Көпшілік жөтелдің не екенін білгенімен, оның пайда болуының негізгі себептеріне терең үңіле бермейтіні рас. Тіпті, жөтелдің түрлері де аз емес көрінеді. «Ауруды асқындырып алмау үшін қандай қам-қарекеттер жасау қажет?», «Жөтелдің пайда болу себептері қандай?», «Онымен күресудің амалдары қайсы?» Міне, бүгінгі жобамызда осы және жөтелге қатысты өзге де сауалдарға жауап іздеп, Павлодар қалалық №2 аурухананың пульмонология бөлімшесінің меңгерушісі Мәдина Туркбеновадан кәсіби кеңес сұраған едік.
ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛАДЫ?
Жөтел тыныс алу жолдарының кез келген тітіркену, қабыну өзгерістерін аңғартатын организмнің қорғаныш реакциясы болып табылады. Мәдина Қайыргелдіқызының айтуынша, жөтел мұрын, көмей, жұтқыншақ, кеңірдек және кеңірдек тарамдарының қуысындағы жөтелдік рецепторлар тітіркенген кезде пайда болады. Сондай-ақ, дәрі-дәрмек заттарының кері әсері кезінде де басталады. Мысалы, тамырды тарылтатын мұрынға тамызылатын сұйық дәріні ұзақ уақыт қолданса, соңы құрғақ жөтелге әкелуі ықтимал. Себебі, бұл препарат мұрынның шырышты бөлігін құрғатып жібереді. Асқазан ауруынан да жөтел болуы мүмкін көрінеді. Мұндай жағдайда жөтелмен бірге асқазанның қыжылдауы, астың батуы орын алады екен. Сонымен қатар, қан қысымын түсіруге арналған дәрі-дәрмектер де жөтелге жетелейтін кездері кездеседі. Қыста тұрғындар суық тигізіп, күрк-күрк жөтелге душар болып жатады. Алайда, жаз мезгілінде де жоғарыда аталған аурухананың пульмонология бөлімшесіне науқастар лық толы болатын көрінеді. Себебі, жазда адамдар суық су қоймаларында шомылудан кейінгі пневманияны іліп алады.
ЖӨТЕЛ ҚАШАН «ҚАҺАРЫНА МІНЕДІ»?
Бір ғана жөтел сөзімен айтылатын құбылыстың түрі де аз емес көрінеді. Мамандардың айтуынша, жөтел сипатына қарай өнімді (ылғалды) және өнімсіз (құрғақ) болып екіге бөлінеді. Яғни, мұндай түрлер жөтелу кезінде қақырықтың бөліну-бөлінбеуіне тікелей байланысты екен. Негізі құрғақ жөтел өте ауыр болады, дейді мамандар. Ал ылғалды жөтел кезінде қақырық бөлінеді. Қақырықтың түріне, сипатына баса көңіл бөлудің маңызы зор. Себебі, оның түріне қарап, жөтелдің түп-төркінін анықтауға болады. Мәселен, қақырықтың түсі әйнек тәрізді, мөлдір болса, онда мұндай жөтел демікпе дертінен сыр береді екен. Егер тотық түсті болса, онда жүрек сырқатының белгісі болуы мүмкін. Ал егер қақырық қан аралас болса, онда туберкулез немесе өкпенің рагі болуы әбден мүмкін. Қақырық сары, сары-жасыл түсті болса, онда сырқатқа бактериалды инфекция себеп болды дегенді білдіреді. Қақырық іріңді әрі иісі сасық болуы, жөтелу кезінде көп көлемде бөліну жағдайы науқастың өкпесінің немесе бронхэктазияның іріңді ісігінен ақпарат береді.
Жөтелдің ұзақтығына байланысты қысқа мерзімді, тұрақты, эпизодикалық және ұстамалық түрлері бар. Ал жөтелдің ағымы бойынша өткір және созылмалы екі түрі болады. Өткір жөтел 3 айға дейінгі мерзімге созылса, созылмалы түрі үш ай және одан да көп уақыт науқасты мазалайды.
Мәдина Қайыргелдіқызы өткір жөтел, негізінен, суық тиіп сырқаттану кездерінде, яғни, өткір респираторлық вирустық инфекция, пневмония, өткір бронхит, көкжөтел ауруларында жиі кездеседі. Ал созылмалы жөтел өкпенің созылмалы аурулары, демікпе, кеңірдек тарамдарының ісігі, туберкулез, өкпенің ісігі кезінде пайда болады. Өткір бронхитті дұрыс емдемесе науқастың жөтелі созылмалы түрге ұласады. Дәрігер шылым шегудің де талай қиын сырқаттарға душар ететінін тұрғындарға ескертеді. Мәселен, кез келген адам алты жылдан астам уақыт күніне темекінің бір қорабын босататын болса, ол автоматты түрде қауіп-қатер тобына енеді. Яғни, мұндай жандар өкпенің созылмалы сырқатына немесе өкпенің рагіне «үміткер» болып шыға келеді.
Жөтелдің «қаһарына енетін» кезіне де мән берген дұрыс. Мысалы, темекіге әуес адамдарда жөтел әсіресе таңғы уақытта ауыз жаптырмайды. Қақырық та көп көлемде бөлінеді. Сонымен қатар, ондай адамдар жөтелді «ауыздықтай қою» үшін бірден темекіні бас салатын көрінеді. Мұндай мазасыздыққа душар болу өкпедегі ақауды меңзейді. Ал демікпеге, туберкулезге душар болған адамдарда жөтел түн мезгілінде күшейеді.
ТҮП-ТАМЫРЫН БІЛУ ҚАЖЕТ
Әрине, әрбір кішігірім жөтелге байланысты дәрігерге жүгірудің де қажеті шамалы. Алайда, егер жөтел екі аптадан астам уақытқа созылып кетсе, күн санап үдей берсе, қан аралас қақырық, ірің болса әрі оның түсі өзгергені байқалса, уақыт оздырмай дәрігер көмегіне жүгіну қажет. Жөтелдің көзін неғұрлым тезірек құрту үшін үй жағдайында тамақты (кеңірдекті) тұзды сумен шайып отырудың да пайдасы мол көрінеді. Қатты жөтелден тамақтың ауырсынуы, жұтқыншақтың артқы бөлігінің тітіркенуі сезіледі. Демек, жөтелу де жиілей түседі. Маманның кеңесіне сүйенсек, осы кезде бір стақан қайнаған суға шай қасықпен ас тұзын қосып, күніне он рет шаю қажет. Бұл суды жұтпаған дұрыс. Қақырық түсіру үшін шөптерден жасалған кеуде жиынтығын пайдалануға болады. Шылым шегуден бірден бас тартқан абзал. Темекіден болып жөтел күшейе беруі мүмкін. Ауаны ылғалдандырып отырудың да көмегі көп екен. Себебі құрғақ ауа өкпені тітіркендіріп, жөтелді үдетеді.
- Жөтел ауру емес, алайда, қандай да бір сырқаттың белгісі болып табылады. Сондықтан алдымен жөтелдің пайда болу себебін анықтап алған дұрыс. Күрк-күрк жөтелмен күресудің амалдары да жоқ емес. Жөтел кезінде жылы минералды сұйықтықтарды көбірек ішкен жөн. Өйткені сұйықтықты көп пайдалану қақырықты сұйылтады. Құрғақ жөтел кезінде де мұндай тәсіл тиімді. Арнайы тұрмыстық құралдардың көмегімен ауаны ылғалдандырып отыру қажет. Дұрыс тамақтануға көңіл бөліп, сүт, ұн өнімдерін, тәттіні жөтел бар кезде пайдалануды доғарған жөн. Жөтел қандай да бір сырқаттың белгісі болғандықтан, бастысы негізгі дерттің тамырымен күресу қажет, - дейді Мәдина Туркбенова.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

