Газетіміздегі «Денсаулық +» жобасы аясында бұған дейін жарық көрген мақалаларда жүрек ауруларының алдын алу жолдары жөнінде толығырақ мәлімет берген болатынбыз. Алайда бүгінгі тақырып тағы да жүрек ауруларына қатысты болмақ. Себебі, бұл сырқатты емдеу тәсілдері туралы қаншалықты әңгімелесек те, еш артықтық етпесі анық. Олай дейтініміз, елімізде жүрек ауруларының салдарынан құрбан болғандар қатары жылдан-жылға артуда. Сондықтан да отандық кардиологтар осы сырқатпен күресу үшін аянбай тер төгуде. Әсіресе, соңғы кездері жүректің ишемиялық ауруымен ауырғандар санының көбейгені кардиохирургия саласының мамандарын алаңдатуда.
Көптеген зерттеулер халықтың аталған аурумен күресу жолдарын білмегендіктен оны асқындырып алатындықтарын көрсетіп отыр. Тіпті, көп жағдайда мұның соңы қайғылы оқиғамен аяқталып жататын көрінеді.
Мамандардың мәліметіне сүйенсек, облысымызда жүректің ишемиялық ауруы диагнозы қойылған бес мыңға жуық адам бар болса, жыл сайын олардың қатарына шамамен бір мыңға жуық науқас қосылып отырады екен.
Атап өтерлігі, облыс орталығындағы №№2 қалалық аурухананың кардиохирургия бөлімшесінде осы ауруды емдеуге мол мүмкіндік бар. Бұл жөнінде аталмыш аурухананың хирург дәрігері Арман Құрманов әңгімелеп берді.
Жүрегім сау болсын десең...
Алдымен жүректің ишемиялық ауруы жөнінде айта кетcек, ол – жүрек бұлшық еттеріндегі қан айналымының жеткіліксіздігінен пайда болатын созылмалы ауру. Бұған көбінесе стенокардия, атеросклероз және миокард инфаркты сияқты жүрек сырқатының түрлері әсер етеді.
Стенокардия - жүректі қоректендіретін күре тамырдағы қан айналымының бұзылуы. Атеросклероз - артерия қабырғасына майдың жиналуы, холестериннің көбеюі, қанның қоюлануы. Осының салдарынан қан тамырлары тарылып, жүрекке қоректік заттар мен оттегі жетіспейді. Өкінішке қарай, бұл сырқат түрі адам ағзасында жас кезінен бастап дамып, ұзақ уақытқа дейін белгі бермейтін көрінеді. Ал миокард инфарктысы - жүрек бұлшық етінің жансыздануы. Оған көбінесе кенеттен болған физикалық, психикалық жүктеме әсер етеді. Міне, осы аурулардың салдарынан пайда болатын жүректің ишемиялық ауруын емдеу үшін алдымен аталған стенокардия, атеросклероз және миокард инфарктысының алдын алу керек. Демек, жүректегі қан айналымының жұмысын жақсарту үшін дене шынықтырумен айналысудың маңызы зор. Сондай-ақ, майлы, тұзды, кептірілген, қуырылған тамақтарды көп жемеген жөн. Олар қандағы холестеринді көбейтеді.
Жүрек-қан тамырлары жүйесіне кері әсер ететін зиянды заттарға ішімдік пен темекі де жатады. Мәселен, алкоголь құрамындағы сивуш майы тамырдың кеңеюін тудырып, жүрекке салмақ түсірсе, темекі құрамындағы никотин керісінше тамырды тарылтып, қанның жүруіне кедергі жасайды. Сол үшін жүрегінің саулығын ойлаған жандар бұл өнімдерден аулақ болғаны абзал.
Қазіргі таңда медицина ғылымы қарыштап дамыған сайын аталған ауру түрін зерттеудің, жедел әрі жеңіл емдеудің хирургиялық озық үлгісі іске асуда. Ол – коронарография, яғни бұған дейінгі материалдарда айтып өткендей, жүректің ишемиялық ауруын анықтау әдісі.
Павлодар қалалық №2 ауруханасында 2007 жылдан бастап осы әдіс (коронарография) сәтті жүзеге асып, нәтижесінде жыл сайын шамамен бір мыңнан астам науқастың өмірін аман алып қалуда. Жалпы, жүректі тексеру кезінде қолданылатын барлық тексеру әдістерінің нәтижесі міндетті түрде коронарографияның қорытындысымен салыстырмалы түрде анықталатындықтан, ол - медицинада жүректің ишемиялық ауруын анықтаудағы ең үздік әдіс саналып, «алтын стандарт» деген атауға ие болып отыр.
Ендігі кезекте, жүректің ишемиялық ауруын емдеу тәсілдері жайлы айтар болсақ, бұл ретте аортокоронарлы шунтирлеу операциясының маңызы зор. Алайда бұл емдеу шарасы туралы көпшілік біле бермейді. Сондықтан хирург дәрігер Арман Құрманов төменде аортокоронарлық шунтирлеу операциясы туралы баяндап бермек.
Қан айналымын қалпына келтіретін операция
Аортокоронарлы шунтирлеу – ашық жүрекке жасалатын ең күрделі операцияның бірі. Біздің облысымызда бұл операция тұңғыш рет 2008 жылы Астана қаласынан келген тәжірибелі хирургтардың көмегімен жасалды. Ал 2009 жылы осы операция түрін Ресейдің Новосібір өңірінен келген мамандар жасап, павлодарлық хирургтардың тәжірибе алмасуларына мүмкіндік туғызды. Осылайша, екі жылдық мол тәжірибенің нәтижесінде 2010 жылдан бері аортокоронарлық шунтирлеу операциясын өз мамандарымыз жасауда. Айта кетерлігі, бүгінгі күнге дейін Павлодар қаласындағы №2 аурухананың кардиохирургия бөлімшесінде жүректің ишемиялық ауруы деген диагноз қойылған 150-ден астам науқасқа осындай операция жасалған екен.
Жүректің ишемиялық сырқаты кезінде қан тамырлары тарылып, жүрекке оттегі жетіспейді. Бұның салдарынан жүректің айналасы шаншып, сол жақ кеуде тұсы ауырып, стенокардия мен миокард инфаркты пайда болады. Міне, осындай жүрек ауруларын емдеп, жүрек артериясындағы қан айналымын қалыпқа келтіру үшін аортокоронарлық шунтирлеу операциясы жасалады. Ол жүректің қан тамырларын қалпына келтірумен қатар, осы сырқатқа тап болған науқастың өмірін құтқарып қалуға септігін тигізеді.
Бұл операция өте күрделі болғандықтан, кемінде үш хирург дәрігер, анестезиолог, перфузионист және операциялық медбикенің қатысуымен 4-5 сағат бойы жасалады. Операция барысында науқасқа жасанды қан айналымын қамтамасыз ететін арнайы аппарат пайдаланылады. Кейде науқастың жүрегі соғып тұрған кезде де операция жасала береді. Ал операциядан шыққан адам денсаулық жағдайына байланысты 1-2 күннен кейін ғана ақырындап жүре алады. Бұдан кейін операция жасалған науқасқа ерекше күтім қажет екендігін есте сақтау қажет. Сондай-ақ, мұндай науқастар міндетті түрде диета сақтап, үнемі дәрігерлік кеңес алып тұрулары тиіс.
Қуантарлығы, бұл операцияның құны қомақты болғанымен, біздің өңірімізде тегін жасалуда. Мемлекеттің және жергілікті биліктің қолдауымен жүзеге асып жатқан мұндай зор мүмкіндіктің бар екенін көптеген тұрғындардың әлі күнге дейін біле бермейтіні өкінішті, дейді мамандар.
* * *
(Аталған операцияның жасалу жолдары мен одан кейінгі күтім жөнінде келесі «Денсаулық +» жобасының материалынан толығырақ оқи аласыздар.)
Нұржайна ШОДЫР.

