Ертістің Павлодар өңірінде «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ-ның күндері өтті. Дәлірек айтсақ, қараша айының 2-3 күндері аталмыш холдинг Басқармасының төрағасы Елжан Біртанов бастаған жиырмадан астам жоғары кәсіби мамандар павлодарлық әріптестеріне жан-жақты көмек көрсетіп, елімізде қолданысқа енгізіліп жатқан жоғары технологиялы тәсілдердің қыр-сырын үйретіп, білген-түйгендерімен бөлісті. Айта кету керек, бұл ұсыныс Павлодар облысы әкімдігі тарапынан жасалған. Холдинг басшылығы павлодарлықтардың тілегін қабыл алып, аймағымызға ат басын тіреді. Екі күндік акцияның алғашқы шарасы Достық үйінде холдинг күндерінің тұсаукесеріне арналған дөңгелек үстел шарасымен басталды. Оған облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысты. Сондай-ақ, шараға холдинг өкілдерімен қатар оған қарасты еншілес ұйымдардың бас директорлары да қатысып, өз ойларын ортаға салу мүмкіндігіне ие болды.
Қос тараптың әріптестігі жалғасын табады
Аймақ басшылығы жоғары кәсіби мамандардың келуі павлодарлық ақ желеңділердің біліктіліктерін арттырып, жоғары технологиялы медицинаның халыққа қолжетімді болуына қадам жасайды деп отыр. Ал холдингтің өңіріміздегі күндері ең алдымен аймақтық денсаулық сақтау саласын дамыту арқылы отандық медицина сапасын арттыруды көздейді. Қарап отырсаңыздар, екі тараптың да көздегені – бір. Яғни қазақстандықтардың денсаулығын жақсартудың тиімді тәсілдерін барынша қолданысқа енгізуге мән беру. Себебі бұл - әлемдік жоғары технологиялы медицинадан қалыс қалмаудың амалы. Мұны дөңгелек үстел басына жиналған лауазымды азаматтар сөз етті.
«Ұлттық медициналық холдинг» АҚ 2008 жылы Елбасының бастамасымен құрылған. Холдинг құрылымына ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы, республикалық балаларды оңалту орталығы, республикалық нейрохирургия ғылыми орталығы, республикалық диагностикалық орталығы, республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығы кіреді. Енді биылғы жылдың соңына дейін кардиохирургиялық орталық құрылысы аяқталып, қолданысқа берілмек. Басқарма төрағасы Елжан Біртановтың айтуынша, аталмыш орталықтар әлемдегі ең озық технологияларды қолданысқа енгізуге барынша көңіл бөлуде. Енгізіп қана қоймай, оны ел аумағында жүзеге асырудың мүмкіндіктеріне де мән беріліп жатқанға ұқсайды. Соның бір дәлелі холдинг күндерін өткізу болса керек. Мұндай акция бұған дейін Ақтау қаласында ұйымдастырылған көрінеді. Алдағы уақытта өзге де өңірлерде жүзеге асыру көзделіп отыр.
Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев холдинг өкілдеріне павлодарлықтардың ұсынысын жерге тастамай, қабыл алғандары үшін алғысын білдіре келе, алдағы уақытта мұндай әріптестік байланыс жалғасын табатынын жеткізді.
- Денсаулық сақтау саласын дамыту, медицинаның халыққа қолжетімді болуын қамтамасыз ету - Елбасының Жолдауында айтылған негізгі саяси бағыттардың бірі. Ал ең озық технологияларды енгізу денсаулық сақтау саласын алға жетелейтін тетік екені сөзсіз. Сондықтан астаналық жоғары кәсіби маманданған дәрігерлер жергілікті әріптестеріне көп нәрсе үйретіп, аймақ медицинасын бір қадам алға бастыратынына сенемін. Шеберлік сыныптарының, әртүрлі кәсіби дәрістердің павлодарлықтарға пайдасы мол болады деген ойдамын. Сонымен қатар жерлестеріміздің өзге елге ағылмай, өз жерінде сапалы медициналық көмек алу мүмкіндігі арта түссе, игі, - деді аймақ басшысы Б.Сағынтаев.
Облыс басшысы меймандарға Павлодар аймағында денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан игі істермен бірге бірқатар күрмеулі мәселелерді мәлімдеді. Мәселен, «100 аурухана, 100 мектеп» бағдарламасы бойынша бой көтерген Железинка және Май аудандық ауруханалары, Павлодар және Ақсу қалаларында ашылған емханалар, облыс орталығында жуырда ғана қолданысқа берілген туберкулезге қарсы диспансердің аймақ медицинасына өзіндік оң өзгерістер әкелетіні айтылды. Бүгіннің өзінде кейбір сырқат түрлері бойынша көрсеткіштердің төмендеп келе жатқаны қуантады. Нақтырақ айтсақ, сәбилердің шетінеуі 26 пайызға, жүректің ишемиялық сырқаттары 16 пайызға төмендеген. Туберкулез көрсеткіші де біршама төмендеу үрдісіне ие. Сонымен қатар келесі жылдың ортасында құрылыс жұмыстары аяқталатын кардиохирургиялық орталықтың да өңіріміз үшін маңызы аталды. Аймақ басшысы облыста онкологиялық сырқат көрсеткішінің соңғы он жыл ішінде еш төмендемей, республикалық орташа көрсеткіштен 1,5 есе асып отырғанына алаңдаушылық танытты. Бұл мәселенің түйінін шешуде Үкімет тарапынан қолдау тапқан онкологиялық диспансер құрылысының септігі аз болмайтыны айтылды.
Ал Елжан Біртанов холдинг бүгінде әлемдік озық технологияларды барынша қолдану арқылы жылына 25 мыңнан астам тұрғынға жоғары мамандандырылған көмек көрсететінін атап өтті. Ал бұл қызметтің 90 пайызы республикалық қазынадан төленеді, яғни тегін. Холдинг базасында жылына 800-ден астам дәрігер біліктілігін арттырып, кәсіби білімін жетілдіреді екен. Елбасы холдингті «болашақ госпиталін» қалыптастыру үшін құрғанын жеткізді ол. Демек, әлемдік медицина дамуымен ілесе отырып, отандық медицинаны өзгеден кем қылмау қажет. Бұл орайда шетелдік мамандармен әріптестік қатынас орнату тәжірибесі мықтап қолға алынған екен. Мәселен, холдинг басшылығы Израиль, Германия, Австрия сынды медицина саласында алдыңғы қатардағы елдермен келісімшарттар жасап, бүгінде бірлескен жұмыстар атқаруда. Ол сондай-ақ павлодарлықтармен алдағы уақытта да байланыс бекітуге холдингтің мүмкіндігі де, кәсіби мамандардың құлшынысы да жеткілікті екенін ерекше атап өтті. Дөңгелек үстел барысында әрбір орталық директоры өздерінде алғаш рет қолданысқа енгізіліп жатқан емдеудің соңғы үлгідегі әдіс-тәсілдерімен бөлісті. Кейбір орталықтар бұған дейін де жергілікті медициналық мекемелермен байланыс орнатқан көрінеді. Мәселен, республикалық балаларды оңалту орталығы павлодарлық «Самал» оңалту орталығымен тәжірибе алмасу жұмыстарын әлдеқашан бастап кетіпті. Ал холдинг құрамындағы республикалық нейрохирургиялық ғылыми орталығының бас директоры С.Ақшолақов Павлодар облысы еліміздің индустриялдық орталығы болғандықтан, мұнда медицина саласын қажетті құрал-жабдықтармен қамту ісінде тежеу болмайтынына сенім білдірді. Ал дәрігерлерді оқыту, оларға озық технологияларды үйрету мәселесін өз мойындарына алатындарын жеткізді. Бұл орайда облыс әкімі Б.Сағынтаев мамандардың ұсыныстарын ескеретінін, аймақтың денсаулық сақтау саласын қажетті құрал-жабдықтармен қамту ісіне барынша көңіл бөлінетінін айтты. 2011 жылдың бюджетінде де осы бағытқа баса мән берілетінін жеткізді. Дегенмен, бір мезгілде бәрін жарылқау мүмкін еместігін де жасырмады. Сондықтан кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстары қолға алынатынына уәде етті.
Өзекті сауал - тұшымды жауап
Бұдан кейін холдинг өкілдері жергілікті БАҚ өкілдері үшін баспасөз мәжілісін өткізіп, бірқатар сауалдарға жауап берді. Мұнда алдымен елімізде сырқаттардың пайда болуына әкелетін себептерді зерттеу жұмыстарына қаншалықты мән берілетіні жөнінде сөз болды. Е.Біртанов өзекті сырқат түрлеріне талдау жасау қызметі республика бойынша денсаулық сақтау саласының міндеттерінің бірі екенін жасырмады. Сәйкесінше, оған жауапты бөлімшелері барын жеткізді. Соңғы кездері бұл бағытта іс-шаралар қолға алынып, аурудың алдын алуға және алғашқы медициналық-санитарлық көмекке мән беріліп жатқанын мәлімдеді.
- Холдингтің басты мақсаты – орталықтарда қолданыстағы технологияларды өңірлердің медицинасына барынша кіріктіру, дәрігерлер мен медбикелерді оқыту арқылы үздік құрылғылардың жұмыс істеуіне қолғабыс жасау. Алғабасушылықтың барын жоққа шығаруға келмес. Мәселен, он жыл бұрын ортокоронарлы шунтирлеу операциясы елімізде мүлдем жасалмаса әрі қымбат саналса, бүгінде бұл тәсіл аймақтардың өзінде жүзеге асырылуда, - деді Е.Біртанов.
Кездесу барысында мамандарды оқыту мәселесі де айтылды. Басқарма төрағасының айтуынша, медициналық холдинг мамандарды оқыту мәселесіне де барынша мән беруде. Жуырда ғана холдинг Н.Назарбаев атындағы университеттің бір бөлігіне айналыпты. Демек, жаңа университетте халықаралық стандарттар бойынша дәрігерлерді оқыту қолға алынбақ. Яғни студенттер теориямен қатар холдинг базасы негізінде тәжірибе алу мүмкіндігіне ие болмақ.
Науқастарды шетелге ағылтпай, елімізге тарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар да әңгіме арқауына айналды. Бұл орайда астаналық меймандар мемлекеттің медицинаға барынша көңіл бөліп жатқанын, тиімді тәсілдердің қолданысқа енгізілуі осы мәселенің түйінін шешуге бағытталған ауқымды іс екенін мәлімдеді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесі де жоқ емес көрінеді. Соңғы кездері күрделі операциялар жүзеге асырылуда. Мәселен, буындарды ауыстыру сынды бұрын-соңды елімізде жасалмаған тәсілдер ел игілігіне жарауда. Бүйректі ауыстыру операциялары да алдағы күннің еншісінде. Бұл бағытта алғашқы қадамдар жасалып жатқан көрінеді.
Балалардың туа біткен жүрек ақаулары сырқаттарын емдеу жолындағы іс-шаралар да кеңінен сөз болды. Холдинг өкілдерінің сөзінше, балалар кардиохирургиясы да мықтап қолға алынбақ. Биыл жыл соңына дейін аяқталатын Ұлттық кардиохирургиялық орталықта балалар кардиохирургиясы қарастырылмақ. Яғни туа біткен жүрек ақауы бар нәрестелерге ерекше күтім жүргізіліп, тиісті көмек беріледі. Ал оларға операция жасауды, сәтін салса, келесі жылдың орта шенінде бастау көзделіп отыр. Еліміздің денсаулық сақтау саласын әуе көліктерімен қамту мәселесінің жай-күйі де айтылды. Е.Біртановтың айтуынша, осыған байланысты Үкіметте арнайы бағдарлама дайындалып жатыр, келесі жылы алты тікұшақ сатып алу жоспарда бар екен. Одан кейін біртіндеп оның санын 13-ке жеткізу көзделуде.
Күрделі операциялар жасалды
Екі күндік акция барысындағы ең бастысы ұлттық медициналық холдингтің көшпелі бригадасы жергілікті тұрғындар үшін кеңес беріп, бірқатар бірегей және сирек жасалатын операцияларды өткізді. Кепілдендірілген медициналық көмек көлемі негізінде бәрі республикалық қазына қаражаты есебінен жасалды. Күрделі сүйек сынықтарына операция жасаудың заманауи тәсілдері үйретілді. Төрт павлодарлыққа жамбас, сан жамбас сүйектеріндегі сынықтарға операция жасалса, нейрохирургия орталығының мамандары бас миының ісігін микрохирургиялық алып тастау және омыртқасының бағанын қалпына келтіру-тұрақтандыру операцияларын жүргізді. Ал ана мен бала орталығының дәрігерлері баланың туа біткен маймақтығы бойынша Зацепин операциясын және әйелдерге жатырдың миомасы кезінде мүшелерді сақтап қалу бойынша операция жасады. Республикалық жедел медициналық жәрдем орталығының мамандары үлкен жіліншік, сан және иық сүйегіне озық тәсілді операция өткізді.
Акцияның алғашқы күнінде жасалған операциялармен қатар ғылыми-практикалық конференция, кеңес беру, шеберлік сыныптары шаралары да жүзеге асты. Екі тарап арасында әріптестікті дамытудың мәселелеріне арналған дөңгелек үстел шарасы да өтті. Мәселен, Павлодар қалалық №1 ауруханасында «Павлодар облысындағы нейрохирургиялық қызметке - 30 жыл» атты ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Оған облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова қатысты. Сондай-ақ астаналық меймандар әріптестерін мерейтоймен құттықтап, білген-түйгендерін ортаға салды. Аймақта бұл қызмет 1980 жылы аталмыш аурухана базасында бөлімше ретінде ашылған болатын. Міне, содан бері павлодарлықтар тәжірибелерін ұштап, осы қызметтің алға басуына аянбай еңбек етуде. С.Ақшолақов жергілікті әріптестерін құттықтай келе, елімізде осы бағытта атқарылып жатқан істерге тоқталды. Ол өзі басқарып отырған орталық құрылғаннан бері (2008 ж.) емдеудің, диагностика жасаудың 18 озық тәсілі қолданысқа енгізілгенін жеткізді. Бас миының, бас сүйегі негізінің ісіктеріне операция жасау қолға алынған. Қантамыр нейрохирургиясының тәсілдері, жаңа туған нәрестелердің нейрохирургиясы да енгізілген екен. Кәсіби маман соңғы кездері нәрестелерде туа біткен бас сүйек-миының жарықтары сырқаты көбейіп келе жатқанына алаңдаушылық танытты. Міне, осы мәселеге де орталықта көп көңіл бөлініп жатқан сыңайлы. Ғылыми жиында жергілікті мамандармен қатар меймандар нейрохирургия саласының өзекті мәселелерін ортаға салып, ой бөлісті.
Екі күнде тындырылған істерге, айтылған жаңалықтарға қарап, холдинг қарамағындағы жоғары мамандандырылған орталықтарда атқарылған жұмыстар да, қолға алынбақ ауқымды істер де аз еместігін байқау қиынға түспейді. Енді, аталмыш акция сипатында осы игіліктердің шарапаты алдағы уақытта да аймақ жұртшылығына тие берсін демекпіз.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

