ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасы бойынша халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын қолдау мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі мен фармацевтикалық қызметті жүзеге асыратын қауымдастықтар арасында әлеуметтік елеулі дәрілік препараттар бағаларының өсуін тежеу туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті.
Халықты дәрілік қамтамасыз ету мәселесі – тек қана Денсаулық сақтау министрлігінің және жергілікті атқарушы органдардың басымды міндеті емес, бұл фармацевтикалық нарыққа қатысушылардың барлығының міндеті.
Бүгінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бұдан әрі - ТМККК) шеңберінде денсаулық сақтау ұйымдарын дәрілік препараттармен қамтамасыз ету Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен тізім бойынша «СҚ-Фармация» ЖШС арқылы жүзеге асырылады.
Денсаулық сақтау ұйымдарының дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуі бүгінгі таңда 99% құрайды.
Амбулаториялық деңгейде ТМККК шеңберінде тегін және жеңілдікті дәрілік қамтамасыз ету «Амбулаториялық деңгейде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде халыққа тегін және жеңілдікпен қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар және медициналық мақсаттағы бұйымдардың тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2009 жылғы 4 қыркүйектегі № 446 бұйрығымен бекітілген Тізбе бойынша республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен жүзеге асырылады.
Бұл Тізбе бойынша 36 нозология бойынша науқастар тегін қамтамасыз етіледі, 0,5 коэффициентімен - 7 нозология бойынша науқастар жеңілдікті жағдаймен қамтамасыз етіледі.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі халықтың әлеуметтік жағынан осал және аз қамтылған топтарын қолдау мақсатында, сондай-ақ халықтың дәрілік заттарға қол жетімділігін қамтамасыз ету үшін «Фарммединдустрия», Медициналық техниканы жеткізушілер, Фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту, Фармацевтикалық өнім дистрибьюторлары, Қазақстан Республикасындағы фармацевтикалық фирмалары өкілдіктерінің қауымдастықтарына әлеуметтік-елеулі дәрілік препараттар бағаларын тежеу туралы ұсыныс жасады.
Бірлесіп жасаған жұмыс нәтижесі бойынша Денсаулық сақтау министрлігі мен фармацевтикалық қызметті жүзеге асыратын қауымдастықтар арасында халықтың әлеуметтік жағынан осал және аз қамтылған топтары жиі қолданатын ТМККК-ге кірмеген дәрілік заттардың 150 атауы бойынша бағаларын тіркеу туралы Меморандумға қол қойылды.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі

