МЕТАДОН ДӘРІСІ

ЖИТС инфекциясының ине арқылы жұғуын тежейді
Қазіргі таңда елімізде ЖИТС (жұқтырылған иммунитет тапшылығының синдромы, СПИД), АИТВ (адамның иммунитет тапшылығының вирусы, ВИЧ) індетін жұқтырғандарды емдеу шаралары жүйелі түрде қолға алынуда. Ғалымдар дүниежүзін шарпыған бұл қос дерттің түп тамыры бір екенін және оны толық емдеп жазу мүмкін еместігін алға тартады. Бірақ, заман көшінен қалмай, дамып келе жатқан медицина саласында ЖИТС, АИТВ инфекциясының көбеюіне тосқауыл болатын, сондай-ақ, онымен ауырғандардың өмірін ұзартатын дәрі-дәрмектер де аз емес. Өкініштісі, ғасыр індетіне шалдығатындардың көбін нашақорлар құрайды екен. Себебі, аталған инфекция көбінесе қайталап қолданылған шприц инесінен, мүшеқапсыз жасалынған төсек қатынасынан жұғатын көрінеді. Ал мамандар ЖИТС, АИТВ инфекциясын жұқтырған нашақорларды емдеу үрдісінің оңай еместігін айтады. Осыған орай, 2008 жылдың 28-ші қазанында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен ЖИТС-ке қарсы күрес жөніндегі бүкіләлемдік жаһандық қордың ұйғаруымен пилоттық жоба шеңберінде республика бойынша Павлодар және Теміртау қаласында «алмастырушы метадон терапиясын» қолдану тәсілі жүзеге асады. Елімізде тұңғыш рет қолға алынған емдеу тәсіліне алғашқыда қос қаладан ЖИТС-ке шалдыққан 50 нашақор адам таңдап алынады. Міне, содан бері осы тәсілмен Павлодар облысында 95 науқас емделген. Қазіргі күні 46 адам емделуде, олардың  27-і АИТВ індетін жұқтырғандар.

Облыстық ЖИТС-ке қарсы күрес орталығының бас дәрігерінің орынбасары Бақыт Жанахметованың айтуынша, «алмастырушы метадон терапиясы» дегеніміз - нашақор адамдарды есірткі орнына берілетін сұйық затпен емдеу. Бұл дәріні қабылдаған адам ағзасы бір тәулік бойы есірткіні қажет етпейді. «Метадон сұйықтығы есiрткiнi шприц арқылы инемен қабылдайтындарға күніне бір рет берiледі. Алдымен дәрігерлер нашақордың есірткіге тәуелдiлiк деңгейiн анықтап, содан кейін ғана қажетті дозаны тағайындайды. Емделуші күн сайын таңертең наркодиспансерге келiп, мамандардың бақылауы бойынша аталған дәріні қабылдайды. Оның әсерi әбден басылған соң үйіне кете бередi. Бұл дәріні қабылдаған адамдардың тісіне әсер етуі мүмкін. Әзірге одан басқа  нақты қарсы көрсетілімдері анықталмаған. Облысымызда осы сұйық дәріні ішіп, адам қатарына қосылған нашақор-лардың қазіргі жағдайы жақсы. Тіпті, олардың арасында есірткіден  бас тартып, еңбек етіп, үйлі-баранды болып жатқандар да баршылық. Енді есірткі заттарын жасырын сатып алып, қыруар қаржысын жұмсайтындар оның орнын алмастыратын метадон дәрісін ешкімнен жасырмай, ашық әрі тегін қабылдап, өмірлерін жақсарта алады», - дейді Бақыт Жанахметова.
Осы дәріні қабылдаған Анжелика есімді емделуші: «Мен алғаш рет 16 жасымда есірткінің дәмін татып көрдім. Одан құтыла алмай, 18 жыл бойы азап шектім. Ал қазір метадон дәрісінің көмегімен нашақорлықтан әбден айықтым. Әрине, ұзақ уақыт бойы қор болған өмірім үшін өкінемін. Бірақ, бүгінгі күні өткен қателіктерімді түзетіп, жаңа өмірге қайтадан қадам басқандаймын. Менің емделуіме қолұшын берген барлық жанға айтар алғысым шексіз», - дейді.  
Негізінен, метадон - құрамында наша тектес элементтер бар дәрі. Сондай-ақ, оның әсерi есiрткiнiң ең күштi түрi саналатын героин мен апиыннан кем емес. Алайда, аталмыш сұйықты белгіленген дозадан артық қабылдаса, оның соңы бақытсыз жағдайға әкелуi де мүмкiн. Бiрақ, мамандардың пікірінше, бұл дәрі кез-келген орындарда сатылмайды. Тек арнайы тапсырыс арқылы ғана әкелінеді. Сондықтан мамандар орынсыз алаңдаудың қажеті жоқ екенін айтады.
Статистикалық мәліметтер бойынша, елімізде ЖИТС, АИТВ індетін жұқтырғандардың 50 пайыздан астамын инемен есiрткi қабылдаушылар құрайды  екен. Облыстық ЖИТС-ке қарсы күрес орталығының дәрігерлері аталмыш технологияны қолдану арқылы дауасы жоқ инфекциясының таралуын тежеуге болатынын алға тартады. Сонымен қатар, «алмастырушы метадон терапиясын» қолдану арқылы нашақорлар арасында көп кездесетін қылмыстық әрекеттердің алдын алуға да болады. Мәселен, статистика мәліметтері 2009 жылы орын алған аса ауыр қылмыстардың шамамен 35–40 пайызын есiрткiге елiтiп алған азаматтардың жасағанын анықтаса, дәрігерлер енді бұл көрсеткіштің азаятынына сенімді. Себебі, мұндай қылмысқа көбінесе есірткі сатып              алуға ақшасы жоқ нашақорлар барады екен. Ал әсері есірткімен бірдей әрі тегін метадон дәрісін қабылдаған нашақорлар ұрлық жасау, тонау секілді қылмыстық әрекеттерден бойын аулақ ұстайтыны белгілі.
Арнайы зерттеулер бойынша бір нашақор адам жыл сайын кем дегенде 25 сау адамның тағдырын бүлдіріп, нашақорлар қатарын толықтырады екен. Өйткені, сөз басында айтып өткендей, олар ортақ шприц инелерін пайдаланғандықтан, жұқпалы індет инфекциясы қан арқылы денеге тарайды. Ал метадон сұйықтығын ауызбен ғана ішу арқылы қабылдайтындықтан ол өзгелерге зиянсыз.  
Бір қызығы, бүгінде бұл жаңа тәсілдің Қазақстанда қолданысқа енгiзiлуiне қарсы               пiкiр айтушылар да бар көрінеді. Облыстық ЖИТС-ке қарсы күрес орталығының дәрігерлері жаңа технологияның оң нәтижесіне көз жеткізбей, сондай-ақ, метадонмен емделіп жүрген адамдардың ой-пікірімен санаспай жатып, осы тәсілге қарсылық танытқандардың бұл әрекеті жөн еместігін айтады.
Жалпы, ЖИТС-ке қарсы күрес орталығында аяғын шалыс басқан нашақор жандарды адам қатарына қосу мақсатында толағай жұмыстар атқарылуда. Аталмыш мекеменің психотерапевт дәрігері Ирина Тотинаның айтуынша, мұнда әрбір адамның психологиялық жағдайына байланысты жеке дара жұмыстар жүргізіліп, кеңестер беріледі. «Біздің басты мақсатымыз – адамдарды дұрыс өмір  сүруге насихаттау. Және де тағдыр тәлкегіне тап болып, адамшылықтан безген жандарға көмек көрсету. Осы бағытта ауқымды шаралар қолға алынуда. Соның бірі – нашақор адамдарды «алмастырушы  метадон терапиясымен» емдеу. Аталған технологиямен 27 нашақор емделсе, қазір оның 12-і нашақорлық дертінен біржола айықты. Олар үшін бұл тәсіл өте сәтті болды деп ойлаймын. Себебі, бүгінгі күні аталған 12 адамның ешқайсысы есірткі заттарын пайдаланбайды және ағзалары талап етпейді. Жалпы, адамзатты нашақорлықтан құтқару - баршаға ортақ міндет. Сол үшін біз әрбір оқу орындарына, елді мекендерге барып, ақпараттық кеңес жұмыстарын  үзбей жүргізіп тұрамыз. Тұрғындарды осындай жұқпалы індеттен сақтау үшін  түрлі ақпараттық кітапшалар, буклеттер таратылады. Мұнда есірткіге тәуелді болғандарға бойындағы дертін өзгелерге жұқтырмас үшін тегін шприцтар мен басқа да қажетті заттар беріліп тұрады. Өз денсаулығының қауіпсіздігі үшін бізден көмек сұраған әр жанға ақысыз қызмет көрсетіп, қолұшымызды беруге әзірміз», - дейді Ирина Тотина.


Павлодар облыстық ЖИТС-ке қарсы күрес орталығының
 материалдары бойынша әзірлеген: Н.ШОДЫР.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Мамыр 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31