Ағымдағы жылдың алғашқы он бір айындағы көрсеткіштер бойынша аймақтың эпидемиологиялық ахуалы тұрақты. Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті директорының орынбасары Сәуле Оспанова осылай деуге толық негіз барын бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткізген баспасөз мәжілісінде мәлімдеді.
Енді осы жағымды жаңалықтарға көз жүгіртсек. Биыл павлодарлықтар арасында дифтерия, полиомиелит, қызылша, қызамық, іш сүзек аурулары еш тіркелген жоқ. Өткен жылдың дәл осы аралығымен салыстырғанда өткір ішек аурулары инфекцияларының тобы бойынша аурулар 25 пайызға, сальмонеллез ауруы 29 пайызға төмендепті. Сифилис сырқатына шалдыққандар қатары да сиреген. Педикулезбен сырқаттану оқиғалары да былтырғы жылға қарағанда аймақта 32 пайызға азайған. Өткір респираторлық вирустық ауруға шалдығу жағдайлары 2009 жылғы көрсеткіштен 44 пайызға төмен. Мәселен, өткен жылы мұндай сырқатқа 120 мың павлодарлық душар болса, биыл олардың қатары 65 775-ті құрап отыр. Туберкулез ауруы 13 пайызға азайған көрінеді.
Айта кетерлігі, соңғы он жыл ішінде (2000-2009 жж.), ғылыми тілмен айтқанда, гепатит А вирусының облыста төмендеу қарқыны байқалады. Мәселен, 2000 жылы дәл осы сары ауруға 263 адам шалдықса, 2009 жылы небәрі 25 оқиға тіркелген. Демек, он жылда бұл сырқат он есеге төмендеген. Алайда аталмыш ауру биыл облыста белең алып, сырқаттың маусымдық тіркелуі айқын байқалды. Қорытындыланып отырған аралықта облыс бойынша осы дертке шалдыққан 82 науқас тіркелген. Екібастұз қаласында сары аурудың өршіген оқиғасы елдің есінен әлі кете қоймаған болар. Дегенмен, санитарлық мамандар жүз мың адамға шаққанда бұл көрсеткіш республикалық деңгейден 2 есеге төмен дегенді алға тартты. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, Оңтүстік Қазақстан облысында жылына 1500 оқиға тіркелетін көрінеді. Сәуле Оспанованың айтуынша, сары ауру маусымдық сырқат болып саналады. Негізінен, күз-қыс мезгілдерінде жиі тіркелетін көрінеді. Сондай-ақ әрбір 4-5 жылда дәл осы дерттің өршуі заңдылық екен. Қазан айынан басталып, наурыз айына дейін вирустың «қаһарына енетін» кезеңі саналады.
Санитарлық мамандар осыдан екі ай бұрын Екібастұзда тіркелген гепатит А оқиғасы мен жуырда ғана Павлодар қалалық №39 мектебінде ауруға шалдығу жағдайлары арасында еш байланыстың жоқтығын жеткізді. Павлодардың білім ошағындағы оқиға бойынша шұғыл хабарлама түсісімен облыстық санитарлық мамандар мәселенің мән-жайын анықтауға кірісіпті. Бүгінде сары ауруға шалдыққан аталмыш мектептің 1 оқушысы мен ұстаздың жағдайы жақсарған, көп ұзамай ауруханадан шығарылады, деді С.Оспанова. №39 мектептегі оқиғаға білім ошағының еш қатысы жоқтығы анықталған. Мектепте тиісті талаптар сақталған. Ал оқиғаның тіркелуі үй жағдайындағы тазалықтың сақталмауынан болуы мүмкін деп болжанып отыр. Себебі үй жағдайында жеке тазалық талаптары ескерілмегені анықталған. Дертке шалдыққан оқушы мен ұстаз бір шаңырақ астында жер үйде тұратын көрінеді. Ұстаз баспана жалдап тұрады. Дегенмен, дерттің пайда болу себебін анықтау әлі де тереңдей түспек. Қарапайым тазалық талаптарының орындалмауы осындай сырқатқа душар ететінін санитарлық мамандар тұрғындар есіне тағы бір мәрте салғанды жөн көріп отыр. Себебі халық арасында «сары ауру» аталатын вирустық А гепатиті ежелден «лас қолдың сырқаты» деп танылған. Бұл аурудың талаптары бойынша карантиндік уақыт 35 күн деп белгіленетін көрінеді. Яғни, №39 мектепте сырқаттанған оқушы білім алған 5 сынып және науқастанған мұғалім сабақ берген сыныптар 7 қаңтарға дейін карантинге жабылған. Мамандар мектептің санитарлық жағдайлары көңілге қонымды екенін ескере отырып, мұнда инфекцияның таралуына еш қауіп жоқ дегенді жеткізді.
Жылдағыдай аймақта облыстық бюджет есебінен қаржы бөлініп, тұмауға қарсы екпелер жасау әрдайым назарда, дейді мамандар. Өңірімізде биыл 33 844 тұрғын осы шараға қамтылған. Оның 16 160-ы жергілікті бюджет есебінен егілсе, қалғандары демеушілік және ақылы негізде алдын алу шарасына тартылған. Алайда мұндай ауқым облыс тұрғындарының жалпы санын ескергенде, әлі де аздық ететінін айтпасақ та түсінікті. Егер тұрғындардың кем дегенде 80 пайызы инфекцияларға қарсы екпелермен қамтылса, көп сырқаттың алдын алуға болатын көрінеді. Бірақ бұл қыруар қаржыны талап етеді. Бюджеттен бөлінетін қаржыға санитарлық мамандар Үкіметте арнайы қаулымен бекітілген тұрғындардың әлжуаз топтарын қамтиды екен. Демек, тұрғындардың өздері аурудың алдын алуға көңіл бөлгендері абзал. Негізінен, респираторлық инфекция оқиғалары қараша айынан бастап тіркелсе, биыл ауа райының жылы болуына байланысты әлі мұндай өршу орын алған жоқ. Дегенмен, алдағы қаңтар айында аталмыш аурудың өсуі ықтимал деген болжам да жоқ емес. Санитарлық дәрігерлердің мәлімдеуінше, тұмаудың да, респираторлық инфекциялардың да көрсеткіштері жылдан-жылға төмендеп келеді. Мұны мамандар иммунизация шараларының жемісі деп отыр.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

