УЛЬТРАДЫБЫСТЫҚ ЗЕРТТЕУДIҢ ҚАНДАЙ ПАЙДАСЫ БАР?

 

Бұл сұрақтың жауабын жалпы, ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) жөнінде біліп жүру, оның адам денсаулығы үшін қаншалықты маңызды екенінен хабардар болу ешкімге артықтық етпес. Сондықтан бұл жөнінде Павлодар қалалық №2 аурухананың диагностикалық бөлімшесінің УДЗ дәрігері Майра Ибраева кеңірек айтып береді. Ол осы саланың білікті мамандарының бірі деуге болады. Алты жылын осы бағытқа арнапты. Дәрігерлердің біліктілігін арттыру институтында бүйрек, қалқанша безі, кіші жамбас органдарының, құрсақ қуысының УДЗ бойынша білімін жетілдіріп, маманданған.

 

- Алдымен УДЗ-ның артықшылықтарына тоқталып кетсеңіз...

- Адам ағзаларын зерттеуде УДЗ ең ақпараттық тәсілдердің бірі болып табылады. Ішкі органдардағы өзгерістерді дөп басып, қай жерде ауытқушылықтың орын алғанын аңғаруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде емдеуші дәрігердің дұрыс бағытта ем-дом шараларын жүргізуге септігін тигізеді. Біз УДЗ арқылы бауыр, бүйрек, құрсақ қуысын, кіші жамбас органдарын, өтті, ұйқы безін, қалқанша бездерін, тіпті жүректі зерттейміз. Кейде науқастар жүрегіндегі ауырсыну белгілерімен кардиологияға түседі. Алғашқы белгілер бойынша миокард инфаркты болуы мүмкін деген болжам жасалады. Өйткені оның жүрегіне жасалған электрокардиограммада осы сырқатты меңзеп тұрған өзгерістер болуы мүмкін. Бірақ бұлар тікелей емес, жанама белгілер болуы ықтимал. Сондықтан осыны ескере отырып, емдеуші дәрігер өзге де сырқаттар болуы мүмкін деген болжаммен науқасты құрсақ қуысына УДЗ жасауға жолдайды. Тәжірибемізде мұндай жағдайлар аз болған жоқ. Сондай азаматтардың біріне УДЗ жасау кезінде бар гәп жүректе емес, өт қабының мойнында жиналған тастан екені анықталды. Кейде мұндай күдіктер өт қабының, ұйқы безінің қабынулары кезінде де болуы мүмкін. Тағы бір мысал келтіре кетсем, жуырда бір әйел көп уақыт ентікпенің мазалағанын айтып, алдымызға келді. Бұған дейін ауылдық жерде зерттеуден өткен. Бірақ ескі құрылғы ағзадағы өзгерісті байқай алмаған. ЭКГ жасап, еш өзгеріс анықталмаған. Науқасқа зерттеу жүргізіп, жүрегінде ісіктің барын анықтадық. Астанаға жолдама алып, операция жасалды. Мұндай жағдай сирек кездеседі, алайда, өкініштісі, орын алуда. Бір сөзбен айтқанда, УДЗ емдеуші дәрігер үшін ақпараттық тұрғыдан таптырмас көмекші әрі қосымша тәсіл болып табылады. УДЗ - қарапайым әрі әркімге қолжетімді, ешбір зиянсыз, аса қымбат та емес зерттеудің озық ақпараттық тәсілі.

- Негізгі міндеттеріңіз қандай?

- УДЗ, негізінен, зерттейтін органдардың қызметін, олардың жұмыс істеу барысын анықтамайды. Есесіне, осы ағзаларда түзілген қандай да бір ауытқушылықтарды дөп басып айта алады. Заманауи құрылғы арқылы сары судың пайда болуын, оның көлемдерін анықтаймыз, қалқанша безіндегі өзгерістерді көре аламыз. Жүректегі қанның ұйып қалу жағдайларын көру мүмкіндігі де бар. Байқалған өзгерістерге қарай науқасты тиісті дәрігерге бағыттау - міндетіміз. Себебі дер кезінде тиісті дәрігердің қолына түскен науқастың сырқатын емдеу де барынша нәтижелі болады. Біздің байқағандарымызға қарап, емдеуші дәрігер емдеу тәсілдері мен бағыттарын басқа арнаға бұрулары ықтимал.

Дегенмен, УДЗ өзгерістердің бәрін анықтай алмауы мүмкін. Кейде бауыр, ұйқы безін қарап, ешнәрсені көре алмаймыз. Мұндай жағдайда уақыт оздырып алмас үшін науқасты компьютерлік томографияға жібереміз. Онда нақты анықталады, себебі мұндай құрылғы ағзаның бүге-шігесіне дейін зерттейді. Тіпті аса кіші түзілістердің өзін 100 пайыз байқайды. Құрсақ қуысының сұйықтығын анықтау мүмкіндігіміз де бар. Бауырдың циррозын зерттейміз. Кіші жамбас органдарын зерттеу де - қажетті шаралардың бірі. Яғни гинекологиялық зерттеулер кезінде емдеуші дәрігер үшін науқаста онкологиялық түзілістердің бар-жоғын анықтау маңызды болып келеді. Кейде мамандар науқастың белгілері бойынша қанша зерттегенімен, сырқаттың нақты себебін анықтай алмауы мүмкін. Осындайда кіші жамбас органдарына УДЗ жасау өзінің нәтижесін беріп жатады.

- Қолдағы аппарат қаншалықты сенімді?

- Күніне елуге дейін науқасқа зерттеу жүргіземіз. Облыс орталығымен қатар аудандардан да келушілер баршылық. Жасыратыны жоқ, қалалықтар үшін сапалы медициналық көмек қолжетімді. Ал ауылдықтардың жағдайы көп көңіл бөлуді қажет етеді. Бұл бағытта ауруханамыз аудандық медициналық мекемелермен келісімшарттар жасап, ауылдықтар игілігі үшін еңбек етуде. Қолымыздағы Оңтүстік Корея елінің «Medison-8000» аппараты арқылы ағзаның ішкі көрінісін алақандағыдай көруге болады. Әмбебап аппарат адамның көптеген ағзасын зерттеуге мүмкіндік береді. Сезімталдығы, көру қабілеті де көңілге қонымды әрі сенімді. Ақпараттық қабілеті де жоғары. Бұл аппаратты биыл алдық. Бұған дейін аталмыш аппараттан бір саты төмендеуімен жұмыс істеген едік. Қазіргі таңда құрылғы арқылы ағзадағы сұйықтықты, түзілген ауытқушылықтардың нақты өлшемін дөп басып айта аламыз. Сонысымен де құнды саналады.

- Өз салаңыз бойынша жиілеп кеткен қандай сырқаттарды атар едіңіз?

- Баршамызға белгілі, бүгінде жүрек - қантамыр жүйесі бойынша миокард инфаркты, артериалды гипертония сынды аурулар жиілеп кетті. Әрине, бұл бағытта аймақта атқарылып жатқан істер аз емес. Мысалы, ауруханамыздағы кардиохирургиялық бөлімшенің орны айрықша. Қолға алынған шаралар арқасында аталмыш сырқат аз да болса азайып, аурудың алдын алу амалдары қарастырылуда. Бұрыннан бері кездесетін бауырда тастың жиналу сырқаты да аз емес. Өйткені халық өмір сүру салтына мән бермейді. Қозғалыс аз, дұрыс тамақтанбайды, сәйкесінше, сан түрлі сырқат белең алады. Өттің тоқтап қалу аурулары да көп кездеседі. Негізінен, бұл сырқат жылдар бойы жиналатын, егде адамдарға тән болатын. Алайда соңғы кездері жастарда да кездесіп жүргені алаңдатады. Отыз жасқа жаңа келгенде осы сырқатқа душар болғандар анықталуда. Өкінішке қарай, ісіктердің анықталуы жиілеуде. Мәселен, бүйректе ісіктер кездесіп жатады. Кейде бауырдың сырқатына болжап отырып, УДЗ арқылы бар гәп бүйректе екенін аңғарамыз. Ісік анықталса, науқасты бірден онкологиялық бағытқа жолдаймыз. Себебі дер кезінде көрсетілген медициналық көмек науқастың өміріне оң өзгеріс әкелері анық. Алайда бұдан гөрі ең дұрысы - аурудың алдын алып, барша тұрғындар дәрігерлердің кеңесіне, айтқандарына құлақ асып, өз денсаулықтарына немқұрайлық танытпаса дер едім.

 

Әңгімелескен – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қараша 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
1 2 3 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30