Ақтоғай аудандық орталық ауруханасында дәрігерлік жұмысын былтыр ғана бастаса да, Бейбіт Ботаев емделушілердің ілтипатына бөленуде. Ол Семей медициналық академиясында хирургия мамандығы бойынша білім алып, арнайы жолдамамен Ақтоғай ауданына келген. Көршілес Ертіс ауданының тумасы болса да, біздің өлкенің медицина саласында жұмыс істегенді жөн көрді. Жұмысқа орналасқан кезден бастап-ақ жергілікті аурухананың ұжымын ерекше құрмет тұтып, өзін еңбекқор, кәсібін сүйетін азамат ретінде танытты.
Ал Гүлмира Рахымжанованың сонау Семей қаласынан жол тартып келгеніне 5-6 жылдың жүзі болыпты. Қазіргі күні Ақтоғай ауданы, Қараоба ауылдық дәрігерлік амбулаториясында бас дәрігер-терапевт болып жұмыс істейді. Жергілікті халық оның абзал адам екенін біледі. Орталық ауруханада ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп, құрметті демалысына шыққан Бану Оспанбекованың орнын басып, басы ауырып, балтыры сыздағандарға көмек көрсетуден шаршамайтын жандардың бірі.
Ақ желеңділерді бір арнаға тоғыстырған мекемеде дәрігерлердің сенімді серігіне айналған медбикелер қауымы туралы да айтпасқа болмас. Аталмыш мекемеде қызмет ететін 33 медбикенің ішіндегі Қымбат Бабықова, Клара Жансейітова сынды азаматшалардың орны бөлек. Барлығы - бір-бір отбасының ұйытқысы, аяулы жар, ардақты ана. Орталық аурухананың жедел жәрдем қызметі де халыққа қалтқысыз қызмет етуде. Григорий Семеновский есімді жас жігіт жедел жәрдем автокөлігінің жүргізушісі болып жұмыс істейді. Қаңтардың сақылдаған сары аязы болсын, жаздың аптап ыстығы болсын, науқастанған адамға көмек көрсетуден аянбайды. Бір күні қан қысымым тым жоғарылап, ауырып қалдым. Сол кезде аудан ауруханасының бас дәрігері Зәуре Айдарханова мені тексеріп, емдік іс-шараларды қолданды. Қазір, құдайға шүкір, денсаулығым жақсарып, дәрі-дәрмек қабылдаудамын.
Орталық ауруханада қызмет етіп жүрген алтын жүректі мамандарға шын ризашылығымды білдіргім келеді. Жауапкершілік пен төзімділікті қажет ететін қызметтерің табысты болсын.
Е.МУНДУИНОВ,
педагогикалық еңбек ардагері, Ақтоғай ауданы.

