Жақында аймақтық және республикалық бұқаралық ақпарат құралдары Май ауданындағы орталық аурухана ғимаратының шаруашылық бөлігінің іргетасында жарықтар пайда болып, нысанның апатты жағдайда тұрғанын жарыса айтқан болатын. Осы оқиғаның себеп-салдарын анықтау мақсатында облыста арнайы комиссия құрылып, мән-жайды бағамдап қайтқан екен. Кеше аталған мәселеге байланысты түсініктеме беру мақсатында облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Ардақ Күзеков пен Май ауданындағы орталық аурухананың бас дәрігері Байболат Қазбеков журналистермен баспасөз мәслихатын өткізді.
Ардақ Күзековтің айтуынша, Май ауданындағы орталық аурухананың шаруашылық бөлігіндегі апатты жағдай үстіміздегі жылдың 1 сәуірі күні байқалған. Нақтырақ айтсақ, аталмыш ғимараттың іргетасының отыруы салдарынан ішкі қалқа бөлігіне жарықтар мен сызаттар түсе бастаған. Айта кетерлігі, осыдан тура бір жарым жыл бұрын тұрғындар игілігіне пайдалануға берілген жаңа нысан құрылысында бұған дейін ешбір кінәрат табылмаған екен.
Май ауданындағы орталық аурухананың бас дәрігері Байболат Қазбековтің сөзіне қарағанда, апатты жағдайда тұрған шағын ғимарат ауруханадан бөлек әрі жеке мәйітхана ретінде салынғандықтан, онда әзірге адамдар жұмыс істемейді. Ал аудандағы мәйіттер облыс орталығындағы мәйітханаға жіберіліп отырады екен. Сондықтан да, аурухананың шаруашылық бөлігіндегі жағдай науқастарға және тұрғындарға еш зиянын тигізбейтін көрінеді.
Аталған мәселеге байланысты 2011 жылдың 8 сәуірі күні Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің мамандары, азаматтық қорғаныс және апатты жағдайлардың алдын алу жөніндегі ұйым, облыстық денсаулық сақтау басқармасы, аудандық әкімдіктің қызметкерлері, сондай-ақ, осы аурухана ғимаратын салған «Ақмола-Қапшағай-Құрылыс» ЖШС бас мердігері өкілінің қатысуымен құралған арнайы комиссия тексеру жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде, тексеру комиссиясы ғимараттың астыңғы бөлігін су басқанын және басқа да себептерді анықтаған. Алайда, жертөлені не себепті су басқаны белгісіз. Осыған байланысты көп кешікпей тәуелсіз техникалық сараптама жүргізу жұмыстары жоспарланып отыр. Сараптама нәтижесі мердігер компанияны кінәлі деп тапса, 10 жылға берілген кепілдік құжатына сәйкес ғимаратқа үстіміздегі жылдың маусым айының ортасына дейін қайтадан жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Қазіргі таңда аудандық ауруханада халыққа медициналық көмек көрсету шаралары алаңсыз жалғасуда. Себебі, аурухананың үш қабатты бас ғимараты апатты жағдайдан дін аман.
Н.ШОДЫР.

