ГОСПИТАЛИЗАЦИЯЛАУ ПОРТАЛЫ ЖАЙЫНДА БIЛЕСIЗ БЕ?

Биыл бірінші шілдеде денсаулық сақтау саласының жаңа жүйесіне сәйкес еліміз бойынша госпитализациялау бюросының порталы қызметін бастағаны баршаға белгілі. Медицинаға енгізілген бұл жаңашылдық Павлодар қалалық №2 ауруханасында да нәтижелі жүзеге асып жатқан көрінеді. Осы бастаманың қарапайым халық пен медицина қызметкерлері үшін қаншалықты тиімді екені жөнінде аталмыш аурухананың қабылдау бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары категориялы кардиолог, терапевт Майра Әбішева кеңінен баяндап берді.

 

Қос тарапқа да тиімді

- Елімізде жаппай енгізілген госпитализация бюросының порталы небәрі бес-алты айдың ішінде өзінің өте тиімді екенін байқатты. Мұны қарапайым халық та, дәрігерлер қауымы да сезінді. Негізінен, госпитализация бюросы - бұл интернеттегі сайт деуге болады. Оның сервері Астана қаласында орналасқан. Яғни, республиканың түкпір-түкпіріндегі медициналық мекемелердегі атқарылып жатқан жұмыстар жөніндегі ақпараттар дәл осы порталда бір арнаға тоғысады. Әр аймақтағы өзгерістерді астаналық мамандар байқап, сараптан өткізіп отырады. Бүгінгі күні барлық ауруханалар мен емханаларда мұндай порталдар жұмыс істейді. Біз өзімізді өзге облыстармен, өзге мекемелермен салыстыруға мүмкіндігіміз бар. Арнайы код арқылы кіреміз. Порталға дәрігерлердің кіруі үшін әркімнің өзінің логині бар. Күнде таңертеңгілік жұмысымды осы порталдағы өзгерістерді тексеруден бастаймын. Мұндағы өзгерістер қарапайым халыққа да қолжетімді. Портал арқылы өтетін жұмыстар кезек-кезегімен орындалады. Мәселен, емханаға келген науқасты оның диагнозына қарай дәрігер стационарға жолдайды. Дәрігер науқасқа қай ауруханада бос орын барын порталдан байқап, айтып береді. Соған сәйкес жолдама береді. Жолдама бермес бұрын науқасты порталға тіркейді де, ауруханадан жауап күтеді. Яғни емхана қойған кезек күнін аурухана қолда бар бос орындарға қарай құптаса, науқасқа стационарға жататын арнайы нөмір беріледі. Портал арқылы стационарға жатқызу шарасы жоспарлы түрде ем-дом алатын науқастарға қатысты атқарылады. Ал жедел жәрдеммен шұғыл түрде жеткізілетін науқастарды госпитализациялау бұрынғыша еш кезексіз жүзеге асырылады. Портал емханалар мен стационарлық мекемелер арасындағы «алтын көпір» іспеттес. Медицинаға енгізілген бұл жаңашылдық - ауруханалардағы бос орындарды, сонымен қатар емханалар жіберген науқастың бағытталған күнін, госпитализациялауға рұқсат етілген уақытын, қандай бөлімшеге жолданғанын айқын көрсетіп тұратын дүние. Демек, портал атқарылып жатқан жұмыстардың ашықтығына жол бастайды.

Ең бастысы, портал алыстағы ағайындар үшін өте тиімді. Демек, олар облыс орталығына алдын ала келіп, кезек күтпейді. Порталда белгіленген күні келіп, өздеріне берілген нөмірмен өзіне тиесілі орынға еш кедергісіз жайғаса алады. Бүгінгі күні ауруханамызда 20 орынға шақталған кардиохирургиялық бөлімше, 60 орындық кардиологиялық (оның 20 төсегі оңалту бағытына шақталған), 40 орынға лайықталған пульманологиялық, 35 төсекті неврологиялық, 40 адамға арналған терапия бөлімшелері тұрғындарға қызмет көрсетеді. Міне, осы бөлімшелерге жоспарлы түрде жатқызылатын науқастар портал арқылы госпитализацияланады. Портал енгізілгенге дейін біз тек қана қалалық екінші және бесінші емханаларға қарасты тұрғындарға қызмет көрсеттік. Бүгінде барлық ауылдық елді мекендерді қамтуға жол ашық. Науқастар өздерінің қалауымен стационарды таңдай алады. Портал науқастарға өте қолайлы. Павлодарлықтар республикалық қандай бір орталықта ем алуға қамданса, порталдың берер пайдасы тіптен молынан. Бір жағынан уақыт үнемдеуге қолайлы. Аудандық емханалардың порталға енгізген ауылдықтарды кешіктірмей бірнеше күн ішінде қабылдауға тырысамыз. Бүгінгі күні ауылдықтар ауруханамызда жүрекке жасалатын әртүрлі емдеудің әдіс-тәсілдерін кеңінен біле бастағандары байқалады. Бұрындары аудандардан келушілер мардымсыз болатын, соңғы кездері сапалы көмекке ағылатындар аз емес. Барлық аудандармен байланысымыз тығыз.

 

Жұмыс жүйеленді

Шыны керек, госпитализация бюросының порталы биыл шілде айында енгізілгенде біраз уақыт қиындық болды. Іс бір айдай бір ізге түспей, әртүрлі түсініспеушілік тудырғаны да рас. Бірақ қазір жағдай басқаша. Жағдай жақсарып, порталдың тиімділігі артып келеді. Жұмыс жүйеленді. Әрине бастапқыда емханалардан дәрігерлер науқастардың диагнозын дұрыс белгілемеу, тиісті бөлімшеге бағыттамау сияқты жағдайлар жиі орын алды. Қазіргі таңда мұндай келеңсіздіктер сирек кездеседі. Кейде емханада дәрігерлер диагнозды дұрыс қоймай, науқасты тиісті бөлімшеге бағыттамай қателеседі. Қателік жіберілсе, емханадағы әріптестерімізге телефон қоңырауын шалып, бұрыс жерін түсіндіреміз. Олар бірден өзгертіп, порталға енгізеді. Тағы бір айта кетерлігі, емханалардағы госпитализация бюросында ақ желеңділер емес статистер отырады. Олар әрине бұл саланың қыр-сырын қайдан білсін?! Біздің ауруханамыз барлық емханалармен тығыз байланыста. Сондықтан бар нәрсені бірден шешуге тырысамыз. Себебі мұндай кездері, ең бастысы, науқас зардап шекпеуі тиіс. Мысалы, жуырда Екібастұздан бір науқасқа дәрігерлер кардиохирургияға жолдама беріпті. Кодын, нөмірін бәрін қолына ұстатқан. Ал оған жуырда ғана Астанада кардиохирургияда жүрегінің клапанына протез жасалыпты. Демек, ол кардиохирургиялық бөлімше емес кардиологияға жолдануы тиіс еді. Ол мұнда оңалту шараларын қабылдауы қажет болған. Бірден емхананың бас дәрігерінің орынбасарына хабарластық, олар дереу қайта өзгертті. Науқасты анда-мында сабылтпай, бірден оңалту бөлімшесіне жатқыздық.

Әрбір бөлімшемізге облыс орталығымен қатар шалғайдағы ауылдардан келетіндер аз емес. Ауруханамыздағы бос орындар туралы мәліметті емхана қызметкерлері порталға еніп, еркін ала алады. Күнделікті түрде мұндағы ақпаратты барынша ертерек жаңартып отыруға тырысамыз. Себебі біздің ақпараттарымыз емханалар үшін маңызды. Емхана белгілеген күнді біз қабылдаймыз. Қажетті жағдайларда түзетулер енгізуге де болады. Емханалар қойған орынға жолданған науқасты диагнозы дұрыс әрі тиісті бөлімшесі қатесіз енгізілсе, бірден қабылдаймыз. Портал статистикалық есеп беру үшін де өте қолайлы. Себебі кезекке тұрған науқастардың қайсысы дер кезінде жатқаны, қайсысы келмегені жөнінде ақпарат күнделікті түрде енгізіліп отырады. Бірінші қарашадан бастап, ауруханамызға шұғыл түрде түсетін науқастарды да порталға енгізу қолға алынды. Мәселен, порталдан бірінші қарашадан бері ауруханаға 52 адам жедел түрде жеткізілгенін көре аласыз.

Тәжірибемізде жоспарланып, бірақ тиісті мерзімінде келе алмаған тұрғындар да болады. Көбінде алыс жерлерден белгілі бір себептермен жете алмай қалады. Мұндай жағдайлар жиі болмаса да кездеседі. Кейде кейбір адамдар жоспарлы кезекке тұрғызылғанымен, халі төмендеп, шұғыл түрде ауруханаға жеткізілуі мүмкін. Порталға оның мезгілінде келмегенінің осы себебін де енгіземіз. Емханадағы дәрігерлермен байланысып, науқастың тиісті орнына жүгінбегенінің себебін анықтаймыз. Өйткені әрбір орын маңызды. Тұрғындардың жағдайын ойлап, екі-үш күн күтеміз. Осы аралықта келмесе, порталға «келмеді» деп әрі себебін жазып қоямыз. Кей жағдайда емхана дәрігерлері өздері хабарласып, науқастарының жатқан-жатпағанын біліп отырады.

Қазіргі таңда шұғыл түрде түсетіндерден басқа портал арқылы күніне шамамен он шақты адам ауруханамызға жатқызылады. Ал қала бойынша белгілі бір бөлімшеміз шұғыл қызметке кезекшілік еткен жағдайда, жедел түсетін науқастар саны көбейеді. Ол күндері тек жедел жәрдеммен жеткізілетіндерді қабылдаймыз. Мысалы, біз терапия және кардиология бойынша кезекшілікте болсақ, сол күндері бұл бөлімшелерге жоспарлы түрде түсетін науқастарды қабылдамаймыз. Яғни қолдағы орындарды шұғыл түрде түсетіндерге сақтаймыз. Қуантарлығы, өзімізге жүктелген жұмыс көлемін, жоспарды толығымен орындап жатырмыз. Орындар бос болмайды. Өйткені мекемемізге сұраныс жоғары. Әрбір төсек орнының тұрғындар үшін тиімді жұмыс істеуіне мән береміз. Бұл орайда порталдың орны ерекше. Негізі барлық бөлімшелерге сұраныс көп. Әсіресе, неврология мен кардиологиялық бөлімшелер көмегіне жүгінетіндер аз емес. Маусымға байланысты суық тиіп ауыратындар, демікпе дерті күшейіп, асқынады да, пульманологияға түсетіндер қатары жиілеп кетеді. Кейде дәл біздің ауруханамызға сұранып тұратын жандар көптеп кездеседі. Бұл жұмыстың жүйеленгендігінің айғағы болар. Түйіндеп айтсақ, госпитализациялау бюросының порталы - өте қажет дүние. Уақыт өте келе әлі де жетілетініне сенімдіміз.

Жазып алған -

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қараша 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30