7 сәуір - Дүниежүзілік денсаулық сақтау күні
Жыл сайын 7 сәуірде Дүниежүзілік денсаулық сақтау күні аталып келеді. Биыл бұл күн «Микробқа қарсы дәрілерге төзімділік және оның ғаламдық таралуы» деген тақырыпта өтпек. Басты мақсат - тұрғындарға антибиотиктерді орынсыз пайдаланудың зиянды тұстарын түсіндіріп, дұрыс бағыт-бағдар беру.
Қазір қарыштап дамыған технологияның арқасында түрлі дәрілер жасалып шығарылуда. Әсіресе, антибиотик дәрі-дәрмектер көп. Алайда, тұрғындардың көбі антибиотиктерді қолдануға байланысты ақпараттарды толық біле бермейтіндіктен, оны өз бетімен қолдана береді. Сонымен қатар, біліксіз мамандардың, таныстарының кеңестеріне жүгініп, одан қалса жарнамаларға құлақ асқан кейбір адамдардың дәріні дұрыс қабылдамауының салдарынан жапа шегіп жататындары жасырын емес.
Антибиотиктерді бей-берекет, бақылаусыз қолданғанда, кейін басқа тағайындалған антибиотиктердің әсері ағзаға тиімсіз болып табылады екен.
Микробқа қарсы дәрі-дәрмектерді тиімсіз қолдану – резистенттіліктің (тұрақтылықтың) дамуының басты себебі. Бұған кез-келген суық тиюдің жеңіл-желпі симптомдарында антибиотиктерді тағайындау, ақпараттың жеткіліксіздігінен дұрыс қолданбау, сондай-ақ, емделушінің қаражатқа байланысты курсты тоқтатуы ықпал етеді.
Микроағзалардың антибиотиктерге төзімділігінің таралуы және өсуі емхана, аурухана емделушілерімен қатар ветеринарлар, агрономдар, сондай-ақ, азық-түлік өнеркәсібіндегілерге де қауіп төндіреді. Өйткені, олар да антибиотиктерді пайдаланады. Бүгінгі күні барлық антибиотиктердің 50% ауыл шаруашылығында тек ауру жануарларға ғана емес, мүйізділер мен құстардың өсуін жылдамдатуға ықпал жасауға қолданылады. Бұл қауіпті. Себебі, төзімді микроағзалар жануарлардан адамдарға берілуі мүмкін.
Антибиотиктердің тиімділігін қамтамасыз ету үшін келешекте оның өмірді құтқаруға қабілеттілігін сақтауға және адамдар мен жануарлардың қиналуының алдын алуға мән бере отырып, оны пайдалану ережесін қатаң бақылауға алу керек.
Павлодар облыстық салауатты өмір салтын
қалыптастыру орталығының баспасөз қызметі.

