АСҚАЗАНЫМ АМАН, ТЫНЫСЫМ КЕҢ БОЛСЫН ДЕСЕҢІЗ...

Құрметті Павлодар қалалық №2 аурухананың қызметкерлері! Шыны керек, бұқаралық ақпарат құралдарынан еліміздегі, оның ішінде Павлодардағы медицина мекемелеріндегі қызмет сапасына қатысты жағымсыз ақпаратты жиі құлағым шалады. Әрине, бұдан кейін кім-кімнің де жүрегінде үрей болатыны анық. Міне, тағдырдың жазуымен, мен де ақ желеңділердің көмегіне жүгіндім. Дәлірек айтсам, Павлодар қалалық №2 ауруханасына түстім. Мен мұндағы тазалыққа, тәртіпке, медициналық қызметтің ұйымдастырылуына қайран қалдым. Сырқатыма байланысты Әлия Байсұлтанқызы Тұрғанова есімді дәрігерге жолдандым. Алғашқы сәттен-ақ оның мейіріміне, кәсіби шеберлігіне тәнті болдым. Мұндағы медбике Жібек Ахметбекова да барын салды. Әрбір мекемеде осындай жандар қатары көбейсе, нұр үстіне нұр болар еді.

 

Лидия Морозова,

Павлодар қаласының тұрғыны.

 

 

Аталмыш аурухананың хат қоржынына мұндай алғысқа, жылы лебізге толы хаттар көптеп түседі. Әрине, мұның барлығын тұрғындардың атқарылған іске берген бағалары деп түсінген жөн. Хат иесі эндоскопиялық тәсілдермен тексеру жүргізетін дәрігердің көмегін көрген. Осы тәсілдер жайында аурухананың эндоскопист-дәрігері Әлия Байсұлтанқызы Тұрғановадан кеңінен білген едік.

Эндоскопия – бұл адамның ішек-қуыс органдарына арнайы эндоскоп құралдарын енгізу арқылы ондағы өзгерістерді бақылауда ұстап, диагностикалық және емдеу амалдарын жүргізуге мүмкіндік беретін медицина саласы. Аурухананың мұндай кабинеттері ең озық технологиялармен жабдықталған. Жапондық өндірістен шыққан эзофагогастроскоп, колонофиброскоп және бронхофиброскоп сияқты заманауи аппараттар адамның ішкі құрылысындағы ауытқушылықтарды анықтауға мүмкіндік береді. Бұлардың әрбірі адам денсаулығы үшін өте маңызды. Себебі бұл құрылғылар асқазан, өкпе, ішек жолдарындағы әртүрлі ақауларды анықтайды. Мәселен, кейбір жандарды онкологиялық сырқаттарға жеткізбей анықтап, ем-дом жасауға жол ашады.

Айта кету керек, жоғарыда аталған тексеру түрлерінің әрбірі жоспарлы және шұғыл болып екіге бөлінеді. Енді осы эндоскопиялық тәсілдердің әрқайсысына жекелей тоқтайтын болсақ, жоспарлы эзофагогастроскопия диагноз қоюға немесе нақтылауға, тексерілетін ағзадағы өзгерістерді анықтауға бағытталған. Яғни асқазанның кез келген бұзылуы кезінде іште ауырсынулар болса, кекіру, тәбеттің төмендеуі, жұтыну қиындықтары орын алса, бірден жоспарлы эзафагогастроскопия жасалады Бұл тәсілдің шұғыл түрі ішек-қарын жолдарының жоғарғы бөлігінен қанның кетуін анықтайды, сондай-ақ органдағы бөтен затты диагностикалап, жоюды жүзеге асырады. Асқазанның хирургиялық ауруларын да тексере алатын көрінеді.

Ал фиброколонскопия тәсілі талшықты оптикасы бар иілгіш эндоскоптың көмегімен тоқ ішекті жан-жақты тексереді. Әлия Байсұлтанқызының айтуынша, оның жоспарлы түрі ісіктің барына күмән келтіретін клиникалық рентгенологиялық белгілері байқалғанда, іштің ұзақ уақыт қатуынан тоқ ішектің жаралық қабынуы кездерінде осы тәсіл кеңінен қолданылады. Шұғыл түрі науқаста ішектен заттың өтпеуі, қан кету және тоқ ішекте бөтен заттардың болуы орын алса, қолға алынады. Сайып келгенде, аталмыш тәсілдердің барлығы науқастарды онкологиялық сырқаттардан сақтау үшін, ауруды ертерек анықтау үшін аса қажет.

Эндоскопиялық тәсілдердің ішінде бронхофиброскопияның да адам өмірі үшін алар орны ерекше. Себебі дәл осы тәсіл кеңірдек және орталық кеңірдек тарамының ішкі кеңістіктерін айқын тексереді. Сондай-ақ бронхоскоп атты аппараттың көмегімен емдеу-диагностикалық амалдарын да атқарады. Мамандардың пікірінше, соңғы кездері елімізде тыныс алу органдарының сырқаттары кең тараған аурулар қатарына енуде. Кәсіби маманның сөзіне сүйенсек, егер науқастың кеңірдегі мен орталық кеңірдек тарамында ісік немесе ісіктің болуы мүмкін деген болжам жасалса, қан түкіріп, кеңірдек тарамы мен өкпеде қабыну процестері анықталса, жоспарлы бронхофиброскопия белгіленеді. Диагностикалық бронхофиброскопиямен қатар емдеуге арналған бронхофиброскопия шарасы жүргізіледі. Яғни антибиотиктер, қақырықты сұйылтатын дәрілер, ферменттер арнайы құрылғы арқылы өкпеге енгізіледі. Мұның барлығы тыныс алуға бөгет болып тұратын қақырықтың өкпеден оңай шығуына жол ашады, қабынуды емдейді. Сонымен қатар мұндай тексерулер өкпе дертіне шалдыққандарға, созылмалы бронхиті бар науқастарға белгіленеді. Себебі науқастар сырқаттарына байланысты ұзақ уақыт дәрі-дәрмек қабылдайды, сәйкесінше, асқазан ауруының пайда болуына соқтырады. Демек, өкпесі ауыратын адамның асқазанын да әрдайым бақылауда ұстау қажет. Әлия Тұрғанова бронхофиброскопиядан өту үшін науқастарға төмендегідей талдаулар мен тексеру нәтижелерінің болғаны дұрыс дейді: көкірек қуысының шолу рентгенографиясы, сипорграфия нәтижесі, ЭКГ, қан талдаулары (RW, СПИД), туберкулездің бар-жоғына көз жеткізу үшін қақырық талдауы.

Кәсіби маманның айтуынша, адамдарда кездесетін жоғарыда аталған сырқаттардың пайда болуына көптеген факторлар кері әсерін тигізуде. Мәселен, тыныс алу органдарының сырқатына бәрінен де экологиялық ахуал, адамдардың салауатты өмір салтынан алыстап, темекіге әуестік сияқты зиянды әрекеттерге бой алдыруы әкеледі. Осындай себептердің кесірінен өкпе, тыныс алу мүшелері қалыпты жағдайдан ауытқи бастайды. Соңғы кездері онкологиялық сырқаттар да адамзатты алаңдатып отырғаны белгілі. Бұған ауаның, судың ластану жағдайлары зиянын келтіріп жатқанын мамандар алға тартады. Мәселен, асқазанның қатерлі ісігі сияқты сырқаттар жиілеп барады. Мұндай ауруларға дұрыс тамақтанбаудың да қосар «үлесі» зор. Сондықтан Әлия Байсұлтанқызы тұрғындарға мынандай кеңес береді:

- Ас - адамның арқауы. Дегенмен, дұрыс тамақтанбаудың да адам ағзасына кері әсері бар. Мәселен, асқазан, ішек-қарын жолдарының сырқаттануына әкеледі. Әсіресе, ет тағамдарына, ұн өнімдеріне әуестік асқазанға салмақ түсіреді, соңы сырқатқа жетелейді. Себебі оның құрамында көміртек көп болады. Тағам құрамында майдың да көп болуы зиян. Мұның барлығы клетчатканың болмауына әкеледі. Сондықтан барынша орамжапырақ, қияр, сәбіз сияқты көкөністерді көбірек пайдаланған жөн. Консервілерді де ас мәзірінен қолдан келгенше азайту қажет. Себебі көп уақыт сақталатын тағамда әрі сақтау үшін сірке суы қосылатындықтан, оның құнарлығы біртіндеп жоғала бастайды, сәйкесінше, ағзаға әкелер пайдасы аз. Бұқтырылған, ашытылған орамжапырақ асқазанға өте жайлы келеді. Пайдасы да молынан. Қозғалыстың аздығы да белгілі бір деңгейде адам организміне залал келтіреді. Тұрғындарға айтарым, қыс мезгілінің өзінде қолдан келгенше жаңа піскен тағамдарды қолдануға мән берген абзал. Ыстық шайға құмарлық та асқазан, ішек-қарын органдарына өте зиян. Осыны халық естен шығармаса деймін. Мұндай әуестіктер асқазанның қатерлі ісігіне соқтыруы ықтимал. Ал өкпе рагына душар болмау үшін тұрғындарды шылым шегуден аулақ болуға шақырар едім. Өйткені темекі тарту да - өкпенің қатерлі ісігіне жетелейтін «тура жол». Сондықтан дер кезінде тексеріліп, қауіпті сырқаттың алдын алуға асыққаннан артық амал жоқ. Ал бүгінде елімізде аурудың алдын алуға көп көңіл бөлініп жатқаны белгілі.

Аталмыш аурухана жыл сайын науқастарға көрсететін қызмет түрлерін көбейтіп, сапасын арттыруға терең мән береді. Соның бір дәлелі, Әлия Тұрғанованың айтуынша, келесі жылы аурухана диатермокоагуляцияға арналған құрылғы сатып алуды көздеп отыр. Аталмыш заманауи аппарат ішек-қарын жолдарының рагының алдын алуға, ішек-қарын жолдарындағы қанның кетуін дер кезінде тоқтатуға, полипэктомия (ағзадағы артық еттерді, өскіндерді алып тастау) тәсілін өткізуге арналған. Полиптер көбінде қарттық шақта, қарияларда көптеп кездеседі екен. Кәсіби дәрігердің сөзінше, мұндай электрохирургиялық полипэктомия бүгінгі күні ішек-қарын жолдарының қатерлі ісік ауруларының алдын алатын рационалды әрі бірден бір шара болып табылатын көрінеді.

Байқап отырсаңыздар, аурудың алдын алу үшін ең дұрысы дер кезінде кәсіби маманның көмегіне жүгіну қажет. Міне, сондай кәсіби дәрігерлердің бірі - №2 Павлодар қалалық ауруханасының эндоскопист-дәрігері Әлия Байсұлтанқызы Тұрғанова. Өмірінің 24 жылын осы салаға арнаған жоғары категориялы дәрігер әрдайым ізденіс үстінде жүреді. Білімін жетілдіріп, соңғы жаңалықтарға құлақ асуды кәсіби әдетіне айналдырыпты. Осындай мақсатпен Мәскеу, Омбы, Санкт-Петербург, Алматы қалаларында біліктілігін арттырған. Мұның барлығы тұрғындарға барынша сапалы қызмет көрсету үшін жасалып жатқан әрекеттер, дейді ол. Ендеше, кәсіби маман көмегіне жүгінгіңіз келсе, Павлодар қаласы Луначарский көшесі, 1 мекенжайында орналасқан №2 Павлодар қалалық ауруханасына жол тартыңыз.

Байланыс телефондары: 32-32-48, 32-98-02.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қазан 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 31