Бүгінгі тақырып тағы да жүрек жайлы болмақ. Адам ағзасының «төресі» саналатын бұл органның қыр-сырын, оны емдеу тәсілдерін қанша сөз етсек те, артық болмас. Жүректің негізгі қызметі – қан тамырлары арқылы адам ағзасындағы органдар мен тіндерге оттегі, қоректік заттарды жеткізу және олардан қажетсіз заттарды (көмір қышқылын, ақуыз қалдықтарын, т.б.) шығару. Демек, кеудедегі жұдырықтай жүректің тынымсыз жұмысы адам ағзасында тоқтаусыз қан айналымын қамтамасыз етеді. Мамандардың айтуынша, дені сау адамның жүрегі қалыпты жағдайда минутына 5-8, тәулігіне –
Жүректі тексерудің осындай тәсілдерінің бірі әрі бірегейі саналатын коронарография, анықталған ақауларды жоюға бағытталатын стентирлеу, баллондық ангиопластика жайында жоғарыда аталған медициналық мекеменің кардиохирург дәрігері Руслан Байсебенов «Денсаулық+» жобасының соңғы материалында кеңірек баяндап берген болатын. Ол кәсіби маман ретінде қарапайым халық жүректің негізгі аурулары жайында кеңірек білсе деген ниетте. Себебі тұрғындардың хабардар болуы талай қауіптің алдын алатынына сенімді. Сондықтан жүректің жиі кездесетін сырқаттары, оған жетелейтін кері әсерлері жайында толығырақ мәлімет бергенді жөн көріп отыр. Білікті маман алдымен, жүрек ақауларының түріне тоқталды. Оның айтуынша, біріншіден, көп адамда жүрек ақауы туа біткен сырқат болып саналады. Бұл жүкті әйелдің денсаулығына тікелей байланысты (қан аздығы, суық тию, инфекциялық аурулар, т.б.) болатын көрінеді. Соның салдарынан жүрек қалқаншалары мен қақпақшалары толық дамымайды. Екіншіден, сырқат жүре пайда болады. Ревматизм, атеросклероз, мерез секілді аурулардан кейін адамның жүрегіндегі қақпақшалары істен шығады екен. Мұның салдарынан жүрекке салмақ түседі. Қан қысымының артуы мен төмендеуі де жүректің қалыпты жұмыс істеуіне кедергі. Мәселен, қан қысымының көтерілуі көпке дейін ешқандай сыр бермей, жүрек пен қан тамырларын жарақаттай түседі екен. Егер де науқас дер кезінде емделмесе, онда ол стенокардия, инфаркт, инсульт, жүрек әлсіздігі сияқты ауыр асқынуларға әкеледі, дейді кардиохирург. Дәрігерлер қимылдың аздығы, дұрыс тамақтанудың бұзылуы, ас тұзын көп пайдаланудың да қан қысымы мен жүрекке залалы зор екендігін алға тартады. Қан қысымының төмен болуы да қауіпті. Бұл дерт те жүрек ауруына себепші бола алады.
- Жүрек ауруларының ең жиі кездесетін түрі – стенокардия. Оның негізгі себебі – жүректі қоректендіретін күре тамырдағы қан айналымының бұзылуы. Бұл атеросклероздың салдарынан қан тамырларының тарылуы орын алады. Тамыр тарылған соң жүректің етіне керекті қоректік заттар және оттегі жетіспейді. Сондықтан адамның кеуде сырты немесе жүрек тұсы күйдірген тәрізді ауырады, қысады немесе кеудені басып тұрғандай сезінеді. Оның әсері сол қолға, мойынға, арқа тұсына беріледі. Әрбір жағдайда аурудың белгісі өзгешелеу болып келеді. Іштің жоғарғы жағы ауырады, адамның құсқысы келеді, - дейді Руслан Қайратұлы. Ол, сондай-ақ, осы белгілерге қарап, науқастарды сырқаттың басты себебін анықтамай, өздерінше ем-дом жасаудан аулақ болуға шақырады.
Кардиохирургтар жүректің атеросклероз сырқаты жөнінде де білген дұрыс деген ойда. Жүректің бұл ауруы кезінде артерияның ішкі қабырғасына холестерин жиналады, бірте-бірте ол жерде қатпарлы табақша пайда болатын көрінеді. Холестериннің жиналуына ағзадағы май алмасуының бұзылуы, артерия қабырғасының зақымданып, өзгеріске ұшырауы, тромбоциттер тікелей әсер етеді екен. Адам ағзасында бұл жас кезінен дамып, ұзақ уақытқа дейін белгі бермейді, дейді мамандар. Нәтижесінде, әртүрлі органдарда (жүрек, ми, бүйрек, т.б.) ишемиялық өзгерістер пайда болады. Әсіресе, гипертониясы, қант диабеті бар науқастарда атеросклероз тез асқынып, ауыр өтетін көрінеді. Өкінішке қарай, халық арасында кеңінен белгілі миокард инфаркты жүректің ауыр сырқаты болып табылады. Егер кезекті стенокардия әдеттен ұзағырақ (15-20 минуттан артық) әрі күштірек болса, ауырсыну 1-2 түймедақ нитроглицеринді пайдаланған соң да басылмаса, бұл миокард инфарктың басты белгісі болып табылады. Мамандар ондай жағдайда науқасты тыныштандырып, дереу дәрігер шақыру қажеттігін айтады. Әдетте, миокард инфаркты кезінде тамырдың қысылған жерінде жедел қан ұйып қалады. Осы кезде адамның кеуде тұсын қатты ауыртады. Науқас мазасызданады, суық тер шығады, өңі бозарып, еріндері көгереді. Миокард инфаркты жүрек етінің жыртылып кетуіне соқтыруы мүмкін. Сондықтан инфаркт алған адам өзін-өзі міндетті түрде күтуі керек. Дәрігерлер ондай жандарға арнайы режимді қатаң сақтап, денеге ауыртпалық түсіруден абай болуға, жүйке жүйесін де бірқалыпты сақтауға кеңес береді. Үнемі кардиолог дәрігердің бақылауында болып, оның кеңесін бұлжытпай орындауы тиіс, дейді. Қуантарлығы, соңғы кездері жоғарыда аталған бөлімше қызметінің көмегіне жүгінушілер ішінде шұғыл түрде жедел жәрдеммен жеткізетіндерден гөрі жоспарлы түрде келетіндер саны басымырақ. Дәрігерлердің көздегендері де – осы. Яғни ауруды асқындырмай, алғашқы белгілері байқалған кезінде кәсіби мамандардан көмек алған әлдеқайда тиімдірек, дейді кардиохирург Р.Байсебенов. Шыны керек, көп адамдар жүрегі бүгін сыр берсе, «ертең басылып қаладымен» күн кешеді. Сөйтіп ауруды асқындырып алады, - дейді ол. Ал дер кезінде дәрігерлер жәрдеміне жүгінгендердің дертіне дауа табуға әбден болады. Дәрігерлердің айтуынша, жүрек ауруларының алғашқы белгілері байқалған сәттен бастап алғашқы алты сағат ішінде науқас ауруханаға жеткізілсе, қауіптің алдын алуға бүгінде мүмкіндік зор.
Осындай мүмкіндік жасайтын жоғарыда аталған бөлімше жайында да айта кеткен жөн болар. Себебі, мамандардың мәліметіне сүйенсек, тек Павлодар облысында бес мыңға жуық жанға жүректің ишемиялық ауруы диагнозы қойылған. Өкінішке қарай, жыл сайын олардың қатарын шамамен мыңға жақын тұрғын толықтыратын көрінеді. Осыны ескерсек, бөлімшенің бүгінгі күндегі жүрек сырқаттарын емдеу жолындағы алатын орны айтпасақ та түсінікті. 2008 жылдың қараша айында ашылған бөлімше аз уақыттың өзінде адам өмірін сақтап қалу жолында маңызды мәнге ие екенін аңғарта білді. Дәрігерлердің мәліметіне сүйенсек, осы аралықта бөлімшеде 500-ге жуық стентирлеу, 2500-ге жуық коронарография жасалған. Айына шамамен жүзден астам адамның жүрегі тексерілсе, отыз шақтысына стентирлеу операциялары жасалады. Мәселен, биыл жыл басынан бері екі жүзден астам коронарография жасалған және алпыстан астам стент орнатылған. Руслан Қайратұлы келесі жылы жылына 500 стентирлеу, 1500 коронарография жүзеге асыруды көздеп отыр. Бір айта кетерлігі, кілең жастардан құралған бөлімше ұжымы бүгіннің өзінде аймақта ел сенімін ақтап отыр. Семей мемлекеттік медициналық академиясында білім алып, кейін Казань, Новосібір қалаларында, сондай-ақ Израиль елінде біліктілігін жетілдірген бөлімше меңгерушісі Александр Никонов «жас болса да, бас болып», өзіне жүктелген істі дөңгелетіп әкетуде. - Бірнеше жыл бұрын көптеген адамдар желкілдеген жаста жүрек сырқаттарынан көз жұмды. Бұл ауру өлім-жітім саны бойынша елімізде алға шыққаны да жасырын емес. Бүгінде аталмыш мәселе - мемлекеттің басты назарында. Елбасының тапсырмасымен еліміздің әрбір облыс орталығында кардиологиялық мекемелер ашылып жатыр. Жыл сайын қыруар қаржыны осы мақсатқа бағыттап жатқаны да белгілі. Енді осы игілікті істерді тұрғындар кеңірек біліп, ауруларын асқындырмай, тегін кәсіби көмек алуға мән берсе, бірлесе отырып, қауіптің бетін қайтарарымыз анық. Ең бастысы, әрбір жан жұдырықтай жүрегін аялай білуі тиіс, - дейді Руслан Байсебенов.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

