Бүгінгі сауалдарға Павлодар қаласындағы №2 балалар емханасының бірінші санатты педиатры Назым Мұхамедиярова жауап береді.
Павлодар қаласының тұрғыны Әйгерім:
- Менің үш айлық балам бар. Әлеуметтік-тұрмыстық жағдайыма байланысты жұмысқа ерте шықсам ба деген ойдамын. Бөбегімді ана сүтінен ерте айыру-оның денсаулығына зиян емес пе? Жалпы, баланы нақты қанша уақыт емізген дұрыс? Сондай-ақ кішкентай балаларды қалай тамақтандыруға болады?
- Сәби үшін ана сүтінен артық тағам жоқ. Сондықтан медицина ғылымы баланы екі жасқа дейін емізуге кеңес береді. Ал сауал жолдаған оқырманымыз сияқты немесе өзге де себептер болған жағдайда баланы кемінде алты ай кеуде сүтімен қоректендірген жөн. Нәрестенің ағзасы алғашқы алты айда қажет ететін барлық дәрумендер тек ана сүтінде ғана бар.
Кейбір жас келіншектер баласын кеуде сүтімен тойғыза алмаған соң, оны өте ерте айырып тастап жатады. Бұл - үлкен қателік. Жас босанған ана жиі-жиі тамақтанып, сәбиін емізе берсе, сүттің келуі артады. Баланы неғұрлым көп емізген сайын, соғұрлым сүт көп оралады. Бала тоймаған жағдайда қосымша қорек ретінде жасанды сүт беруге болады. Бірақ міндетті түрде педиатрмен ақылдасқан жөн.
Баланы алты айдан кейін тамаққа үйрету керек. Бастапқыда баланың айына байланысты арнайы әзірленген ботқаларды, педиатрдың ұсынысы бойынша басқа да тағамдарды беруге болады. Сәбиді алғаш рет тамақтандырғанда оның қақалып, шашалып қалмауы үшін мұқият болған абзал. Сонымен қатар тағамның көлемін біртіндеп молайтып отырған дұрыс.
Павлодар қаласының тұрғыны Жанар:
- Балам қазір үш жаста. Әлі күнге дейін тілі шыққан жоқ. Оның себебі неде, енді не істеуім керек? Жалпы, бала неше жасынан бастап сөйлей бастайды?
- Сәби екі-үш айынан бастап анасының барлық әрекеттерін сезе бастайды. Осы сәттен-ақ баланың қабілеті жақсы дамуы үшін анасы ерекше көңіл бөліп, онымен сөйлесуді бастау керек. Яғни, нәрестені еркелетіп, жақсы сөздер айтып, ана мен бала арасында диалог құру қажет. Сонда сәбидің тілі шықпаса да, анасына қарап, іс-қимылымен ойындағысын жеткізуге әрекет жасайды. Осылайша біртіндеп баланың тілі шығып, былдырлап сөйлей бастайды.
Негізінен бала бір жасқа толғанда кем дегенде жеті-сегіз сөз айтуы керек. Ал бір жастан асқан бала бірде-бір сөз айта алмаса, ата-анасы баланың болашағы үшін алаңдауы тиіс. Себебі, бұл жағдай бала тілінің кемістігінің белгісі болуы ықтимал.
Ал оқырманымыздың үш жасар баласы әлі күнге дейін сөйлемейтін болса, уақыт өткізбей мамандар кеңесіне жүгінген жөн. Бала тілінің кеш шығуының себептері көп. Мәселен, әлеуметтік орта, адамдармен қарым-қатынас, психологиялық даму, мидың дұрыс жұмыс істемеуі, тағы басқа себептер бала тілінің дамуына кері әсерін тигізеді. Медицинада баланың сөйлеу қабілетінің тұрып қалуына 3-4 жасында диагностика жасалады. Алайда бұл-тым кеш. Сол себепті ата-аналар баланың сөйлейтін уақытын күтпей, өздері оның тілінің шығуына әрекет етуі керек. Көптеген балалар, әсіресе отбасында жалғыз өскен сәбиге сөйлесуге қажеттілік туындамағандықтан немесе үйдегілер тарапынан ерекше назар аударылмағандықтан, тілі дамымай, тоқтап қалады. Мұндай жағдайда оны психологиялық тұрғыдан ынталандырып, тілін шығару үшін логопед мамандар көмектесе алады.
Айдарды жүргізген: Н.АҚЫТЕГІ.
Сауалдарыңыз болса, 32-37-62 телефон нөміріне хабарласыңыздар.

