«Инсульт» дегенді естігенде кімнің болмасын жаны түршігетіні белгілі. Себебі, өкінішке қарай, бұл сырқат «ғасыр індетіне» айналып бара жатқаны жасырын емес. Жалпы, тұрғындар үшін қандай ауру болмасын, оның пайда болу себептерін, алдын алу шараларын, емдеу жолдарынан хабардар болу ешқашан артық етпейді. Сондықтан айдарымыздың кезекті санында сіздердің назарларыңызға инсульт жайында кеңірек ақпарат беруді жөн көрдік. Бұл жөнінде Павлодар қалалық №2 аурухананың неврологиялық бөлімшесінің меңгерушісі, медицина саласында 33 жыл еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі дәрігер Ғалия Нығматқызы Төлеубаева түсінік береді.
- Алдымен бөлімшеміздің қызметіне тоқталсам, неврологиялық бөлімше 2004 жылдан бері тұрғындарға қызмет көрсетеді. Неврологиялық қызметтің барлық түрлері қамтылған. Яғни, 35 орынға шақталған бөлімшеде аурудың алдын алу және емдеу-диагностикалық мүмкіндіктер кеңінен қолданылады. Он орын науқастардың күндізгі ем-дом алуларына лайықталған. Бізде орталық жүйке жүйесінің ауруларына диагностика жасалып, емдеу шаралары жүргізіледі. Нақтырақ айтсақ, ишемиялық және гемморагикалық инсульт, олардың салдарлары бойынша ем-шара жасалады. Энцефалопатияның әр түрі, бас сүйек пен ми жарақатының салдарлары, бас ауырсынулары, бастың айналып, ұйқының қашуы арқылы білінетін жүйке жүйесінің аурулары, бас сүйекішілік гипертензия белгілерін де емдейміз. Сондай-ақ омыртқааралық дискілердің жарықтары, радикулит, плексит, моно және полинейропатия сынды омыртқаның дегенеративті сырқаттарына диагностика жасалып, емдік шаралар қолданылады. Бір сөзбен айтқанда, жүйке жүйесінің көп таралған, сондай-ақ сирек кездесетін сырқаттарын емдеумен айналысамыз.
ИНСУЛЬТ ДЕГЕН НЕ?
Енді, соңғы кездері жиілеп кеткен инсульт сырқатына кеңірек тоқталсам.
Инсульт – бұл күре тамырдың бітеліп қалуы салдарынан бас миына қанның жеткізілуінің тоқтауы (ишемиялық инсульт) немесе қан тамырдың зақымдалған жақтары арқылы қанның төгілуі (гемморрагикалық инсульт) нәтижесінде ми жасушаларының зақымдалуы әлде өлуі кезінде орын алатын жағдай.
Статистикаға көз жүгіртсек, өкінішке қарай, инсульт әлемде өлім саны жағынан екінші, ал мүгедектікке жетелеу жағдайлары бойынша бірінші орында. Жыл сайын дәл осы сырқаттан әлемде 5 миллион адам көз жұмады. Алғашқы инсульттан кейін науқастардың тек 20 пайызы ғана толыққанды өмір сүру кезіне оралады. Көбі дерлік мүгедек болып қалады әрі ұзақ мерзімді емді қажет етеді. Әрбір бесінші науқаста келесі екі жылда инсульт тағы қайталанады. Ал әрбір келесі инсульт жағдайды бұрынғыдан да бетер нашарлата түседі.
Дәрігер ретінде инсульт сырқатының жыл сайын жасарып келетініне алаңдаймыз. Бір кездері бұл сырқат егде адамдарға тән еді. Бүгін жағдай басқаша. Америкалық зерттеушілердің мәліметтері бойынша соңғы кездері 40 жаста инсульттан ажал құшқан адамдар қатары 200 пайызға артқан. Елімізде де бұл көрсеткіш аз емес. Өкінішке қарай, жас шағында осы аурудан көз жұматындар жиілеп кетті. Тіпті мидың қан айналымының ауыр бұзылуларына душар болғандар арасында 20-30 жастағы тұрғындар да кездеседі. Оған, әрине, бүгінгі өмір сүру салтының бұрыс ұстанымдары кері әсерін тигізіп отыр. Қозғалыстың аздығы, дұрыс тамақтанбау, экологиялық ахуал.
ЖАДЫҢЫЗДА САҚТАҢЫЗ!
Тұрғындарға аурудың алдын алу үшін қарапайым қағидалар мен сырқаттың негізгі белгілерін білген абзал. Қауіптің негізгі факторларынан хабардар болу қажет. Әркім өз басында мына қауіптердің бар-жоғына көңіл аударуы тиіс. Олар - жоғары артериалды қысым, қант диабеті, холестериннің жоғары деңгейі, ішімдікке құмарлық, шылым шегу, гиподинамия, ұзақ мерзім күйзелісті бастан кешіру, оң көңіл күйдің болмауы, егде жас, жақын туыстарында инсульттің болуы. Екі немесе бірнеше факторлардың қабысуы инсульттің пайда болу жиілігін арттырады. Егер жоғарыда аталған факторлардың бірі болсын бойыңыздан табылса, уақыт оздырмай, аурудың алдын алғаныңыз дұрыс.
ОЛ ҮШІН НЕ ІСТЕУ ҚАЖЕТ?
Алдымен жоғары артериалды қысыммен күрескен жөн. Әлбетте, мұны тек дәрігердің көмегімен жүзеге асыруыңыз тиіс. Осыны жасасаңыз, инсульттің болу ықтималдығы 2 есеге төмендейді. Эндокринологтың кеңесіне құлақ түріп, қант диабетін әрдайым бақылауда ұстау қажет. Жүрек жұмысын жақсартуға, қандағы холестерин деңгейін төмендетуге көңіл бөлген абзал. Дәрігердің белгілеген дәрі-дәрмектерінің көмегімен жүрек ішінде және қан тамырларда қан ұйығының (тромб) түзілуінің алдын алу керек. Шылым шегуден толық бас тартып, ішімдік пайдалануды шектеу дұрыс болады. Гиподинамиямен күрескен де өзінің жемісін береді. Яғни, күніне кем дегенде 30 минут динамикалық жүктеме жасау, нақтырақ айтсақ, қарқынды жүріс, жүгіріс, велосипедпен немесе шаңғымен серуендеу, суда жүзу қажет.
ИНСУЛЬТТІҢ НЕГІЗГІ БЕЛГІЛЕРІН БІЛЕСІЗ БЕ?
Дер кезінде көмек көрсетіп, инсульттан кейін мүгедектік деңгейін төмендету үшін халық арасында бұл сырқаттың алғашқы белгілерін түсіндіріп, аталмыш ауру кезінде науқасты бірден міндетті түрде госпитализациялау қажеттігін ұғындыратын мақсатты бағдарлама болуы керек деп ойлаймын. Адамдар кейде білместіктен қателіктер жіберіп, уақыт оздырып алады. Сондықтан аурудың алғашқы негізгі белгілерін айтып өтпекпін. Негізгі белгілер: бет бұлшық етінің, қолдың, аяқтың босаңдығы, сөйлеудің немесе оны түсінудің бұзылуы, көру қабілетінің кенеттен бұзылуы, жүрудің қиындауы, бастың айналуы, өзін-өзі басқаруының бұзылуы, белгісіз себептен бастың қарқынды түрде ауырсынуы. Инсульт белгілерін бірден білуге болады. Ол үшін науқасқа төмендегі үш амалды жасатудың өзі жеткілікті. Біріншіден, науқастан – жымиюын сұраңыз. Себебі инсульт кезінде жымию қисық болуы мүмкін, яғни, еріннің бір бұрышы бір жағынан үстіне емес, төменге қарай бағытталуы ықтимал. Екіншіден, науқастың сөйлеуін өтініңіз. Қарапайым ғана «Далада күннің көзі күлімдеп тұр!» деген сөйлемді айтуын сұраңыз. Инсульт кезінде сөйлемді дұрыс айтып шығу жиі (бірақ әрдайым емес!) бұзылады. Үшіншіден, науқасқа екі қолын бірдей жоғары көтеруді ұсыныңыз. Егер ол екі қолын біркелкі көтере алмаса, бұл инсульттің белгісі болуы ықтимал. Өзге де қосымша диагностика амалдары бар. Мәселен, жапа шеккен адамнан тілін сыртқа шығаруды сұраңыз. Егер тілі қисық немесе бұрыс формада болса, бір жағына қарай түсіп кетсе, бұл да инсульттан хабар беруі мүмкін. Сонымен қатар науқасқа көзін жұмып, алақанын жоғары қаратып екі қолын алдына созуын ұсыныңыз. Егер қолы еріксіз жанына қарай әрі төмен түсе берсе, бұл – инсульттің белгісі. Егер жапа шеккен адам осы тапсырмалардың қандай да бірін орындауда қиналса, шұғыл түрде жедел жәрдем көмегін шақыру қажет. Дәрігерлерге аурудың белгілерін жан-жақты айтып беру керек. Белгілер тоқтап қалса да, бұған дейін болғанын бүгіп қалмаған жөн. Мұнда бір ғана жол бар, уақыт оздырмай науқасты бірден жедел жәрдем көмегімен ауруханаға жеткізген дұрыс.
Ауруханамызда осындай дертке душар болған жандарға кәсіби әрі заманауи көмек көрсетеміз. Науқасты бақылауда ұстап, қазіргі заманғы диагностика жасап, емдеудің озық тәсілдерін қолданамыз. Бөлімшемізде кәсіби мамандар тұрғындарға кеңес беруге де мән береді. Халыққа айтар едім, емделіп шыққаннан кейін де дәрігердің кеңестерін бұлжытпай орындаған дұрыс. Себебі кейде науқастар ауруханадан шыққаннан кейін тиісті талаптарды орындамайды. Кейде тиісті дәрі-дәрмектерді мерзімінде сатып алмайды. Міне, осындай олқылықтар науқасты сырқатқа қайта оралтуы ықтимал. Дұрысы, әркім өз денсаулығына немқұрайлық танытпауы керек.
Жазып алған – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.


