ҚАУІПТІ ІНДЕТ АУЫЗДЫҚТАЛДЫ

 

     Індет анықталған ауылдардағы карантин шаралары тоқтатылды

     Талайды әбігерге салып, екі адамның өмірін қиған, айналасында алуан түрлі пікір айтылған «сібір жарасы» оқиғасына нүкте қойылды. Өткен сенбіде облыс әкімінің шешімімен құрылған арнайы штаб басшылығы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен болған баспасөз мәслихатында сібір жарасы анықталған Ақсу ауданының Жолқұдық ауылдық округіне қарасты елді мекендердегі карантин алынып тасталғандығын жеткізді. Ең бастысы - жапа шеккендер жоқ. Қазір аталмыш оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, арнайы тексерулер жүргізілуде.
     Естеріңізге сала кетейік, сібір жарасы дертіне қатысты алғашқы оқиға үстіміздегі жылдың 19 маусымы күні тіркелген болатын. Аталмыш оқиғаға байланысты облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев шұғыл мәжіліс өткізіп, онда құрамына тиісті мемлекеттік мекемелердің басшылары кірген арнайы штаб құру туралы шешімге қол қойды. Штабты басқару ісі облыс әкімінің бірінші орынбасары Александр Вербнякқа жүктелді. Сол күндері-ақ дереу қолға алынған санитарлық-эпидемиологиялық шаралар бүгінгі күнге дейін толассыз жүргізілді. Қатерлі індет анықталған елді мекендерде карантин жарияланып, ауылдан шыға беріс жолдарға құқық қорғаушылар мен санитарлық қызметкерлерден құралған қарауыл қойылды. Ондағы мақсат - ет, сүт сияқты басқа да мал өнімдерін сыртқа шығармау.
     Сібір жарасының таралу себептерін анықтау үшін жүргізілген алғашқы тесерулердің нәтижесінде төмендегі жайттар анықталған болатын: ауруға шалдыққан малдың иесі ветеринар дәрігерлердің арнайы рұқсатынсыз, бір жылдық тананың сырқат күйін біле тұра оны сойып, етін сатып жіберген. Соның салдарынан аталмыш ет өнімін сатып алған немесе басқа да себептермен қарым қатынаста болған 119 адам анықталып, олар медициналық жіті бақылауға алынды. Ал мал сойған азамат көп ұзамай қатерлі дерттен көз жұмды. Артынша жұбайы дүние салды. Дертті жұқтырған барлығы жеті адам анықталған. Оның бесеуі бүгінде емханада. Жағдайлары жақсы. Штаб өкілдерінің айтуына қарағанда, олар жақында үйлеріне оралады.
     - Санитарлық-медициналық шаралар жүргізу барысында бір қиындыққа тап болдық. Өкінішке қарай, елді мекен тұрғындары сібір жарасы мәселесіне келгенде кейбір жайттарды белгісіз себептермен жасырып қалуға тырысты. Мысалы, кейбірі ауру малдың етін сатып алғандығын, тұтынғандығын айтпаған. Ал дертке шалдығып, көз жұмған ауыл тұрғыны тек ауыр хал үстінде жатқан кезде ғана бұған дейін тағы бір малды, нақты айтқанда жылқыны сойып, етінің біраз бөлігін облыс орталығына өткізіп жібергендігін мойындады. Дереу жүргізілген тексеру жұмыстары нәтижесінде ет өнімінің Павлодар қаласындағы «Манақбай» базарына жеткізілгендігі анықталды. Артынша ол ет Павлодар нан-тоқаш комбинаты ЖШС-нің дүкеніне төмен бағамен саудаланып кеткен. Осыны ескере отырып біз аймағымыздың барлық аудандарынан жеткізілетін ет, сүт өнімдерін жәрмеңкелерде сатуға тыйым салдық, - деді облыс әкімінің бірінші орынбасары, штаб төрағасы Александр Вербняк. Бір атап өтерлігі, бұл жөнінде де қоғамда талай жаңсақ пікірлер айтылды. «Облыс орталығында ет өнімінің тапшылығы байқалады» дегендер де табылды. Алайда мұның барлығы бекер сөз екендігі анықталып отыр. Штаб өкілдері мал өнімін сатуға тыйым тек жәрмеңкелерге ғана қойылды, ал базарларда барлығы бұрынғысынша жүргізілгендігін айтты. Бұл өздері саудалап отырған ет өнімінің бағасын көтеріп, қосымша пайда табуды көздеген әккі саудагерлердің шығарған қауесеті болса керек.
      Тағы бір назар аударарлық жайт, Манақбай базарына ауру жылқының еті еш ветеринарлық рұқсат қағазынсыз түскен. Сондықтан аталмыш сауда орны мен Павлодар нан-тоқаш комбинаты ЖШС дүкенінің басшыларына 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл белгіленген. Ал Манақбай базарының ветеринарлық қызметінің инспекторы жұмысынан босатылды.
     Бүгінде аймағымыздың барлық аудандарында жүз пайыздық вакцинация жүргізілді. Бұл аталмыш шараның бірінші кезеңі болып табылады. Тек үш айға толмаған төлдер әлі егілмеген. Олар вакцинация шарасының екінші кезеңіне - күз айына қалдырылыпты.
     Қазіргі кезде сібір жарасы оқиғасының екінші рет қайталанбауы үшін барлық шаралар қолға алынуда. Жоғарыда аталған елді мекендерде мал жайылатын жерлер залалсыздандырылды. Сондай-ақ аталмыш жер аумағы арнайы тіркеуге алынды. Енді онда мал жайып немесе басқа да жер жұмыстарын жүргізуге тыйым салынды.
     Сібір жарасы оқиғасына жол берілуіне елді мекендерге арнайы вакциналардың кеш жеткізілуі басты себеп болып отыр. Бір атап өтерлігі, малдардың мұндай қатерлі дертке шалдығу оқиғасы аймағымызда соңғы рет 1967 жылы тіркелген. Сібір жарасының салдарын ауыздықтауда арнайы құрылған облыстық штаб пен оның құрамындағы мемлекеттік мекемелердің жедел әрі тиянақты жұмысын атап өткен жөн.
     Бүгінгі таңда Жолқұдық ауылдық округінде орын алған сібір жарасы оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Әзірге нақты күдікті немесе кінәлілер жайында айту ертерек дейді құқық қорғаушылар.


                   Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Шілде 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31