(сары ауру)
Жұқпалы гепатиттің қоздырушысы — вирус.
Жұқпалы сары ауруды тек адам ғана таратады. Әсіресе, ағзасы сары аурумен сырқаттануға бейім жүрген адамдар өте қауіпті. Себебі ондай жандар аурудан айығып келе жатқандардың қайтадан ауруын асқындырып алуларына жол ашады.
Бұл сырқат адамдарға ауа арқылы таралады. Яғни, қатерлі вирус түшкіргенде, түкіргенде, қақырынғанда сыртқы ортаны ластап, ауа жолымен иммунитеті әлсіз адамдардың бойын бірден жаулап алады.
Жұкпалы дерт ретінде вирусты гепатиттің жеңіл, белгісіз түрімен ауырып жүрген адамдар да болады. Олар өздерін ауру ретінде сезінбегендіктен, сау адамдарға сырқатын ақырындап жұқтыра бастайды. Аталған сырқат жұқпалы болғандықтан, адамдар арасында тез таралады. Сол үшін әрбір адам өз денсаулығын сақтап, дер кезінде дәрігерге қаралып жүргені абзал.
Гепатит вирусы адамның ағзасына түскеннен кейін 10—45 күн (көбіне 3—4 жұма) жасырын түрде жетіліп, сырқаттың еш белгісін байқатпайды. Содан кейін сары аурудың алды басталады. Оның өзі әрқилы болуы мүмкін. Адамның түрі қашып, майлы тамақтан жүрегі айниды, кейде құсады, іші өтеді немесе іш қатады, қарынның оң жақ бүйірі не оң жауырынның маңы сыздайды. Сонымен қатар ауыздың дәмі бұзылып, кіші дәреттің түсі өзгереді. Біраздан кейін нәжістің де түсі өзгереді, кейде бозғылт, ақшыл сары не әкке ұқсайды. Сырқаттың осы алғашқы кезеңінің өзінде-ақ бауырдың, сонымен қоса көкбауырдың үлкейгендігі байқалады.
Жұқпалы гепатиттің сары ауру алдындағы кезеңінде тымаудың да белгілері — дел-сал болу, әлжуаздану, тез шаршау, ыстық көтерілу, жөтел, тыныс жолдарының қабынуы, бұлшық ет пен буын-буынның сырқырап ауыруы сияқты нышандары байқалады. Осылармен қатар сырқатқа душар болған адамдар кіші дәретінің қаракүреңденгенін байқап, бауыр мен көкбауырдың үлкейе бастағанын сезеді, бауыры ауырған адамның оң жақ бүйірін басып көрген кезде ауырсынады.
Адам өңінің сарғая бастауы сырқат басталғаннан 7—12 күннен кейін біртіндеп байқалады. Алдымен көздің ағы сарғая бастайды, біраз уақыт өткеннен соң беті, қолы, аяғы сарғаяды. Сары ауру ауыр және жеңіл өтуіне байланысты әрбір адамда әртүрлі болады.
Жұқпалы гепатиттің тарау мүмкіндігін болдырмау үшін үйде санитарлық шарттарды орындау қажет, яғни ауланы, әсіресе мал қора мен құстар қонақтайтын жерлерді таза ұстаған жөн. Сондай-ақ терезелердің ашық желдеткіштеріне тор ұстап, маса ұстағыштар, жабысқыш қағаздар іліп қою керек, маса жиналатын жерлерді дәрі-дәрмекпен дезинфекциялап қойса, тіпті жақсы.
Су жүйесінде санитарлық тазалық сақтаудың айрықша маңызы бар. Өйткені, гепатиттің вирусы қолайлы орта талғамай суда ұзақ өмір сүре береді.
Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етудің ең дұрыс әрі қауіпсіз жолы — су құбыры. Құдық маңында кір жууға, мал суаруға, қоқым-сиқым тастауға болмайды. Құдықтың суын мезгіл-мезгіл хлорлап отыру керек.
Балаларға тазалық шартын сақтаудың амалдарын үйреткен дұрыс. Бұл игілікті іске ата-аналар, балалар мекемесінің қызметкерлері, мұғалімдер мен тәрбиелеушілер айрықша назар аударулары керек.
Марияш СЕЙІТҚАЗИНА,
Кенжекөл ауылдық дәрігерлік амбулаторияның педиатры,
Павлодар қаласы.

