Елбасының жыл сайынғы халыққа Жолдауында елдегі білім беру сапасын дамытуға ерекше мән беріліп келеді. Бұл ретте басым салмақ ұстаздар қауымына түсетіні шындық. Осыны ескерген елімізде енді ұстаздар мәртебесін көтеруге бағытталған жаңа жүйе жүзеге аспақ. Бұл туралы бұрнағы күні ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов Үкімет отырысында мәлім етті. Оның айтуынша, үстіміздегі жылдың қыркүйек айынан бастап ең жоғары санаттағы мұғалімдердің базалық қызметтік айлығына 100 пайыз қосымша ақы қосылатын болады. Сонымен қатар, санаты жоқ ұстаздарға 20 пайыздық қосымша ақы төленеді. Осы мақсатта республика бюджетінен тек мұғалімдер санаты үшін 15 млрд. теңге бөлінбек. Министрдің айтуынша, бұл қаржы көлемі жылдан-жылға артып, 2015 жылға қарай мұғалімдердің жалақысы жеке меншік сектордағы орташа жалақыға жуықтайды.
Осылайша, мұғалім еңбекақысын арттыра отырып, оның дәрежесін көтеру білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасының басты мақсаты болмақ.
Н.АҚЫТЕГІ.

