Павлодар қалалық №2 аурухананың бас дәрігері Ораз Мұқашев
Павлодар облысы ішкі саясат басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы Аналитикалық ақпарат орталығына қарасты «Сарыарқа самалы», «Звезда Прииртышья» облыстық газеттері мен Павлодар қалалық №2 аурухана бірлесіп, «Денсаулық+» эксклюзивті жобасын қолға алған болатын. Жобаның басты мақсаты – кәсіби біліктілігі жоғары мамандардың кеңесін бере отырып, жүрек қан тамырлары ауруларының алдын алу. Бүгінде бір жылға жуық уақыт бойы үздіксіз жалғасып келе жатқан аталмыш жоба оқырмандар көңілінен шығып, жоғары бағаға ие болуда.
Сейсенбі күні көпшілік арасында қызығушылық тудырған «Денсаулық+» эксклюзивті жобасы шеңберінде ақпараттық «Аймақ айнасы» (aimak-ainasy.kz) порталында оқырмандар үшін «Жүрек ауруларын емдеу және алдын алу» деген тақырыпта интернет-конференция өтті. Оған Павлодар қалалық №2 аурухананың бас дәрігері Ораз Сәрсенғалиұлы Мұқашев және кардиология бөлімшесінің меңгерушісі Әнуар Маратұлы Мусин қатысып, оқырмандар сауалына онлайн режимінде жауап берді.
«Аймақ айнасы» порталының жүгіртпе жолында хабарлағанымыздай, интернет–конференцияның жазбаша нұсқасын оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.
СӘБИТ:
- Мен Ақсу қаласының тұрғынымын. Жасым 30-да. Қазір шашым түсіп, анда-санда жүрегім шаншып ауырады. Осындай жағдайда не істеу керек? Жалпы, сіздердің ауруханаларыңызға барып, емделуге бола ма?
Жауап:
- Бұл азамат алдымен өзінің тұрғылықты мекенжайы бойынша терапевт дәрігерге барып, медициналық тексеруден өткені жөн. Негізінен, шаштың түсуіне темір жетіспеушілігінің анемиясы себеп болады. Ал дәрігерлік сараптамадан кейін жүрегінде ақау бар екендігі анықталса, қолұшымызды беруге әзірміз.
ОЛЕГ:
- Сіздердің мамандарыңыздың біліктілік деңгейін арттыру үшін қандай шаралар қолға алынуда?
Жауап:
- Біздің барлық мамандарымыз бес жылда бір рет міндетті түрде кәсіби біліктілігін жетілдіріп отырады. Сонымен қатар, Израиль, Франция, Бельгия, Ресей сынды шет мемлекеттерге барып, тәжірибе алмасып келген дәрігерлеріміз аз емес. Және де өзімізге шетелдік білікті мамандарды шақыртып, шеберлік сыныптарын ұйымдастырып тұруды дәстүрге айналдырғанбыз.
АЙДАНА:
- Мен жиі ашуланамын. Бұл - табиғатымнан қалыптасқан мінез-құлық. Мұның жүрекке әсері бар ма?
Жауап:
- Бізге сауал жолдаған оқырман табиғатынан ашуланшақ болса, оның түрлі себептері болуы мүмкін. Бірақ, бұл құбылыс жүрекке соншалықты әсер ете қоймайды. Десе де, сабырлылық пен байсалды мінездің денсаулыққа тигізер жақсы ықпалы көп.
ДАНА:
- «Сарыарқа самалы» газетіндегі «Денсаулық+» жобасында №2 қалалық ауруханада науқастарға коронарография тегін жасалады деп жазылған болатын. Осы мүмкіндікті пайдалану үшін не істеу керек?
Жауап:
- Иә, біздің ауруханада науқастарға коронарография тегін жасалады. Ол үшін адам алдымен жергілікті дәрігерге барып, қаралуы керек. Содан кейін ғана дәрігер шешімімен госпитализация бюросының порталына тіркеліп, кезегі келген сәтте біздің ауруханада коронарография жасата алады.
АМАНТАЙ:
- Менің жолдасым өткен жылы қатты ауырып, №2 ауруханада коронарография жасатқаннан кейін тәуір болып кеткен еді. Ал биыл оның денсаулығы қайтадан сыр беріп жүр. Екінші рет тегін коронарография жасатуға бола ма?
Жауап:
- Әрине, екінші рет тағы да коронарография жасатуға болады. Айта кетерлігі, біздің ауруханада барлық науқасқа коронарография тегін жасалады. Осы мақсатта бюджеттен арнайы қаражат бөлінеді. Халық денсаулығы үшін мемлекет зор мүмкіндік жасап отырғанын оқырмандардың түсіне білгені жөн.
ЛӘЙЛӘ:
- №2 аурухананың кардио-хирургиялық бөлімшесінде балалар арасындағы жүрек ауруларын емдей ме? Егер, емдейтін болса, қызмет көрсету ақылы ма?
Жауап:
- Өкінішке қарай, қазір біздің облыста балалар арасындағы жүрек ауруларын емдемейді. Бірақ, аймағымызда балаларға арналған жүрек дәрігері, яғни кардиологтар қызмет етеді. Әзірге балалардың кардиохирургі жоқ. Сондықтан, жүрегі ауыратын балғындарды мамандардың ұйғарымымен Астана қаласына апару керек. Астанада балалар жүрегін емдеуге мол мүмкіндік бар.
МАҚСАТ:
- Науқастар №2 ауруханаға тек госпитализациялау арқылы ғана жатады деп естідім. Осы үрдіс туралы толығырақ білгім келеді?
Жауап:
- Тұрғындар осы үрдісті әлі де түсіне алмай жүр. Негізінен, госпитализация бюросы - бұл интернеттегі сайт деуге болады. Қазір елімізде жаппай госпитализация бюросының порталы енгізілді. Ол қарапайым халық үшін де, дәрігерлер қауымы үшін де тиімді. Себебі, дәрігер интернет арқылы өзі қабылдаған науқасты кезекке қойып отырады. Тіпті, қай ауруханада бос орын барын да біле алады. Демек, алыстағы ағайындар облыс орталығына алдын ала келіп, кезек күтпейді. Порталда белгіленген күні ғана келіп, өздеріне берілген нөмірмен тиесілі орынға еш кедергісіз жайғаса алады. Сондықтан, біздің ауруханаға жатып емделгісі келетін науқастар да ең бірінші өз дәрігеріне қаралып, медициналық сараптаманың қорытындысымен госпитализация бюросының порталына тіркеледі. Кезегі келген соң, бізде емделе алады.
АНАР:
- Мен Астанада тұрамын. Қазір демалысқа шығып, Павлодар қаласына келген болатынмын. Екі күн болды, жүрегіме шаншу қадала береді. Қайда хабарласуым керек? Әлде, осы ауруды басатын дәрі бар ма, бар болса атауын айтыңыздаршы?
Жауап:
- Сіз бірден жедел жәрдем шақыртуыңыз керек. Содан кейін сізді дәрігерлер қарап, біздің ауруханаға әкелетін болса, тиісті көмек көрсетеміз.
САЯ:
- Менің әкем осыдан он жыл бұрын инсульт алған болатын. Соңғы кездері қан қысымы жиі көтеріліп, жүрегі талықсып кететін болып жүр. Екпе салып, мұрнына жүрекке арналған дәрілерді иіскетіп, әзер есін жиғызып аламыз. Оған не істеу керек?
Жауап:
- Мұндай адамды міндетті түрде дәрігерге көрсетіп, қан қысымын түсіретін дәрілер беру қажет. Сондай-ақ, коронарография жасатқан жөн. Бұл тәсіл науқастың жүрек қан тамырларын кеңейтіп, тазалайды, қан жүруін жақсартады. Осыдан кейін науқастың жағдайы жақсаруы мүмкін.
ЖІБЕК:
- №2 ауруханада жүрек талмасын емдетуге бола ма? Егер, емделетін болса, ол тегін бе?
Жауап:
- Әрине, біздің ауруханада жүрек талмасын емдеуге болады. Бірақ, науқас алдымен өзінің тұрғылықты мекенжайы бойынша орналасқан ауруханаға барып, тексерілгені жөн. Өйткені, жүрек талмасының себептері әртүрлі. Мәселен, лепсі (зоб) ауруымен ауырған науқастар да осындай жағдайға жиі тап болады. Сонымен қатар, біздің ауруханада жүрек ауруларын тегін емдейді.
ЗҮБӘЙРА:
- Мен Баянауыл ауданының тұрғынымын. Жасым 78-де. Жүрегім жиі қысып, дірілдеп ауырады. Қан қысымым да тұрақсыз. Осы аурудың дауасы бар ма?
Жауап:
- Қазір Баянауыл ауданында біздің мекемеден тәжірибеден өткен білікті кардиолог маман жұмыс істейді. Бізге сауал жолдап отырған апайымыз бірден соған барып, қаралғаны дұрыс. Сонымен қатар, қазір шалғайдағы халық үшін интернет ЭКГ қызмет көрсетеді. Дәрігер науқастың ЭКГ қорытындысын бізге жіберсе, диагнозына байланысты сырқаттанған жанға көмек қолын созудан аянбаймыз.
ЯНА:
- Жақын арада жас мамандар үшін қандай шеберлік сыныптарын өткізу жоспарларыңызда бар?
Жауап:
- Үстіміздегі жылдың төртінші тоқсанында Латвияның кардиохирургтары келетіні жөнінде келісім жасалды. Сондай-ақ, өзге де шетелдік дәрігерлермен сөйлесіп көреміз.
ЖОЛДЫБАЙ:
- Ұзақ жылдар бойы жүк көлігінің жүргізушісі болдым. Бәлкім, сонда суық тиген болар, қазір арқам, екі иығым құрысып ауырып, кеш болса аяқ-қолым қақсайды. Осыған не істеу керек?
Жауап:
- Сіз алдымен невропатолог маманға қаралып, емделгеніңіз жөн. Содан кейін жүрегіңіз мазаласа, қызмет көрсетуге әзірміз.
НҰРДӘУЛЕТ:
- Павлодар қаласындағы №2 аурухана жүрек ауруларын емдеуде мол мүмкіндіктерге ие екенін баспасөз беттері арқылы оқып, білдім. Болашақта біздің өңірімізде жүрек ауыстыру операциясын жасау мүмкін бе?
Жауап:
- Жүрек ауыстыру - өте күрделі операция. Әзірше оған дайын емеспіз әрі біздің облыста мұндай операция жасайтын орталық ашудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Себебі, ол үшін үлкен кардио-хирургиялық институт, сондай-ақ, донор болуы керек. Оған қоса, бұл операцияның құны шамамен 60-70 миллион теңге тұрады. Мұндай операцияны болашақта Астанада ғана істесе, Қазақстан халқына жеткілікті. Қуантарлығы, жуырда Астанадағы ұлттық медициналық орталықта науқасқа жасанды жүрек насосын қойды. Түсіне білген адамға мұның өзі - зор жетістік.
АРМАН:
- Мен ұйықтағанда қатты қорылдаймын. Бұл жүрек ауруының белгісі емес пе?
Жауап:
- Көбінесе толық адамдар қорылдап ұйықтайды. Сол үшін ондай жандар денені артық салмақтан арылту керек. Адам тым артық салмақтың салдарынан да түрлі ауруларға шалдығады. Сондықтан, оның жүрекке әсері болуы да ықтимал.
Н.ШОДЫР.
Интернет-конференция барысында оқырмандардан отыздан астам сауал келіп түсті. Павлодар қалалық №2 аурухананың бас дәрігері Ораз Мұқашев пен кардиология бөлімшесінің меңгерушісі Әнуар Мусин барлық сауалға толық жауап берді. Сауал жолдаған оқырмандардың басым бөлігі өз денсаулығына байланысты ақыл-кеңес алды.
Атап өтерлігі, интернет-конференция өткізілген «Аймақ айнасы» порталына республикамыздың он төрт облысы мен Қытай, АҚШ (Массачусетс штаты), Беларусь және Ресей елдерінің азаматтары да кіріп, жауаптарға қанықты. Сондай-ақ, бұл шараға қатысушылардың 56 пайызы - ер, ал 44 пайызы - әйел азаматтар. Олардың арасында 12-17 жастағылар (12%), 18-24 жастағылар (20%), 25-34 жастағылар (28%), 35-44 жастағылар (12%), ал 45-54 жастағылар (16%) құрады.
Интернет-конференция соңында сөз алған Ораз Мұқашев: «Халықтың денсаулығын жақсарту – баршаға ортақ міндет. Сондықтан, оқырман қауым қазіргі медицинаның заманауи жетістіктері мен жүрек ауруларын емдеу мүмкіндіктері жайында білуі тиіс. Осы мақсатты көздеген интернет-конференцияның берері мол», - деді.
Көпшілік үшін қолға алынған мұндай игі бастама болашақта да жалғасын табатын болады.

