Жасыратыны жоқ, кеудедегі жұдырықтай ғана жүректің жұмысын әрдайым сезе бермейміз. Ол адам ағзасында өмір бойы қан айналымын қамтамасыз етіп, бірде-бір секундқа тоқтамайды. Тек кейде қобалжыған немесе қатты қуанған сәттерде жүректің кеудеден «атып» шығардай күйде болатынын жақсы сеземіз. Бұл негізі қалыпты жағдай. Ал ешбір көңіл-күйге байланыссыз, ешбір себепсіз жүрек лүпілінің қалыпты ырғағынан бұзылуы, яғни тым жиі немесе сирек соғуы, кейде тіпті тоқтап қалғандай күй кештіруі әркімді де ойландырары анық. Мұндай жағдайда ойланып қана қоймай, уақыт оздырмай дәрігердің көмегіне жүгінген абзал. Жүректің қалыпты ырғағының бұзылуы деген не? Оған не себеп? Міне, осы сауалдарға Павлодар облысының штаттан тыс бас кардиологы, Павлодар қалалық №№2 ауруханасы кардиология бөлімшесінің меңгерушісі Әнуар Мұратұлы Мусин жауап береді.
- Әнуар Мұратұлы, жүрек лүпілінің бұзылуы жайында айтып берсеңіз.
- Жүрек лүпілі ырғағының бұзылуы, медицина тілімен айтсақ, аритмия жүректің жиырылуын қамтамасыз ететін электрлік импульстің бағытынан жаңылуы кезінде орын алады. Нәтижесінде, жүрек тым тез немесе тым баяу соғады, біржүйеліктен, бірырғақтылықтан жаңылады. Жүректің жиырылуының уақыт бойынша арасы қалыпты жағдайдан ауытқиды. Жүрек негізгі 4 қуыстан тұрады. Оның оң және сол жағында үстінде жүрек құлақтары болса, төменгі тұсында қалташықтары болады. Жүрек жиырылған кезде жіңішке бұлшықетті камералар жиырылады, осылайша қалташықтарды қанмен толтырады. Синустық түйін, яғни оң жақ жүрек құлағындағы жасушалардың тобы электрлік импульс жіберген кезде жүректің екі құлағы да жиырылады. Одан кейін импульс жүректің қақ ортасында, яғни құлақтар мен қалташықтардың арасында орналасқан атрио-вентрикулярлық түйінге қарай ойысады. Дәл осы түйіннен шыққан импульс қалташықтарға өтеді. Осының нәтижесінде қалташықтар жиырылып, жүрек қанды сыртқа итеріп шығарады да, ағзаның өзге мүшелеріне жөнелтеді. Сау жүректе бұл үрдіс бірқалыпты әрі тұрақты түрде болады. Жайлы көңіл-күй кезінде жүректің жиырылу жиілігі минутына 60-70 рет болады. Егер одан жоғары немесе төмен болса, жүрек лүпілі жүрісінен жаңылды деген сөз. Ал сәбилерде жүрек соғысы ересектерге қарағанда жиірек болады. Бұл да қалыпты жағдай. Есейе келе ол біраз төмендейді. Мәселен, бала ана құрсағында болғанда оның жүрек лүпілі минутына 140 рет болады.
- Енді аритмияның негізгі белгілеріне тоқталсаңыз...
- Аритмияның белгілері кейде тіптен білінбеуі мүмкін. Дәрігерлер белгілер байқалмаса да, кәдімгі диспансерлік тексеру барысында сырқатты анықтай алады. Дегенмен, жүрек лүпілінің бұзылуынан «сыр беретін» айқын өзгерістер де жоқ емес. Мәселен, адам жүрек соғысын анық сезінуі, кеудеде қандай да бір өзгерістің пайда болғанын аңғаруы мүмкін. Жүрек лүпілі өте жиі немесе тым баяу болады. Кеудеде ауырсынулар сезіледі. Кей жағдайда ентікпе пайда болады. Адамның басы айналып, есінен танып қалу жағдайлары да орын алуы әбден мүмкін. Аритмияның мұндай сәттерін сезінген адамдардың барлығы жүректің ауыр сырқатына шалдықты дегенді білдірмейді. Алайда, кейде аритмия ешбір белгі бермей, өмірге қауіп төндіруі мүмкін екенін естен шығармаған дұрыс. Кейде жүрек лүпілінің бұзылуы оған қатыссыз сырқаттардан сыр беруі ықтимал. Мысалы, қалқанша безі жұмысының жоғарылауы жүрек соғысының қалыпты жағдайдан ауытқуына әкелуі мүмкін. Жүрек қалташықтарының тахикардиясы (жүректің тез соғуы) бәрінен де қауіпті келеді. Брадикардияның (жүректің баяу соғуы) да қаупі аз емес. Ал аритмияның «өз ісін» астыртын түрде, еш сездірмей, жүзеге асыруы тіптен қауіпті.
- Жүрек ырғағының қалыпты жағдайдан ауытқуына не себеп?
- Аритмия жүректің органикалық зақымдалуы (миокард инфаркты, жүрек ауытқушылықтары және т.б.) кезінде ғана орын алмайды. Жүректің қалыптан тыс соғуы вегетативтік жүйке жүйесі (қанның жүруін, дем алуды, бездердің жұмысын және т.б. басқаратын жүйкелер жүйесі) қызметінің бұзылуы, ағзадағы су-тұз балансының өзгеруі, улану оқиғалары кезінде де байқалады. Аритмия белгілері сап-сау адамның өзінде қатты шаршау, суық тиіп ауыру кезінде, алкогольдік ішімдік ішкеннен кейін де сезілуі мүмкін. Дегенмен, бұл сырқатқа жетелейтін себептер де жоқ емес. Жүрек сырқаттары, жоғары артериалдық қысым, қант диабеті ауруы, шылым шегуге, алкогольдік ішімдікке және кофеинге әуестік, кейбір дәрі-дәрмекті шамадан тыс пайдалану, күйзеліс сияқты себептер дәл осы аритмияның пайда болуына және дамуына жиі жетелейді. Жүрек аритмиясының дамуына әкелетін қауіп факторларына жас ерекшелігі де жатады. Өйткені адамның жасы ұлғая келе жүрек бұлшықеттері әлсірей бастайды, сөйтіп өзінің қорегінің біразынан айырылады. Бұл өз кезегінде электрлік импульстардың қалыптасуына және өтуіне кері ықпал етуі мүмкін. Сонымен бірге, жүректің туа біткен ақаулары бар жандарда аритмия жиі кездеседі. Жүректің ишемиялық сырқаттары, одан өзге де жүрек аурулары, ашық жүрекке жасалған операциялар да кеудедегі лүпілдің қалыпты жағдайдан жаңылуына қауіп төндіруі ықтимал. Қалқанша бездің аурулары да қауіп факторы қатарынан табылады. Семіру, шамадан тыс салмаққа тап болу да аритмияға жетелейтін қауіп екенін ескеру қажет. Тағы бір айта кетерлігі, жүректегі электрлік импульсті қалыптастыру, ұстап тұру және өткізу негізін құрайтын калий, магний, натрий және кальций сияқты электролиттердің қандағы концентрациясының тым жоғары немесе төмен болуы да жүрек аритмиясының дамуына соқтырады. Дегенмен, медициналық технологиялардың қарқынды дамуы бұл сырқатпен күресудің, оны бақылап, адамды осы аурудан арылтудың сан түрлі тәсілдерін қолданысқа енгізуде. Ал аурудың алдын алу үшін бастысы салауатты өмір салтын ұстану керек екенін ешкім естен шығармаса демекпін.
Әңгімелескен: Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

