Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен болған баспасөзде осындай мәлімет берілді
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің директоры Гүлфаз Аубанова бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен болған баспасөз мәслихатында бірінші жартыжылдықтағы жұмыстар жайлы мәлімдеп, алдағы жоспарлармен таныстырды.
«Жалпы, біздің құрылым өз жұмысын 2009 жылдың қараша айынан бастады. Бұрын фармацевтикалық қызметті бақылайтын комитет жеке, ал медициналық қызметті бақылайтын комитет жеке болатын. Енді қазір екі комитет бірігіп жұмыс атқаруда. Бақылау комитеті үш бағыт бойынша қызмет жасайды: біріншісі – бақылау, ол жоспарға сәйкес және жоспардан тыс өтеді. Бірақ, осы жылы жоспарлы тексерістер жүргізілген жоқ. Себеп – бекітілген қағаздардың болмауы. Дегенмен, жоспарда жоқ тексеріс барысында 393 фармацевтикалық және 102 емдеу-фармацевтикалық мекемелердің жұмыс барысымен таныстық. 27 дәріхана мен 4 емдеу-сауықтыру орындарының дәрімен қамтамасыз етілуі қарастырылды»,-деді Г.Аубанова.
Үш әкімшілік хаттама жасалынды. Алғашқысы - мектеп-интернатта гладопередол дәрісімен улану жағдайы. Осы олқылық үшін 141 мың 300 теңге айыппұл салынды. Екіншісі – Павлодар көлік прокуратурасының көмегімен «Пассажирские перевозки» АҚ-да сақтау мерзімі өтіп кеткен дәрілер бар екені анықталды. Аталмыш акционерлік қоғам мұндай кемшіліктер үшін 1 млн. 413 мың теңге төледі. Осындай жағдай «Пром сервис» ЖШС-де де байқалды. Бұл серіктестікке 141 мың 300 теңге мөлшерінде айыппұл салынды.
Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті өлім жағдайына себепкер болған 642 істі қарастырды. Осының нәтижесінде ауруханалар жалпы сомасы 2 млн. 349 мыңды құрайтын айыппұл төледі. Өткен жылы осы көрсеткіш 320 мың болған болатын. Бірқатар кемшіліктер, дұрыс емдемеу, диагнозды дұрыс қоймау және т.б олқылықтар салдарынан Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық аурухана – 514 мың теңге, Май ауданның ауруханасы – 240 мың теңге, Ақсу қалалық ауруханасы – 395 мың теңге және онкологиялық ауруларды емдеу ауруханасы – 1 млн. 200 мың теңге шығынға ұшырады. Мұндай тексерістерді республикамыздың әр түрлі аймақтарынан келген жоғары білімді дәрігер-мамандар жүргізді.
Екінші жұмыс бағыты – бір жүйеге келтіру. Бұл бағыттта департамент лицензия, классификацияларды береді. Алғашқы жартыжылдықта медициналық қызмет көрсету саласы бойынша 27 өтініш түскен. Оның екеуі құпталмады. Ал қалған 25 өтініш білдіруші жұмыстарын жалғастырды.
Үшінші бағыт – мемлекеттік саясатты жүзеге асыру. Үстіміздегі жылдан бастап денсаулық сақтаудың ұлттық бірыңғай жүйесі енгізілді. Осы бағдарламаға сәйкес бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің директоры Гүлфаз Кенжетайқызы: «Тұрғындар арасында әр уақытта сауалнама жұмыстары жүргізіліп отырады»,-деп мәлімдеді. Наурыз және маусым айларында сауалнама өткізілді. Өткен жылы медициналық көмек көрсету сапасы 73 пайыз болса, осы жылы 32 пайыздық көрсеткішті құрап отырғандығы анықталды. Терапевтердің қызмет көрстеулеріне 47% тұрғын наразылықтарын білдірсе, балалар дәрігерлерінің жұмысына 17% тұрғын көңіл толмайтындықтарын байқатқан. Ауруханада емделу мүмкіндігі наурыз айында 89%, маусымда 91%, дәрігерлер жұмысына наурызда 96%, маусымда 93% сауалнамаға қатысушылар жақсы баға берді. Емделу кезінде өз қаржыларынан тегін дәрілерді сатып алған емделушілер саны алғашқы сұрау кезінде 3%-ды көрсетсе, екінші сауалнама барысында 5%-ға жеткен. «Жалпы, мұндай сауалнама жұмыстарының берері мол. Ол арқылы біз қоғамдағы адамдардың ойларын, талап-тілектерін біле аламыз»,-дейді департамент директоры.
Алдағы уақытта да медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің облыстық департаменті тексеріс жұмыстарын жалғастырмақ. Кездескен олқылықтарға да тиісті шаралар қолданады.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА,
С.Торайғыров атындағы ПМУ студенті.

