Бұрнағы күні Павлодар қаласындағы №2 қалалық аурухананың мәжіліс залында облыстық денсаулық сақтау басқармасының алқа отырысы өтті. Оған облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев, облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова қатысты. Сондай-ақ, қалалар мен аудандардағы ауруханалардың бас дәрігерлері, облыс орталығындағы емдеу-сауықтыру мекемелерінің басшылары шақырылды. Алқалы жиында өткен жылы аймақтағы денсаулық сақтау саласында атқарылған жұмыстарға қорытынды жасалып, биыл алға қойылған мақсат-міндеттер айқындалды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Ардақ Күзеков өзі басшылық етіп отырған салада қол жеткен жетістіктер жөнінде баяндады. Оның айтуынша, облыс тұрғындарының денсаулығы жылдан-жылға жақсарып келе жатқаны байқалады. Мәселен, 2009 жылмен салыстырғанда өкпе дертіне шалдыққандар (туберкулез) саны 12,8%-ға, ана өлімі 48,9%-ға төмендеген. Қуантарлығы, бала туу көрсеткіші өскен. Атап айтар болсақ, Лебяжі, Баянауыл аудандарында жарық дүние есігін ашқан сәбилер қатары алдыңғы жылмен салыстырғанда едәуір жоғары.
Елбасының әр жылғы Жолдауында халық денсаулығын жақсартуға ерекше мән берілуде. Осыған орай, мемлекет тарапынан денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы көлемі де жыл сайын артып келеді. Алдыңғы жылы бір адам үшін бюджеттен 21 089 теңге бөлінсе, былтыр әр тұрғынның денсаулығы үшін 25 278 теңге қарастырылған. Ал биылғы жылы осы салаға республикалық және жергілікті бюджеттен 22 миллиард теңге көлемінде қомақты қаражат бөлінген екен. Бұл - ел экономикасының алға басып, мемлекеттің басты байлығы - халықтың денсаулығын жақсартуға баса мән берілгенін аңғартса керек. Сонымен қатар, облыста дәрігер мамандардың біліктілігін жетілдіру ісі де дұрыс жолға қойылған. Өткен жылы павлодарлық 24 дәрігер заманауи медицинаның дамуы жағынан көш басында келе жатқан Латвия, Чехия сынды бірқатар шет мемлекеттерге барып, біліктілігін жетілдіріп келді.
Жиында аймақтағы денсаулық сақтау саласының жас мамандармен толығып, халықтың сұранысын қанағаттандырып жатқаны да сөз болды. Тек былтырғы жылы облыстың емдеу мекемелеріне 124 жоғары білімді, 151 орта білімді жас маман келген. Соның нәтижесінде қосымша 10 мың тұрғын медициналық кадрлармен қамтылып отыр. Атап өтерлігі, бұл - республикалық көрсеткіштен жоғары. Тағы бір айта кетерлігі, облысқа қарасты медициналық мекемелердің 70%-дан астамы мемлекеттік тіркеуден өтіп, республикада біздің облыс үшінші орынға шыққан.
Басқарма бастығы өңірде халықты дәрі-дәрмекпен қамту ісі де табысты жүзеге асқанын және күндізгі стационарда емделушілер үшін зор мүмкіндік жасалғанын атап өтті.
Былтыр елімізде жаппай жүзеге асқан денсаулық сақтаудың бірыңғай ұлттық жүйесінің алғашқы кезеңі Павлодар облысының тұрғындары үшін сәтті болғаны айтылды.
Алқа отырысында кепілдендірілген медициналық көмек, тұрғындарды осы салада болып жатқан игі өзгерістермен, жаңалықтармен хабардар ету барысында қолға алынған жұмыстар жайы да баяндалып, медициналық заманауи құрылғыларды қажет ететін мекемелердің әлі де бар екендігі сөз болды.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев денсаулық сақтау саласында атқарылған жұмыстарға оң баға берді. Сондай-ақ ол облыс орталығындағы білікті мамандар ауыл-аймақтарды аралап, шалғайдағы тұрғындарға дәрігерлік көмек көрсету ісін жандандыру керек екенін тілге тиек етті.
Нұржайна ШОДЫР.

