Үнемі селқостық, қамығу, үреймен қатар жүретін жағдай «депрессия» деп аталады. Мұның себебі әртүрлі болуы мүмкін: отбасындағы қайғы, жақын адамыңнан айырылу, жұмыстағы келеңсіздіктер, тағысын тағылар. Қалай болғанда да бұл ахуалды еркіне жібермей, қайғы-мұңмен, күйзеліспен күресу қажет.
Күйзелістің бірнеше түрі бар: біріншісі – функционалдық депрессия. Ол психикалық тұрғыда дені сау адамдарға тән. Сирек және белгілі бір кезеңдерде пайда болады. Екінші түрі – патологиялық депрессия күрделі психиатриялық бұзылыстары бар адамдарда кездеседі.
Тұнжырау неге пайда болады? Кейде дәрігерлер депрессия себебін бірден-ақ анықтайды, кейде бұл едәуір қиынға соғады: науқас қамығатындай себеп жоқ, жақындары аман-есен, ешкім тастап кеткен, ренжіткен жоқ, ал күйзеліс айқын. Әдетте күйзеліске тән белгі – ол бір айналыммен қайталанып отырады. Бірімізде ол жыл мезгілдеріне, екіншімізде Ай фазаларына байланысты. Кей әйелдер етеккір айналымының белгілі бір күндерінде депрессияға шалдығады. Әсіресе күйзеліске бейім адамдар үшін қыс мезгілі қиын: бұған күннің қысқаруы әсер етеді. Осы себептен оңтүстікке қарағанда солтүстік аймақтарда тұратындар депрессияға жиірек ұшырайды.
Кейбіреулер «депрессия дегенің түк те емес, оны өзім-ақ жеңемін» деп қолына түскен дәріні іше бастайды. Бұл қате. Антидепресанттар күшті әсер ететін заттарға жатады, сондықтан олардың мөлшері дұрыс болмаса, ауруды емдемей, керісінше, асқындырып, күрделендіріп жібереді. Бұл дәрілер бас ауруына, бастың айналуына, жүрек соғуына, жарыққа өте сезімталдыққа, тәбеттің төмендеуіне немесе керісінше артуына алып келеді. Тағы бір қауіптісі – оларды кейбір дәрілермен бірге ішуге болмайды.
Кейбіреулер тыныштандыратын дәрілерді депрессияға қарсы дәрі-дәрмектермен шатастырады. Шындығында бұлар бір-бірінен мүлде бөлек. Жалпы, бірден дәріханаға жүгірудің қажеті жоқ, жақсы дәрігер дәрі-дәрмек тағайындамас бұрын сіздің сырқатыңызды басқа әдістермен жеңуге тырысады. Өкініштісі, дәрілердің басым бөлігінде қосымша кері әсер болатындығы қаперіңізде жүрсін.
Дәрінің төресі - ұйқы. Мұның күйзеліске де қатысы бар. Бірақ бір өкініштісі, депрессияға ұшыраған адамдарды ұйқысыздық мазалайды. Бұл, әрине, олардың жағдайын одан әрі қиындата түседі. Психологтар бұндай адамдарға олардың ерік-жігері көмектесе алады деп санайды. Өз-өзіңіздің көңіліңізді көтеріп, жағымды ойлар ойлап, төрт қабырғаға қамалмауға тырысыңыз. Басқа адамдармен жиі кездесіп, алаң боп шүйіркелесіп тұрыңыз. Жылағыңыз келді екен, жылаңыз. Бұдан бойыңыз жеңілдейді. Үйден шықпасаңыз, еш әрекет жасамасаңыз, күйзеліс тереңдей түспек. Және де бір ермек табу қажет. Қандай болса да бәрібір, ең бастысы ол ермек сізге ұнауы тиіс. Таза ауада спортпен шұғылданамын десеңіз, тіптен жақсы.
Теледидар қарау сіздің жағдайыңызды жақсартпайды, керісінше қиындата түседі. Бүгігі жаңалықтар ешкімге жақсы көңіл-күй сыйлай да қоймас. Мүмкіндігінше ермекті үйден тыс жерден, табиғат аясынан іздеңіз.
Айман ИЗАЙҚЫЗЫ,
психолог.

