НАУҚАСТАРҒА САПАЛЫ ҚЫЗМЕТ ҰСЫНҒАН

Бүгінгі таңда Павлодар қаласының медицина саласы айтарлықтай алға басқан. Денсаулық сақтау ісін дамыту жөніндегі Президенттің тапсырмасын орындауда қала әкімдігі жүйелі істерді жүзеге асыруда. Соның нәтижесінде жергілікті тұрғындар сапалы дәрігерлік қызметтерге жүгініп келеді. Мұндай қолдауға науқастардың айтары - тек алғыс қана.

Облыс орталығында еселі еңбегімен көзге түсетін осындай емдеу орнының бірі - Павлодар қалалық 1 ауруханасы. Мекеменің әрбір бөлімшесі заман көшімен ілесіп, озық тәсілдерді енгізуге мән береді. Мұндай оң өзгерістерді нейрохирургиялық бөлімшеден де анық аңғаруға болады. Тұтас аймағымызда нейрохирургия қызметі осы 1 ауруханамен тікелей байланысты екенін біреу білсе, біреу білмес. 1980 жылдың 13 тамызында жеке бөлімшенің ашылуы облыста нейрохирургияның дамуына жол ашты. Содан бері отыз жыл өтті. Бұл бөлімше жыл өткен сайын көрсетілетін қызмет түрлерін барынша көбейтуге тырысып келеді.

 

Іргетасын қалағандар...

Аталмыш бөлімшенің құрылып, даму кезеңдерін сөз еткенде, бастаманың басы-қасында болып, білген-түйгендерін ізбасарларына үйреткен ақ желеңділерге тоқталмасқа болмас. Бөлімше алғаш құрылғанда оны жоғары категориялы нейрохирург Александр Андронов басқарған екен. Бөлімше ашылған жылдан бастап Рашид Дүйсембаев, Петр Щербаков сынды білікті дәрігерлер қызмет еткен. Айта кету керек, бүгінде солардың бірі Рашид Дүйсембаев - отыз жылғы тарихы бар бөлімшенің меңгерушісі.

Аурухананың бас дәрігері Алмагүл Нұркинаның айтуынша, кәсіби нейрохирургтардың қажырлы еңбегінің арқасында бөлімше жылдан жылға қызмет ауқымын кеңейтіп, заманауи тәсілдерді күнделікті қызметтеріне енгізуге бар күштерін салған. Әлі де аяп жатқан жоқ. Бөлімше іргетасы қаланған жылдан бері тексерудің талай тәсілдері қолданысқа енгізілген. Мәселен, эхоэнцефалография, вентрикулография, контрасты миелография, пневоэнцефалография, каротидті ангиография сияқты жаңашылдықтар павлодарлықтардың игілігі үшін жүзеге асып жатыр. Бөлімшенің алғашқы меңгерушісі А.Андронов білгенін соңынан ерген жас мамандарға үйретуден аянбаған көрінеді. Ол жас әріптестеріне операциялық араласуларды жасау әдістерінің ерекшеліктерін, омыртқаның мойын, кеуде бөліктеріндегі алдыңғы және артқы спондилодезінің тәсілдерін үйреткен. Бас миының және жұлынның ісіктері мен жарақаттары, бас сүйегінің, бас миының даму ауытқушылықтары кезіндегі операцияларды жасаудың тиімді амалдарын барынша түсіндіруге тырысыпты. 1984 жылдан бері бөлімшеде дәрігер Талғат Ілиясов жемісті еңбек етіп келеді. Одан өзге де бірқатар білікті дәрігерлер бөлімшенің дамуына өзіндік үлестерін қосып кеткен. Атап өтер болсақ, олар – Наталья Перемитина, Марат Алпысбаев. Олардың әрбірі бөлімше тарихына жаңашылдық әкелуге күш салған. Мысалы, М.Алпысбаев омыртқаның сегіз көз бөлігіндегі диск жарығын эндоскопиялық әдіспен алып тастау амалын енгізген екен.

 

 

Күрделі операциялар – бөлімшенің күнделікті тірлігі

2007 жылдан бері бөлімше жас мамандармен толығуда. Олар нейрохирургия бойынша білім алып, бүгінгі күні павлодарлықтарға қолдан келгенше көмек көрсету үстінде. Бөлімше меңгерушісі Рашид Михаилович мұндағы дәрігерлер нейрохирургиялық бөлімшенің алға қойған мақсатын атқаруға, қызмет сапасын арттыруға аянбай еңбек етіп жатқанын айтты. Ал бөлімшенің мақсаттары аз емес. Ең бастысы – нейрохирургиялық сырқаттар кезінде мамандандырылған медициналық көмек көрсетіп, тиісті тексерулер жүргізу. Сонымен қатар нейрохирургтар емдеудің қазіргі заманғы тиімді тәсілдерін қолданысқа енгізуге, жалпы тұрғындар арасында нейрохирургиялық көмекті ұйымдастырудың формаларын қарастыруға да көп көңіл бөледі. Соңғы он жылда осындай сапалы көмекке 13 мыңнан астам павлодарлық жүгініп, мемлекеттік тапсырыс негізінде емделіп шығыпты. Дәрігерлер соңғы кездері аталмыш бөлімшеге түсетін науқастар саны көбейіп кеткенін алға тартты. Әсіресе, шұғыл түрде түсетін аурулар саны көп көрінеді. Мұны мамандар жол апаттарының көбеюімен байланыстырады. Бөлімшенің атқарған жұмыстарына қарасаңыз, өкінішке қарай, операциялық араласулардың да өскені байқалады. Дәрігерлер бас миының қатерлі жаңа түзілістеріне қатысты операция жасалған науқастардың қатары көбейгенін айтады. Диск жарығы бойынша операциядан өткендер де өсу қарқынын алып отырған көрінеді. Бас миының шайқалу оқиғалары да жиілеп кетіпті.

- 2007 және 2009 жылдары бірқатар заманауи құрылғылар сатып алынғаннан кейін жұмыстың сапалы көлемі артып, операциялар бұрынғыдан анағұрлым зақымсыз болып, операциядан кейінгі салдары барынша төмендеді, - дейді бөлімше меңгерушісі Рашид Дүйсенбаев.

Аурухананың бұл бөлімшесі озық құрал-жабдықтардың көмегімен әртүрлі күрделі операцияларды қолданысқа енгізген. Мәселен, жұлын және бас миының ісіктеріне, омыртқаның сегіз көз бөлігіндегі диск жарықтарына микроскоптың көмегімен операция жасау бөлімшенің қызмет түрлеріне бүгінде әбден еніп кеткен. Бүгінде білікті мамандар осы әдіс-тәсілдерді жетік меңгеріп, күнделікті жұмыстарында кеңінен пайдалануда. Әрине, мұның барлығы нейрохирургтардың ынта-жігерлерінің арқасында жүзеге асып отыр. Әрдайым ізденісте жүретін бөлімше дәрігерлері осы салада күрделі операциялардың бірі артқы спондилодездің айтарлықтай тиімді әдістемесін меңгерді. Үш операция сәтті аяқталған. Операциядан кейін де науқастардың сауыға бастағаны байқалған. Қуантарлығы, дәл осы бөлімшеде елімізде алғаш рет жүзеге асқан операциялар да жоқ емес. Мәселен, бөлімше нейрохирургы Талғат Ілиясов 2003 жылы омыртқаның дискісіндегі жарығына лазерлі вопаризация жасауды жүзеге асырған. Содан бері мұндай операция 347 науқасқа жасалыпты. Аурухананың бас дәрігерінің айтуына қарағанда, бас миында көлемді процесті (бас миының ісігі, іріңді ісігі, миішілік гемотомалар) интраоперациялық ультрадыбыстық түрде анықтау енгізілген. Ал бұл әдістеме бас миындағы магистральді қан тамырларының орналасу ерекшеліктерін есепке ала отырып, аса маңызды қан тамырлық функционалдық аймақта операциялық қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Отыз жылдық тарихы бар бөлімшеде омыртқаны титаннан жасалған имплантаттармен тұрақтандыру әдісі де кеңінен қолданылатын көрінеді.

Биылғы жыл да жаңашылдықтан құр алақан емес. Ағымдағы жылдан бастап бөлімше дәрігерлері нейронавигациялық станциялардың көмегімен бас миына операциялық араласуларды жасауды қолға алыпты. Мамандар бұл өз кезегінде патологиялық ошақты интраоперациялық тұрғыдан табуды жеңілдетіп, операциядан кейінгі неврологиялық бұзылыстардың орын алу қаупін төмендететінін айтады. Бөлімше операция жасап қана қоймайды, сонымен қатар көптеген патологиялар бойынша емдік көмектер көрсетеді. Яғни олар жұлын және бас миының ісіктері, орталық жүйке жүйесінің қан тамырлық және функционалдық сырқаттары, омыртқаның дегенеративті-дистрофикалық аурулары кезінде науқастарға қол ұшын береді.

Бүгінде бөлімше қырық орынға шақталған. Бөлімше меңгерушісі Рашид Дүйсембаев бастаған Талғат Ілиясов, Ерлан Омаров, Самат Құсайынов және Михаил Сафияников есімді 5 нейрохирург баршы аймақ жұртшылығына нейрохирургиялық көмек көрсетеді. Күніне орта есеппен 6-7 адамға операция жасайды. Олардың әрбірі күрделі болғандықтан, сағаттап жүзеге асырылады. Тіпті, бөлімшенің нейрохирургтары аудандарда қозғауға болмайтын науқастарға арнайы барып, операция жасайды екен. Айта кету керек, Рашид Дүйсембаев осы салаға отыз жылын арнаса, Талғат Ілиясов 25 жыл қызмет етуде. Ал өзгелері екі аға буын өкілінен барынша үйреніп, тәжірибелерін күн санап еселеп келе жатқан көрінеді. Бөлімше меңгерушісінің айтуынша, жас мамандар жастықтарына қарамастан кәсібиліктерін байқатуда. Олар Алматыдағы нейрохирургиялық орталықта, шетелде білімдерін жетілдіріп, кәсібиліктерін ұштауға мән береді. Мамандар соңғы он жыл ішінде науқастар саны өскені аңғарылатынын айтты. Р.Дүйсембаев соңғы кездері жол апаттары, сондай-ақ тұрмыстық жарақаттары салдарынан науқастар қатары арта түскенін тілге тиек етті. Бас миының ісіктері де аз емес көрінеді. Оған көптеген себептермен қатар экологияның да кері әсері барын жоққа шығармайды.

 

 

Әлі де құрал-жабдықтар қажет-ақ

Қарап отырсаңыз, бөлімшенің қолға алған нәтижелі істері аз емес. Жеткілікті еселеуге қол байлау болып тұрған бірқатар мәселелер де бар көрінеді. Бөлімше меңгерушісі қызмет сапасын арттырып, көмекті дер кезінде көрсету үшін әлі де магнитті-резонанстық томограф, ангиографиялық құрылғы, УДТ-аппараты болса дейді. Сонымен қатар операциялық блокты краниотом, операциялық үстел, операциялық жылжымалы R-ангиограф, заманауи операциялық нейрохирургиялық аспаптармен қамту да кезегін күтіп тұрғанын жасырмайды. Мәселен, аталған томографтың жоқтығынан нейрохирургтер науқастарды облыстық диагностикалық орталыққа апаруға мәжбүр. Ал бұл бөлімшеге түсетін адамдардың 50-60 пайызын қозғауға болмайтынын, кейбірі түн ортасында жедел жеткізілетінін ескерсек, бұл құралдың қажеттілігінің қаншалықты екені айтпаса да түсінікті. Мамандар қажетті құрал-жабдық қолда болса, науқасқа дер кезінде тексеру жүргізіліп, жедел көмек көрсету мүмкін болар еді, дейді. Дегенмен, болашаққа сеніммен қарайтын әрі әрдайым ізденіс үстінде жүретін бөлімше дәрігерлері алға қойған мақсаттарын жүзеге асыру үшін ешнәрседен аянбайтындарын айтты.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ,

Павлодар қаласы.

 

Пікірлер  

 
0 #1 Марат Алпысбаев агамызга сурак 26.02.2012 13:32
Марат ага! Салеметсиз бе?! Менин атым Дидар сизге актау каласынан жазып отыр едим. Менин басым ауырганына еки жылдан асып кетти. Бармаган емхана, ашпаган есигим калмады. Алматыга да емделуге барып, емханада жатып шыктым. бирак еш комек болмады. Менин басым мен коса, кулагымда ылги да шулап турады. Дари-дрмекиермен гана уйыктап журмин. Сиздер бул ауруга не истей аласыз дар? Мумкин маган комектесе алатын шыгарсыздар?
Цитировать
 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қараша 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30