың қаншалықты маңызды екенін түсінді. Акция арқылы тұрғындардың зиянды әрекеттерден аулақ болуына әсер етуге болады, - деп «Жастар салауатты өмір салты үшін» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Азамат Аяпбергенов өз ойымен бөлісті.
Салауатты өмір салтын насихаттап, жаман індет - нашақорлық туралы тұрғындарды ақпараттандыруға бағытталған акция «Біз – дені сау халықпыз» шарасы мен қалалық шығармашылық ұжымдарының «Денсаулық – жастар қуаты» атты концерттік шоу-бағдарламаға ұласты.
Жадыра САТТАРОВА,
Ақмарал ӘДІЛБЕК.

