Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Ардақ Күзеков бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің басын қосып, басқарманың артта қалған алты айдағы атқарған жұмыстары жөнінде баспасөз мәслихатын өткізді.
Басқарма бастығы Ардақ Күзеков ағымдағы жылы еліміздегі денсаулық сақтау саласында, жалпы отандық медицинада ауыз толтырып айтарлықтай тың жаңалықтардың көп болғанын атап өтті. Соның бірі – «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске сәйкес енгізілген бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі. Республика бойынша жаппай қолға алынған аталмыш жүйе біздің өңірімізде де өз нәтижесін беріп, тұрғындарға медициналық көмек көрсету, сапалы дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету шаралары оң жолға қойылған. Соның нәтижесінде облысқа қарасты сексеннен астам емдеу мекемелерінің барлығы толығымен аккредитациядан өткен. Олардың қатарындағы облыстық балалар ауруханасы мен Ақсу қалалық туберкулезге қарсы ауруханасының аккредитацияда ең жоғары балды иеленіп, үш жылға кепілдік алғанын атап өткен орынды. Мұндай дәрежеге республикадағы 1300-ден астам медициналық мекеменің сегізі ғана қол жеткізген екен.
Ардақ Күзеков ағымдағы жылдың алғашқы екі айында экономикалық жағдайға байланысты стационарлық емдеу жүйесінде біраз кедергілердің болғанын, ал қазіргі таңда бұл мәселелердің барлығы оң шешімін тапқанын мәлімдеді. Ең бастысы, медицина жүйесінде орын алған өзгерістерге қарамастан облыстағы денсаулық сақтау саласы өткен жарты жылда межелеген мақсат-міндеттерін ойдағыдай орындап үлгерген. Мәселен, жоспар бойынша осы уақытқа дейін 79 мыңнан астам науқас емделу керек болса, бүгінде облыста 81 мың науқасқа медициналық көмек көрсетілген.
Облысқа қарасты күндізгі стационарлық емдеу мекемелерінің де халыққа қалтқысыз қызмет көрсетуі үшін зор мүмкіндіктер жасалған. Өткен жылы мұндай күндізгі стационарлық емдеу мекемелері 8 мың адамға медициналық көмек көрсетсе, ағымдағы жылы 20 мыңға жуық тұрғын емделген. Аталған медициналық мекемелерде емделушілер үшін қолайлы жағдай да жасалынған. Сонымен қатар адамдар аз емделетін бөлімшелердегі орындар қысқартылып, есесіне кордиология, неврология, эндокринология сынды бөлімшелердегі төсектер саны артқан.
Өткен жылдардағы көрсеткішпен салыстырғанда биыл аймақтағы ана мен бала өлімі едәуір азайып, әсіресе жүкті әйелдердің денсаулығы басты назарға алынған. Ағымдағы жыл басынан бері онкологиялық аурулар 9 пайызға, нашақорлық пен АҚТҚ (ВИЧ) 6 пайызға азайған. Сондай-ақ аймағымызда жүрек қан тамырлары ауруымен ауыратын науқастардың денсаулығын қалпына келтіру үшін барлық жағдай жасалуда. Осы мақсатта екі жыл бұрын тұсауы кесілген Павлодар қаласындағы кардио-хирургиялық орталық қазіргі уақытта жемісті жұмыс жасап жатыр. Екі жылда мұнда жүрекке арналған 38 операция жасалған. Ал ағымдағы жыл басынан бергі алты айда осында барлығы 1700-ден астам операция жасалса, оның 48-і күрделі жүрек операциясы екен. Соның арқасында жүрек ауруларымен ауыратын науқастардың өлімі 25 пайызға азайған.
«Бірінші байлық-денсаулық» десек, облыстағы медицина саласындағы бұл жетістіктердің барлығы қуантарлық жағдай. Жиынды қорытындылаған облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Ардақ Күзеков аймақ дәрігерлері үшін алғашқы жарты жылдың табысты өткенін айтып, алдағы уақытта да осы тізгіннен айырылмайтындықтарын жеткізді.
Нұржайна ШОДЫР.

