Адам сусыз және ассыз бірнеше күн, тіпті бірнеше апта өмір сүре алады. Ал оның ағзасына оттегінің түсуін небәрі бір-екі минутқа тоқтатса, бірден көз жұмады. Осыған қарап, адам өмірі үшін оттегінің қаншалықты маңызды екенін айтпасақ та түсінікті болар. Заманауи озық тәсілдердің арқасында мұндай оттегі жетіспеушілігін толықтыратын құрылғылар да ойлап табылған, соның бірі – барокамера. Міне, осы аппарат-құрылғының көмегімен жүзеге асырылатын гипербарикалық оксигенация (оттегілендіру) тәсілі жөнінде Павлодар қалалық №2 аурухананың терапия бөлімшесінің меңгерушісі Самал Қабибуллақызы Ақылжановадан кеңірек білген едік.
- Самал Қабибуллақызы, алдымен гипербарикалық оксигенация жөнінде айтып берсеңіз...
- Гипербарикалық оксигенация – бұл барокамераларда жоғары қысымда оттегімен емдеу тәсілі. Аталмыш амал белгілі физиологиялық механизмдер бойынша тканьдарға газдардың сіңуі мен таралуын реттейтін физика заңдылықтарына негізделген. Шынымен де, оттегінің жетіспеуі өте қауіпті. Оттегі жеткізілуінің бұзылуы байқалған барлық сырқаттар кезінде дәл сол орган тканьдарының гипоксиясы (оттегілік ашығуы) дамиды. Мұндай жағдайда, әсіресе, ми мен жүрек өте сезімтал келеді. Гипоксия процесі әртүрлі себептерге байланысты орын алады. Яғни қан тамырлардың, қанмен қамтитын органдардың өтімділігі бұзылса, гемоглобин төмендесе, оттегілік ашығу пайда болады. Оған өзге де себептер әсер етуі мүмкін. Кейде таза оттегімен тыныс алудың өзі зақымдалған органның оттегілік ашығуын төмендете алмайды. Міне, осы орайда гипербарикалық медицинаның пайда болуы дәрігерлерге көп көмек беруде. Барокамераның көмегімен оттегінің жоғары қысымын жасауға мүмкіндік туды. Осылайша, ағзада оттегі жетіспеушілігін жоюға жол ашылды. Негізінен, барокамерамен емдеу қосымша, көмекші тәсіл болып табылады. Ауруханамыздың гипербарикалық оксигенация кабинетінде емдеу шаралары БЛКС-307 барокешенді озық үлгідегі бірегей аппаратта жүргізіледі. Бұл құрылғы Ресей елінде М.В.Хруничев атындағы мемлекеттік ғарыштық ғылыми-өндірістік орталығында жасалған.
- Барокамера арқылы жасалатын оксигенация адам денсаулығына қалай әсер етеді?
- Физика пәнінен баршаға белгілі, газдар қысымның күшімен сұйықтықта жақсы ериді. Демек, барокамера жағдайындағы оттегі плазмада және тканьаралық сұйықтықта ери отырып, гемоглобин жетпей тұрған ағзаға барынша көп көлемде түседі. Сөйтіп, зақымданған ағзаның оттегілік ашығуын жоюға болады әрі оның дұрыс жұмыс істеп, ауру қоздырғышына қарсы тұруына мүмкіндік туады. Гипербарикалық оксигенация науқастың жағдайына бірқатар тиімді әсер етеді. Мәселен, ісінуге, аурудың қозуына қарсы тұра алады, қантамыр капиллярларының кеңеюіне ықпал етеді. Бұл тәсілді қолданудың тағы бір артықшылығы, дәрі-дәрмектік заттарды пайдалануды барынша азайтуға жол ашады. Науқастың сырқатынан айығып кету мерзімін айтарлықтай қысқартады, әлсіз ағзаның аурудың салдарымен тиімді күресуіне көмектеседі. Адамның шаршауын шығарады, ауыр жұмыстан кейін күшін қалпына келтіруге ықпал етеді, бұлшық ет тонусын жоғарылатады, күйзеліске қарсы қабілетке де ие. Ластанған ауаның ағзаға кері ықпалын төмендетеді.
- Бұл тәсілді қандай сырқаттар кезінде қолдану керек?
- Гипербарикалық оксигенация тәсілін қолданатын сырқаттар аз емес. Аталмыш амалды қантамырлық ауытқушылықтар, жүрек ақаулары (жүректің ишемиялық ауруының аритмикалық жағдайында, стенокардия, аритмия, жүрек жетіспеушілігі, өкпе-жүрек жетіспеушілігі), асқазан-ішек жолдарының сырқаттары (асқазан мен тоқ ішектің жара аурулары, ішек аурулары) бойынша кеңінен қолданылады. Сонымен қатар өткір гепатит, созылмалы гепатит, бауырдың циррозы, бауырлық жетіспеушілікті, орталық және жүйке жүйесінің ишемиялық инсультын, бас сүйек-ми, жұлын жарақаттары сынды сырқаттарды емдеуде өте тиімді тәсіл болып табылады. Эндокриндік жүйенің ауытқушылықтары кезінде де барокамераның септігі мол. Бұл тәсілді ұзақ уақыт бітпейтін жараларды емдеуге, терінің ісіп-қызару ауруларына қолданамыз. Несеп органдары жүйесінің, өкпе мен кеңірдек тарамының созылмалы сырқаттарына ем-шараның тиімді болуына ықпал ету үшін барокамераның орны зор. Иісті газдан улануды емдеу жағдайында да кеңінен қолданылады. Науқасты сырқатынан неғұрлым тезірек сауықтыруға, иммунитетті арттыруға өте қолайлы. Дәрі-дәрмектің науқасқа әсерін жоғарылатады. Неврологияда бас ауруын емдеуге жақсы көмектеседі. Осындай ем-шарадан кейін науқастың ұйқысы жақсарады. Гипербарикалық оксигенациядан өткен науқастар жұмысқа қабілеттіліктері артып, көңіл-күйлері тұрақтанғандарын жиі айтады.
- Барокамераны қолдануға болмайтын жағдайлар бар ма?
- Гипербарикалық оксигенация жабық аппарат ішінде өтетіні белгілі. Науқасқа бұл сеансты белгілемес бұрын дәрігер оның хал-жағдайын мұқият тексереді. Себебі бұл тәсілді қолдануға болмайтын жағдайлар да жоқ емес. Мәселен, науқас жабық кеңістіктен қорқатын болса, құлақ аурулары, оның асқынуы, сіңірдің тартылу белгілері байқалса, яғни эпилепсия сырқатына шалдыққан жағдайда барокамераның көмегімен оттегі жетіспеушілігін жою сеансы белгіленбейді. Сонымен қатар, науқастың өкпе қуысында сары су, іріңді терең жара бары анықталса, қан қысымы жоғары, өткір суық тию сырқаттарына шалдықса, науқасты емдеуде бұл тәсілді қолдануға тыйым салынады.
- Барокамерамен емдеу қалай жүзеге асырылады?
- Науқасқа сырқатының күрделілігіне, емдеу мерзімінің ұзақтығына қарай 5-10 сеанс белгіленуі мүмкін. Оның денсаулығына қарай науқасқа қажетті деңгейде төмен немесе жоғары оттегі қысымы жіберіледі. Науқас енгізілгеннен кейін камера толығымен жабық болады. Мұнда оттегі қысымын, ауа құрамын қажетті деңгейде реттеп отыратын тетіктері бар. Камера ішіндегі науқаспен дәрігер телефон арқылы байланысып, жағдайын біліп отырады. Техникалық қауіпсіздікке сәйкес науқасқа арнайы киім кигіземіз. Жабық кеңістікте адамның өзін жақсы сезінуі үшін барлық жағдай жасалған. Науқаспен байланысу барысында оның өзін нашар сезінгенін білсек, сеансты бірден тоқтатамыз. Алайда тәжірибемізде мұндай жағдайлар көп кездескен емес. Науқас барокамера ішінде еркін отыра, жата алады. Шипалы оттегімен дем алады, сеанс барысында тіпті ұйықтауына болады. Әр сеанс ұзақтығы 40-60 минутқа созылады. Мұндағы қысым атмосфералық қысымнан жоғары болатындықтан оттегі науқастың бойына тез таралады. Қажетті оттегі барокамера ішіндегі адамға тыныс алу жолдары, тері арқылы жақсы енеді. Күніне орта есеппен 10 науқасқа осындай көмек көрсетеміз. Мұндай сеанстарды жылына екі рет, қажет жағдайда араға үш ай салып қайталауға болады.
Әңгімелескен – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.


